Мәди әлемі

Жазушы Мәди Айымбетовтың өз балалық шағын суреттеген бір тамаша хикаяты бар. «Ол дәурен – бір көрген түс» деп аталады. Оған тақырыбына қосымша «Автобиографиялық фрескалар» деген анықтама беріпті. Дәл анықтама. Шынында да, егер қаламгер шығармаларының әлемін бір биік жартасқа баласақ, хикаятты, құдды, сол жартас бетіндегі өмірбаяндық кескіндемелерден тұратын көркем жолақтар дерсің. Дау-дамайсыз солай, өйткені бұл туынды өзіндік қолтаңбамен бедерленген көркемсөз фрескаларынан тұрады. Солар тұтаса келе, балалықтың ұмытылмас сәттерін сөз арқылы бейнелеген көркемсурет полотносы болып шыққан. Тоғыз тарау-фреска құраған осы хикаятты автор өмірімен тығыз байланысы бар «өркеш-өркеш ақ шағыл құмның керуенімен жарысып ағатын кішкене өзен Сағыз бойындағы жиырма-отыз түтін шағын ауыл» тіршілігінің елестері, шабындық жақтағы «ұшарынан жел суылдаған зәулім теректер» жапырақтарының сыбдыры туғызған сағыныш толқындары дүниеге әкелген екен. 

Аталмыш фрескалар топтамасы­ның алғашқысында автордың ауыл балаларына өзіндік баға беріп жүретін, «бүкіл болмыс-табиғаты жайсаң, адамға деген жан ишарасы түзу, үлкен-кішіге қадірлі-қасиетті болған» көк есекті атасы мен оның Шиаяқ атанған немересінің соңдарынан «құйрығын екі бұтының арасына» қысып, «қара үзбей, бүлкілдей» ілескен Майлыаяқ төбетпен танысамыз. Мұнда сол үшеуінің «құм арасының алапат дауылына» тап болу оқиғасы мен одан кейін болған жайттарға байланысты әжесінің түйген түйіні әңгімеленген. Келесі фрескаға балалардың көлшіктен сарала қаздардың балапандарын қарақшылық тәсілмен айырып алуы және одан туындаған ахлақи түйін бедерленіпті. Үшіншісінде, әңгімешінің бала көңілін «мөлтеңдеп мұң тұнып қалған ақ-қарасы айқын көздері» өзіне тартқан әдемі, бірақ ауру қыздың «сұлулығы бір демде ада болған сұп-сұр суық» бейнесі қорқытып, «оқтай атылып тысқа» шыққанында, қарсы алдынан «әзірейілдей үрейлі, бас жібін сүйреткен», «көзі қып-қызыл боп қанталаған қасқа сиыр мүйізін төсеп» шыға келгені, сонда әлгі қыздың оны арқасынан итеріп қап, «сүзеген қасқаның мүйізінен құтқарған» сәті суреттеледі. Оқиғаны еске алып отырған қаламгер «өң мен түстің арасында өтіп жатқандай» сол көріністің бәрі «сол қалпында көкірек-сарайымда өшпестей боп жазылып» қалды дейді… Төртінші фрескадан жөнді бас білдірілмеген торы құнанға мініп шапқан қайсар баланы көреміз. Ол торыдан «бозша жусанның түбіндегі кішкене шұңғылша… кәдуілгі бозторғайдың ұясы» жанына құлайды. Құлаған жерінен пыр етіп ұшқан бозторғай төбеде шыр-шыр етеді, ал «ұяда – бір-біріне тығылып ұйысқан қызыл шақа сарыауыз балапандар»… Торы құнан содан бері жүгенделмей, ұзамай «омырауы биік, қаз мойынды, құйрық-жалы тоқпақтай, бітімі ерекше, келісті торы айғырға айналып», «ауылдың жылқысынан бие, байталдарды бөліп алып, өзі жеке үйір құрған». Ол үйірін қорғаған айғырлар шайқасында жеңіске жетеді, есесіне, жеңілген айғыр иесінің «үшкірленген бақанды торының қапталына қадаған» қастандығы салдарынан ауыр жарақат алады да, құнан кезінде тізгінін ұстаған қайсар баланың үйіне жетіп өледі. «Малдан өш алған адамның қай жері – адам?! …оған сөз шығындап жүрмеңдер» деп сабырға шақырады балаларды қарт әже. Бесінші фреска «Қопа ауылының он шақты түтін үйінің балаларын оқытатын төрт жылдық бастауышының маңдайына біткен жалғыз мұғалім» мен оның қолындағы символдық мәні бар қоңырауды бейнелеген. Ұстаз «қаңтар мен ақпан айларында апталап соғатын ақ түтек боран әр жерде шашырап отырған кішкентай бұйығы ауыл» балаларының мектепке жиналуын күтпей, «күртік қармен омбылап, орта жолдан» алдарынан шығып, «ұста дүкенінің ығына тұрып кішкене жылынып» алуға шақырады, сабақ соңында соғыстан кейінгі алғашқы оқу жылына тиісті салтанат әкелген, «ауыл ұстасы әспеттеп соғып берген бір қастерлі бұйым», сол күндері шәкірттерді «күнде сабаққа шақырып, үзіліске шығарып жүрген» жез қоңырау жайын әңгімелейді. Алтыншы фрескада «аңсақ, ізшіл» иттің өскен үйіне берілгендігі, адалдығы суреттелген. Жетінші фрескадан көктемгі қаракөл елтірісін дайындау науқанындағы қозы қырған қасапшылықтың бала санасына қатты әсер етіп, «жауабы қиын сауалдар» туғызғанын көреміз. Сегізінші тарау жазғы ыстықта, «талма түсте ­бастарын төмен салбыратып үйездеген бес жүз қошқарды… сайдың табанындағы шыңыраудан шығыр тартып» суару үшін қойшыға көмекші боп келген мектеп оқушысының «жапан түздегі қойшының жадау, жалқы тіршілігіне көндіге» алмауы өз алдына, «тіршілікте адамдар арасында болып жататын кейбір әділетсіздік пен қиянат атаулыға, кейбіреулердің бойындағы тоғышарлық пен қорқаулыққа» куә болып, одан әрі сонда болуға шыдамы жетпегені әңгімеленеді. Тоғызыншы фреска мектеп бітірердегі болашақ жолды таңдау және бозбаланың балғын сезімге адалдығы жайын баян етеді.
Бір хикаятқа тұтастырып түзген осы тоғыз үзік, тоғыз өмірбаяндық фреска арқылы қаламгер оқырманын балалық шағында өзін қоршаған ортамен, қилы тіршілікке толы жанды табиғат пен айналасындағы адамдар арасында өткен алғашқы өмір мектебімен таныстырады. Хикаятын аяқтай келе, азамат болып қалыптасудың алғашқы баспалдағында елеулі орын алған, «мезгіл керуені ұзаған сайын тағы-тағы айқындалып, тағы-тағы жаңғыра берер үзік-үзік ­осы естелік-көріністер» жайында жазушы: «…жүрегіме соншама ыстық сол әлем­­­нің арасынан жұқалтаң, аңғал бір балақай таң-тамаша қалпымен, жанарында мың-сан сұрақ тұнған кейіпімен маған жалтақ-жалтақ қарай беретін сияқты» дейді. Сол балақайдың көзінен «сен қазір қандайсың, алыста қалған балалығыңа, маған ұқсайсың ба, әлде мүлдем басқасың ба?» деген сауалды оқиды. Оқиды да, өзіне ­­­­өзі: ­«…тез ­­­­­қуанып, тез мұңайғыш, құбылы­сы кейде қызық, кейде түсініксіз болмысымда балалығымның титімдей де жұрнағы қалмаса, сені осынша сағынар ма едім, бір көрген түстей болған балалық дәурен!» деп жауап береді.
Бұл жазушының суреткерлік кемеліне келген кездегі, өткен жолына қайы­рылып, балалық шағына сағыны­шын түйсінгендегі сөзі. Соған дейін ол жеке басының емес, жалпы жас ұрпақтың балғын кезеңіне көп үңіліп, шығармашылық қаламын молынан тербеген болатын. Республика астанасында жоғары мектепті бітіріп, балалар баспасөзінде қызмет істей бастауы да оның бұл тақырыпқа мейлінше байыпты қарауына әсер еткен болса керек. Қазіргі заманғы балалар мен жасөспірімдердің бейнесін жасауға, олардың тыныс-тір­шілігінен тәлімді көркем сыр шертуге Мәди көп көңіл бөлді. Бірнеше кітап шығарды. Балалар әдебиетінің көрнекті жазушысы ретінде танылды. Содан соң, оқырманға жоғарыда аталған тамаша хикаятымен аттас «Ол дәурен – бір көрген түс» жинағын ұсыну арқылы, ол өзін шығармашылық қабілеті әбден толысқан нағыз сөз шебері екенін көрсетті. Жинақтағы «Шырақшы Қалжігіт», «Құм киесі» хикаяттары мен бір кішкене ғана Құмөзек ауылы адамдарының тыныс-тіршілігін әр қырынан баяндаған он үш әңгіме оны іргелі қазақ жазушылары қа­та­рына шығарып тұр. Автор қаламының қуаты арқылы аталмыш кітап өткен ғасыр­дың орта тұсында өмір сүрген ауыл адам­дарының сан қырлы тіршілігі мен қилы бейнелері сомдалған, сөйтіп, үлкен әдебие­тіміздің төрінен орын алатын ажарлы, көп суретті көркем полотно болып шыққан. Мәдидің жазушы қаламын еркін меңгерген суреткерлігі кейінгі «Күн-Ғұмыр элегиясы» жинағында жаңа қырынан ашылған деуге болады.
Кітапқа енген хикаяттар мен әңгімелер топтамасына қазіргі таңдағы өмір шындығы арқау болған. Жинақ «Алабай-дода» хикаятымен ашылыпты. Бұл бүгінгі жекеменшіктік сезім дәуірлеген заман­дағы қатыгез бәсекелестік пен бақ­таластықтың адамшы­лық­­пен үйлесе бермейтін кей көрі­ністерін жайып салып, оқырман тезіне тартатын шы­ғарма. Туындының өзегі жан­күйер-құмарымпаздар ортасында өтетін жауынгер төбеттердің қанды шайқасына негізделген. Қаламгер алабай-доданың бас жүлдесі үшін талас – қилы әрекет жасауға бейіл іс адамдарының да мәртебесіне сын іспетті болғанын хикаят тініне шебер тоқи келе, ғұмыры екі іскер жігітке байланған «нағыз табиғи көрікті тал бойына жиған келіншек» тағдырын да әсерлі көрсетеді.
Ал «Өмір ойыны» хикаятында қа­лам­гер сүйіспеншілік отына өртенген Танакөз есімді келіншектің басы­нан кешкендерін психологиялық дәлдікпен суреттейді. Мәди бұл махаббат хикаясы бейнеленген туындысына эпиграф етіп ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі арабтың аса көрнекті жазушысы һәм философы Халил Джебран қаламынан шыққан: «Біз өздеріміздің қуаныштарымыз бен мұңдарымызды ­соларды бастан кешуден әлдеқайда көп бұрын таңдап аламыз» деген афоризмін келтірген екен. Бұл тұжырым-сөзден үй-жайы, ері, бала-шағасы бар жас әйелдің болашақ сезім құбылыстарының бастауында өзінің күнделікті, әдеттегі тіршілігіндегі елеусіз басқан қадамы жатқанын қапысыз танимыз.
Махаббат тақырыбы жазушының «Ақша бұлтқа айналған Таңкөрік» атты әңгімесінде бір қарағанда мүлдем оғаш, ешкім күтпеген қырынан қозғалған. Әңгіменің кейіпкері Әндірбай «ұлының жыныстық тәрбиесіне қатысты… өзімен «жездекем» деп көрген жерде әзілдесе беретін… Таңкөрікпен» сөйлесіп, олардың арасындағы болашақ қайғылы ғашықтық сезімнің тұтануына өзі себепкер болады… Осы мәңгі қозғала бермек тақырыптың тағы бір қыры – «жетпістің үстіне шығып, ақсақал атанған, немерелеріне ата атанған» Сырымбеттің бала кезгі арманын арнайы іздеп баруы «Сезім синдромында» суреттеледі. Бұлармен қатар, жинақтағы бірқатар әңгіме қазіргі заманның қатыгез шындықтарына бетпе-бет келгендер тағдыры жайын бейнелейді («Тамұқтан оралған бейкүнә», «Арнасаздың кө­пірі», «Ымырттағы жалғыздық»). Ал «Бозқараған гүлдегенде» атты мұңды әңгіме әжесімен бірге шағын ауласы бар жатаған үйде тұратын он беске жаңа толған, балғын қыз Мейіргүл жайын суреттейді. Бұл жеткіншек қыз бала үшін «үйдің күнгей бетке қараған қос терезесінің алдында өсіп тұрған жалғыз түп бозқарағанның» жұпар атып гүлдеген шағы нағыз мерекеге айналады. Ол бұл күндерде әкесінің келуін тосады. Қанша күту керек болса, сонша күтер еді, бірақ бозқараған күте алмайды, қауызын ашқан әдемі гүлдері үлбірей-үлбірей, әбден оңып кетеді… «Көл жағалаған Әбіласан мен бозтайлақ» әңгімесі өмір бойы суретке түсірумен айналысқан фотограф жұрт демалатын көл жағасына жібек бау­мен ноқталанып, оюмен нақышталып, айыр өркешіне өрнектелген ақ киізді жапқан кезде жайнап шыға келген үлпілдеген жас түйені жетектеп келіп, жеке бизнесін ашқанын және оны қалай жүргізгенін көрсетеді. Ауыл өмірінің әр қырын қарастырған тәлімді көріністер ­«Оппозиционер ­Пайзырахман», «Сырлы зерен» әңгімелерінде суреттелген. Ал «Құлан-елесте» бір кездері құпия жүргізілген бактериологиялық тәжірибелер зертханасы ауласының қақпасын ғана күзеткен Диярбектің көп жылдар бойы жабық сы­нақ өткізіп келген жасырын елді ме­кен­нің жұртында, жапандағы аралда жалғыз қалғандағы басынан өткергені әңгімеленеді…
Жалпы, кітаптағы туындылар өмір сахнасында орын алып жатқан сан түрлі тағдырды, адамдар ғұмырындағы арман-мұрат, әділет, ізгілік,қиянат сынды қасиеттерді ұмытылмас образдар жасау арқылы беріп, олардың іс-әрекеттерін, таным-түсініктерін көркем тілмен өрнектеуімен ұтымды шыққан. Өмірдің күрделі проблемаларына зерттеулер жүргізіп, солар жайында философиялық ойға берілудің эмоциялық нәтижесі іспетті көрінетін шығармаларының топтамасын «Күн-Ғұмыр элегиясы» деген лирикалық тіркеспен атағанынан-ақ кітаптың көркемдік қуатына жазушының ерекше күш салғаны байқалып тұр. Жинақты аяқтайтын «Портрет-эсселер» бөлімінде автор қаламына белгілі тұлғалардың (Зейнолла Серікқалиев, Қасым Тәукетегі, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Есенбай Дүйсенбайұлы) шығармашылығы мен өмірлеріндегі кей кездері арқау болған.
Біз шолып өткен туындылар жазушы Мәди Айымбетов шығармашылығының шағын бір бөлігі ғана. Ол әдебиет сүйер қауымға өткен ғасырдың жетпісінші жылда­рының басында алғашқы әңгіме­сімен еліміздің бас әдеби журналы «Жұл­дызда» көрінген еді. Содан бері өмір­дің әр қырын роман, хикаят, әңгімеле­рінде суреткерлік шеберлікпен қарас­тырған көптеген прозалық кітаптар шы­ғарды. Бүгінде жетпіс сынды елеулі белеске алқын­бай жетіп қалған қарымды қалам­гер­дің қаламынан туған көркем әлем қалың оқыр­манды тәнті етіп, қазақ әдебиетінің бағалы қазыналарының біріне айналып отыр. Үлкен суреткер досымыз Мәди Айтбен­бетұлы Айымбетовті кемел жасымен құт­тықтап, жаңа шығар­машылық табыстар тілейміз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мәлік Қайдаров

    Мәди ағаның еңбектерін оқып жүрмін.Керемет жазушы.Мектептерде көп оқытсағой шығармаларын.Тірбиесімен,мәні зор болар еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.