Алғашқы сұхбат алған сәт

Көк байрақ көк аспанда желбіреді. Қыран құс құлашын кере жая қалықтады. Халқына тәуелсіздіктің туын ұстатқан Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі тарих бетіне алтын әріппен жазылды.
Жүректі кернеген қуаныш, бақыт, азаттық елімен етене Елбасы елдік қатынастарды нығайту жолына түсті.

Дүниежүзі картасында Қазақстан деген ел орнын нық тапты. Әрбір күні бір ғасырға тең тәуелсіздік қазақты нұрлы жолға жетеледі. Қазақстан мемлекетінің әрбір азаматы ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, тату тұрақ­ты­лық пен береке-бірлікте өмір сүруі – ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың көреген саясатының жемісі.
Талай ғасыр ата-баба арманы болған тәуелсіздігімізге қан төгіссіз жету жолында барлық күш-жігерін аямаған, түрлі ұлтты асқан татулықпен бір тудың астына біріктіре білген Нұрсұлтан Назарбаевтай көшбасшысы бар халқымыз аса бақытты.
Елбасының көреген саясатының арқасында еліміз әлемнің алпауыт елдерін мойындатып, барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді.
Бүгінгі күні еліміз өзінің даму жолы қалыптасқан, бағыт-бағдарын айқындаған, өзге де мемлекеттермен бәсекелесуге қабілетті іргелі елге айналды. Осы егеменді мемлекеттің бір бөлшегі ретінде мен де Елбасының тәуелсіз Қазақстанды өсіп-өркендету жолындағы ізгі мақсат-мұраттарының куәсі болып келемін.
Елбасының қамқор қолдауы­мен тәуелсіздікке алғаш қадам басқан күндері шетелде аккреди­та­цияға тіркелген Түркия Респуб­ли­касындағы тұңғыш қазақ тілшісі болу бақытының бұйырғаны – мен үшін Алланың үлкен сыйы еді.
Нұрсұлтан Әбішұлы – тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланған сәтте Елбасынан ең бірінші болып қазақ теледидарына (ол кезде республикада бір ғана телеарна еді) сұхбат алу бақытына ие болуым мені ақ жолға жетеледі. Ол кісі 1989 жылы жазда Орталық Ко­митеттің пленумында Бірінші хатшы­лық­қа сайланған соң түстен кейін Ал­ма­тыдағы мешітке барып, Алладан хал­қының амандығын тілеп, бата алды.
Бұл игі істі шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатты. Германиядағы «Азатттық» ра­диосы «Қылышынан қан тамып тұрған солақай саясатқа қарамастан Қазақ­станға басшылыққа келген жергілікті халық өкілі Н.Назарбаевтың алғашқы қызметін имандылық жолынан бас­тап, Алла үйіне ат басын бұруы – жақсылық нышаны» деген хабар берді.
Кейіннен халықаралық «Азат­тық» радиосының (Хасен Оралтай басқарған) Түркиядағы арнаулы тілшісі болғанымды Елбасының үлкен қамқорлығы деп түсінемін.
Елбасы тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде алғашқы ресми сапарын Түркия мемлекетінен бастағанда ең бірінші болып екі ел арасында тікелей бейнерепортаж жасауым мен үшін теңдесі жоқ бақыт болды. Сол кезеңдерде Елбасының ел ішіне, шет мемлекетке жасаған сапарының барлығында жанында жүріп, журналистік сараптама жасау­ым ­­­­менің өміріме жаңаша серпін беріп, болашақ бағытымды айқындауға қол жеткізді. Оншақты жылдай уақыт дипломатиялық қызмет атқарып, Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласында бас консул ретінде екі елдің арасында достық көпірін қалыптастыруға үлес қосқанымды мақтан тұтамын.Suqbat-1

1992 жылғы қазанның 30-31 күндері Анкарада сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Озалдың бас­тамасымен түркі тілдес мемлекеттер басшыларының І саммиті шақырылған еді.
Бұл жиында Тұрғыт Озал «Ата жұртымыз – Қазақстан. Бабаларымыз Атажұрттан Анадолыға атпен келсе, бүгін, міне, Нұрсұлтан ­бауырым ұшақпен келіп отыр» деп алғашқы сөзді Елбасына берді. Елбасы бұл басқосуда «Түбі бір түркі, түгел бол!» деген ұран тастады. Бұл сөз бүкіл түркі жұрты үшін қанатты сөзге айналды.
Тұрғыт Озалмен әңгімелесу барысында Елбасы Түркияда қанша қазақ бар деген сауалға Түркия басшысының «Менімен 60 миллион қазақ» бар деуі қазақ халқының алар орны қандай екенін көрсетсе керек. Бұл сөзге Елбасы ризашылықпен Тұрғыт Озалды бауырына қысты. Бауырластық деген осы болар. Елбасының көреген саясатының арқасында еліміз әлемнің алпауыт елдерін мойындатып, өзге де мемлекеттермен бәсекелесуге қабілетті іргелі мемлекетке айналды.
Елбасының 1992 жылы Тұрғыт Озал елімізге келгенде Еуразиялық Одақ құру туралы идея көтерген болатын. Сонда Т.Озал «Еуразиялық одақ құру туралы идеяны толық қолдаймын. Қазақстан Еуропа мен Азияның басын қосып тұрған кіндік орта, Түркия да солай» деген болатын. Бүгінгі күні арада 24 жыл өт­кеніне қарамастан Елбасының кө­регендікпен айтқан идеясы өз өмір­шеңдігін көрсетіп, Ресей Пре­зи­денті тарапынан да қолдау тауып отыр.Suqbat

1992 жылы 25 наурыз күні тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматы қаласынан Түркияға Ыстанбұлға бірінші рет әуе ұшағы көтерілген еді. Қазақстан үкіметі делегациясын сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков басқарып барды.
Еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған елдің Президенті Тұрғыт Озал қабылдады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық сәлемін жеткізді. Қазақы ою-өрнекті шапан мен қамшы сыйға берілді.
«Міне, мен нағыз қазақ болдым» деп сұхбат берді. Мені де сол кезде Түркияға келген Тәуел­сіз елдің тұңғыш тілшісі деп таныс­тыр­ды. Тұрғыт Озал маған арнайы бағалы фотоаппарат сыйлады. Сол кездер де осы фотоаппарат­пен екі ел арасындағы достық көпірін бейнелейтін көрініс­терді Елба­сының іс сапарлар, кездесу­ле­рінен талай суреттер әзірлеген едім.
1-сурет. 1991 жылы 1 жел­тоқ­санда Тұңғыш Президент болып сайланған күні Елбасынан алған бірінші сұхбат.
2-сурет. 1989 жылы 22 маусымда Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Компартиясы ОК Бірінші хатшылығына сайланғаннан соң, орталық мешітте кездесуі.
3-сурет. Қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесінде Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Озалдан сұхбат алу сәті.
4-сурет. Елбасының Түркияға са­пары. Қасында халық жазушысы Қал­тай Мұхамеджанов бар. 1993 жыл.
5-сурет. Анкарада қазақ елші­лігінің ашылу салтанаты. Нұрсұлтан Назарбаев, Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел. 1992 жыл 27 қазан.
Міне, Елбасының қасында жүріп та­лай тарихи істердің куәсі болдым. Арнайы суреттерді түсіріп бірнеше фотоальбомдар жасап, деректі фильмдер жасағанымды мақтанышпен айтқым келеді.
Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр жерінде қызмет жасап, ұлт көшбасшысының сарабдал сая­сатын халыққа жеткізіп, насихаттап жүргенімді айтқым келеді. Қазақ елінің тұңғыш астанасы болған ұлы Қорқыт баба қоныс тепкен, еліміздің рухани-мәдени кеңестігінің бет-бедеріне айналған талай арыстарымыздың ізі қалған сүлейлер мекені – Сыр өңірі Елбасының тікелей қамқорлығы арқасында дамып, өсіп келеді.
Айрықша қамқорлыққа бө­ленген Арал, ғарыш қақпасына айналған Байқоңыр, қасиетті қазақтың қаймағын бұзбай, бабалар дәстүрін жалғастырып отырған Сыр жұрты қай кезде де Елбасының саясатын қолдайды.
Елбасының «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетіс­тіктерін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген пікірі сырбойылықтар үшін үлкен баға.
Облыс әкімі Елбасының тапсырмаларын үлкен жауапкершілікпен атқарып, халықпен етене араласа білуінің нәтижесінде тұрғын­да­рының хал-ахуалы күннен-күнге жақсарып келеді.
Берекелі бірлігіміз бен тұрақты татулығымыздың, ұлтаралық келі­сімнің сақталуы Елбасының жүр­гізіп отырған саясатының дұ­рыстығын дәлелдейді.

Suqbat-8

Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.