Барша қазақстандыққа тамаша сый

«Нұр Отан» партиясы  Төрағасының бірінші орынбасары  Мұхтар Құл-Мұхаммедтің   үндеуі

Ұлттық банкноттарда сол елдің негізін қалаған дара тұлғалардың, тұңғыш президенттер мен көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бейнеленуі әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған үрдіс. Әсіресе, бұл мемлекеттердің қалыптасуы мен даму тарихында маңызды рөл атқарған басшыларға ерекше қатысты. Әлем тарихында бұған мысал болатын деректер өте көп. Мәселен, АҚШ долларында осы елдің тұңғыш президенті Джордж Вашингтонмен бірге сол мемлекетті басқарған Авраам Линкольн, Томас Джефферсон, Эндрю Джексон және Улисс Гранттың портреттері бейнеленген. Сондай-ақ, өткен жылы Сингапур Республикасының тұңғыш премьер-министрі, ұлы реформатор Ли Куан Юдың бейнесімен жаңа Сингапур дол лары жарыққа шықты. Бір ай бұрын ғана Ұлыбританияның көрнекті премьер-министрі Уинстон Черчилльдің портретімен жаңа ағылшын фунт стерлингі айналымға енді. Сол сияқты түрік лирасында Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік бейнеленсе, Оңтүстік Африка Республикасының банкнотында аты аңызға айналған қайраткер Нельсон Манделаның суреті басылған. Израиль шекелінде де сол елдің тұңғыш президенті Хаим Вейцман мен бірінші премьер-министрі Давид Бен-Гурионнан бастап мемлекеттің ХХ ғасырда өмір сүрген көптеген басшылары бейнеленген. Ал Мексика песосында қазіргі заманғы Мексиканың негізін қалаушы тұлға Дон Бенито Хуарестің портреті басылған. Жалпы мұндай дәстүр Куба, Үндістан, Малайзия, Чехия, Чили, Канада сияқты елдердің де тәжірибесінде бар.
Сондықтан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында біздің де осынау бүкіләлемдік трендке қосылуымызды заңдылық деп санаймын.
Мен Ұлттық банктің Елбасы портретін жаңа қазақстандық банкнотқа бейнелеу туралы шешімін толығымен қолдаймын. Себебі біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаев ешқандай әсірелеусіз тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған, мемлекет қалыптастырушы тұлға болып табылады. Екіншіден, ол – республикамыздың Тұңғыш Президенті. Үшіншіден, бүкіл халық қадірлеген Елбасы. Төртіншіден, ұлттық валютамызды айналымға енгізіп, оған тарихи «теңге» деген атау берген де Нұрсұлтан Әбішұлының өзі болатын. Тәуелсіздік кезіндегі қол жеткізген барлық жетістіктеріміз бен бағындырған биіктеріміз Президентіміздің есімімен тығыз байланысты. Ширек ғасырда Мемлекет басшысы әлемдік аренада қуатты, беделді әрі қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның жарқын символына айналды және Қазақстанның даму жолын көптеген елдер үлгі-өнеге ретінде қабылдады.
Сол себепті, еліміздің 25 жылдық торқалы тойы қарсаңында мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті бейнеленген ұлттық валютаның жарыққа шығуын барша қазақстандықтарға жасалған тамаша сый деп есептеймін. Халқымыздың Елбасының елімізге сіңірген ұлы еңбегіне лайықты құрмет көрсетіп, жаңа бірегей банкнотқа қадірлей қарайтынына сенемін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Cornelia

    Well done to think of soehnmitg like that

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.