Дүниенің тірегі әншілер ме?

Бүгінде теледидарды қоссаңыз жиі көрсетілетін хабардың қандай екендігін білесіз бе? Әрине, білесіз, көгілдір экранды ашып қалсаң, кез келген хабардың соңында міндетті түрде жарқ етіп бір әнші шыға келеді. Әрі ол – көбінесе эстрада әншісі. Тіпті тақырып әнге немесе әншіге қатысты болмаса да, бір бағдарламада әйтеуір бір «жұлдыз» жүреді. Тіпті тек бірыңғай ән мен әншілерге арналған телеарналар да белсенді жұмыс істейді. Басқа арналардай емес, олардың тәулік бойы қызмет көрсететінін қайтесіз? Өмірде сан салалы кәсіп, қаншама мамандық бар. Әр салада толып жатқан талант иелері, дарынды, қабілетті адамдар жетерлік. Бірақ осылардың ішінен біздің әншілерге ерекше көңіл бөлетін себебіміз неде? Неліктен телетілшілер алдымен әншілерден сұхбат алады? Тыңдап қарасаң, күнделікті тіршіліктен бастап қоғам өміріне, саясатқа, ғылымға, педагогикаға, бала тәрбиесіне, тіпті дінге байланысты да түрлі сұрақтарды жаудырып жатқанын көресің. Кейбірі тіпті сөз етуге тұрмайтын ұсақ-түйектер. Мәселен, «Ертеңгісін қандай тамақ ішесіз?», «Гольф ойнайсыз ба?», «Сахнаға киетін киімді қалай дайындайсыз?», «Косметиканың қандай түрін пайдаланасыз?» және т.б. Ал миллиондаған қарапайым бұқара үшін осылардың керегі бар ма? Шығармашылыққа тікелей қатысы жоқ жайларды термелеп кеткеннен телеарна не ұтады?
Одан кейінгі бір мәселе – әншілерге түрлі тамақ жасатып, оларды аспаз етіп қоюымыз. Бұл, сөз жоқ, Ресей арналарынан үйренгеніміз. Өнер адамдарының шынайы өмірде асүйдің шаруашылығына араласып жатуына уақыттары да бола қоймас. Ендеше, әншінің аспаздығы кім үшін керек? Құдай біледі, олардың ұсынған салаттары мен тәттілерінің дәмі қандай екендігін. Тағы да жарнаманың бір түрі.
Оның үстіне қай қазақстандық телеарналарды қарасаң да әншілерге деген құрметтің ерекше екендігі, оларды басқа мамандық иелеріне қарағанда жоғары бағалайтындығы көрініп тұрады. Адам баласының өмір сүруі үшін барлық игілікті жасап жатқан тек қана солар сияқты. Шамасы, телевизия қызметкерлері елдің бәрі тек әншілер үшін өмір сүреді деп ойлайтын болса керек.
Бір-екі мысал. Халықаралық театр күніне арналған хабарға қаны тамған актер немесе режиссер емес, алдымен әнші ретінде танылған өнер иесімен сұхбат берілді. 2010 жылдың 5 наурызы күні «КТК» арнасының жүргізушісі қатысып отырған жас әншіге «Сіз сияқты тұлға» деген сөзді айтып қалды. Ал «тұлға» деген ұғымның қандай жағдайда қолданылатынын кәнігі журналистің білмеуі мүмкін емес. Жас әнші әнді нақышына келтіріп, жақсы шырқай алатын шығар, табиғи дарын бар шығар. Бірақ ол жас әншінің «тұлға», яғни «личность» деңгейіне жеткенінің кепілі емес қой. «Тұлға» деп кімдерді айтатынымызды қазір тәптіштеп жату да шарт емес болар.
Бұдан шығатын қорытынды: телевизия қызметкерлері әншілерден қалың бұқара табынатын культ жасап алған. Сөйтіп, қалың жұртшылықты, өсіп келе жатқан жас өскінді басқа бағытқа ойыстырып отыр.
Әншілерді шектен тыс әспеттеп жібергеніміз сондай – енді олар сол тележүргізушілердің орындарын баса бастады. Әншіге табынып отырған жаңағы жүргізуші бір күні өз орнына эстрада әншісінің келіп отыратынын, сөйтіп, өзінің жұмыссыз қалатынын білмей де қалуы мүмкін. Рас, кейбір сөзді құрап, қиыстырып сөйлей алатын әншілер де кездеседі. Бірақ бүкіл тележүргізушілерді әншілермен ауыстырып тастаудың қажеті бар ма?
Телеарналар мен бағдарламаларды әншілер­мен толтырып тастап, оларға көзсіз табынудың көрермен ұғымын адастыратыны өз алдына, мұндай біржақты түсінік мемлекет қауіпсіздігіне де салқынын тигізеді.
Келесі бір мәселе және негізгісі болса керек, телеэкранның қонағы етіп неге басқа саланың, өзге мамандықтың иелерін шығармасқа? Рас, әншілерден артылып қалған уақыт табылса, ондай мамандық иелеріне де кезек тиіп жатады. Олар­дан кейінгі құрмет, менің пайымдауымша, спортшылар мен актерлерге тиесілі. Оларға да ішінара мамандықтарына қатысы жоқ, өмірдің бас­қа саласы жайында сұрақтар қойылып қалады.
Басқа мамандық иелерін экранға тарту одан кейінгі кезекте. Бірақ оларға дәл эстрада әншілеріне көрсетілетін құрмет көрсетіле ме? Міне, мәселе сонда.
Ал шындығында, қоғам өміріндегі негізгі қозғаушы тұлғалар әншілер емес, ғалымдар мен түрлі мамандық иелері, еңбек адамдары ғой. Біз көзсіз табынып жүрген сол әншілердің өздері пайдаланатын түрлі жабдықтар мен құралдар: автокөліктер, пойыздар мен ұшақтар, «Тайд» порошоктары, ұялы телефондар, компьютерлер, теледидарлар, скайфтар және т.б. ғажайып заттарды ойлап тапқан кімдер? Осындай кереметтерді жасап жатқандар әншілер ме? Ендеше, бұқараның көз алдында болып жатқан сол ғажайып өзгерістерді жасаушы тұлғалармен неге кездеспейміз? Соларды неге жас ұрпаққа үлгі етпейміз? Экраннан неге тек әншілерге табына береміз? Әншілердің басқа адамдардан артықшылықтары көмейлерінен әуезді дыбыс шығар алатындықтарында ғана. Соған бола неге оларды біресе аспаз, біресе жүргізуші, біресе киімнің дизайнері, стилист, енді бірде дінтанушы, әлеуметтанушы етіп қоямыз? Көп­теген тележурналистің түсінігінше, эстрада әншісі – бәрін білуге тиісті энциклопедист немесе ақылы асқан вундеркинд.
Ал шынтуайтына келгенде, олар да – кәдімгі он екі мүшесі бар жұмырбасты пенделер. Әншілерден әлдеқайда терең, әлдеқайда алғыр өз ісінің мамандары, мықты интеллектуалдар бізде жоқ па? Ондай жандардың назарымыздан қағаберіс қала беретіні несі сонда? Әсіресе, жас­тар арасында ғылымға ден қойған, бүкіл саналы өмірлерін жаңалық ашуға жұмсаған жандарды әспеттеу керек емес пе? Әншілерге ғана табынып, олардан басқа ешкімді көрмеу журналист өресінің төмендігінен басқа ештеңе емес.
Бір ғана мысал. Бүгінде мектеп оқушылары Қазақстанды әлемге танытуда өз үлестерін қосуда. Дүниежүзілік жарыстар мен байқауларда жас математиктер мен физиктердің алдыңғы орындарды иелене бастауының өзі – ұлттық мақтанышымыз, қоғамның үлкен жетістігі. Ал егер шынтуайтына келсек, бұқаралық ақпа­рат құралдары ең алдымен қарапайым еңбекшілерді, ғалымдарды насихаттаулары керек емес пе? Ең алдымен, мемлекетіміздің алға дамуына, нығаюына тікелей үлес қосып жүрген басқа мамандық иелерін насихаттауымыз керек қой. Бұл мемлекеттің іргетасының беки түсуіне де тікелей ықпал етпей ме? Ақыл-санаға, имандылыққа қатысты тақырыптарды ысырып тастап, жай жылтылдақ эмоцияны марапаттай беру, турасына келсек, мемлекеттің қауіпсіздігін әлсірету болып табылады.
Бір ауыл мұғалімі: «Жандарбек деген оқу­шым химияға жүйрік еді. Болашақта үлкен ғалым бола ма деп үміттенетінбіз. Бір күні эстрада-цирк колледжіне барамын дейді. Аздап ән салушы еді. Жұрттың алдында жүріп атақты болғысы келіпті. Тамаша ғалым шығар еді ол баладан» деп өкіне әңгімеледі. Мұндай оқиғалар көбейіп барады.
Сөздің қысқасы, жас ұрпақтың қамын ойласақ, әншілерді орынды-орынсыз мақтап, дәріптей беруге сақтықпен қарау керек.

Нұрдәулет Ақыш,
жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.