Ұлы Жібек жолы бойында

Туризмдi дамытуға қолайлы аймақтың бiрi — Оңтүстiк Қазақстан облысы екені белгілі. Жуырда облыс әкімдігінің кезектi бiр мәжiлiсiнде өңiр басшысы Жансейiт Түймебаев өңірді туристiк аймаққа айналдыру үшiн барлық мүмкiндiктер қарастырылғанын айта келе, 5 миллион халқы бар Анкара қаласының аз уақыт iшiнде жоғары деңгейде дамығанын үлгi еттi. Сондай-ақ ол аталған жұмыстар үшiн олардың мемлекеттен қаржы алмағанын, оны кәсiпкерлерi, сол жердiң тұрғындары билiктiң ұйымдастыруымен бiрлесе отырып шешкенiн жеткiздi.

— Бiзде туристiк өңiрге айналуға толық мүмкiндiктер бар. Өкiнiшке қарай, туристердiң келуiне жағдай жасай алмай отырмыз. Туристiк орындарда қажеттi қонақүйлер, жол бойында қажеттi сервис жоқ. Жол көрсететiн сiлтемелер орнатылмаған, интернет, мобильдi байланыс сын көтермейдi, көлiк инфрақұрылымы нашар. Сондай-ақ, туристiк орындардың санитарлық жағдайы төмен, — деген едi.
Жуырда өңiр басшысы Түркияның мәдениет және туризм министрлiгiнiң өкілдерін – Джеззим Оздемир және Мурат Озенді, сол елдiң турагенттiктер қауымдастығының уәкiлеттi өкiлi Чери Эрдалдыны қабылдады. Оңтүстiктегi туризм саласының мамандарын оқытуға келген делегация мүшелерiмен болған отырыста аймақтағы аталмыш саланы дамыту жайы талқыланды.
— Бiз туысқан түрiк ағайындармен тәжiрибе алмасуға ниеттiмiз. Өйткенi онда соңғы уақытта туризм саласы жақсы дамып келедi. Мысал келтiрсек, кейiнгi жылдары Түркияға 40 миллион турист келген. Анталия мен Аланияның өзiнде инфрақұрылымы жолға қойылған және қызмет көрсету деңгейi жоғары 1500-ден астам үш, төрт және бес жұлдызды қонақүйлер бар. Сондықтан бiзге олардың тәжiрибесiн пайдалану керек, — дедi әкiм.
Оңтүстiк Қазақстан облысындағы туристiк фирмалардың қызмет көрсету деңгейiн жақсарту үшiн апталық оқу курсын өткiзуге келген түрiк делегациясы туристiк операторлардың бiлiктiлiгiн жетiлдiру, мейрамхана бизнесiне баулу және қонақүй менеджментiне үйрету бойынша дәрiс оқыды. Оған туризм саласының 70-тен астам маманы қатысты. Айта кету керек, аталған оқу курсы «Оңтүстiк Қазақстан облысының туризм индустриясын дамыту қауымдастығы» мен Түркияның турагенттiктер қауымдастығы және туристiк ақпараттық орталығының келiсiмi нәтижесiнде жүзеге асырылды.
Шетелдiк мамандардың айтуынша, туристердi Қазақстанға көбiрек тарту үшiн қызмет көрсету орындарында қызметкерлердiң шет тiлiн бiлуiне көңiл бөлiнуi керек. ОҚО кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының ­туризм кластерiн дамыту және инфрақұрылым бөлiмiнiң басшысы ­Перизат Қонысбаеваның мәлiмдеуiнше, облыс бойынша 37 медициналық мекеме, 34 қонақ үй, 9 шипажай, 39 демалыс аймағы, темiржол вокзалдары мен автобекеттер, әуежай және iшкi iстер органында 19 690 қызметкер жұмыс iстесе, соның 389-ы ғана ағылшын тiлiн бiледi.
Өңiрлiк басқарма мамандары өзiмiздегi тарихи-мәдени туризмдi дамыту, аймақтың осы бағыттағы мүмкiндiктерi, туристiк нысандар, саланың қазiргi жағдайына талдау жасаған. Оңтүстiк Қазақстан облысы ЮНЕСКО-ның қайта өркендету бағдарламасына енген Ұлы Жiбек жолының мемориалдық трассасында орналасқан. Облыс аумағында 837 археологиялық ескерткiш, 155 құрылыс және архитектура, 5 тарихи, 7 монументалдық қолөнерлер анықталып, есепке ­­алынған. Аймақта тарихи орындарды өркендету және туризм инфрақұрлымын дамыту, мәдени, әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi кешендi ­шешуге мүмкiндiктер қарастырылған. Тарихи-мәдени ескерткiштердiң кейбiрi әлемдiк тарихта жоғары бағаланып, ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған. Облыс­та қазақ тарихындағы ең маңызды қалалар орналасқан. Бұл — елiмiзде iшкi және сыртқы туризмдi дамытуға үлкен тiрек болады деген сөз.
Өткен жылы Түркiстанға 1 миллионға жуық саяхатшы келiптi. Мұның өзi өңiрдiң туризм саласы бойынша елiмiзде көшбасшыға айналуына мүмкiндiк бередi.
Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай өңiрде туризм бағытында 25 iс-шара ұйымдастыру қолға алынған. Бұған облыстық жас туристер стансасы, «Белсендi демалысты ұнататындар» клубы мен ОҚО скайраннинг федерациясы, «Сайрам-Өгем» мемлекеттiк ұлттық табиғи паркi, облыстық альпинизм федерациясы, «Оңтүстiк Альпi» облыстық федерациясы және Оңтүстiктiң туризмiне бей-жай қарамайтын өзге де жандар үлес қосуда.
Былтырдан берi облыс орталығында «Жiбек жолы» мекемесi ұсынған екi қабатты қызыл автобустар жүре бастады. Ұлыбританиядан әкелiнген қос көлiк қала қонақтарын кешкi серуенге алып шығады. Былтыр 9 мамырда өз iсiн бастаған мекеме бүгiнде 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қала тұрғындары мен қонақтарға мереке күндерi қайырымдылық акцияларын өткiзiп тұрады. «Қиял әлемiнен» бастау алатын бағыт дендросаябақта аяқталады. Саяхатшылар кешкi алтыдан бастап екi сағат бойы Шымкент қаласының тамаша жерлерiн аралауға мүмкiндiк алады.
— Қазақстан бойынша city bus-tours көлiктерi Шымкентте ғана бар. Бiз осымен мақтана аламыз. Өз автобустарымызды басқа да аймақтарда жүргiзсек деймiз. Алдағы уақытта автобус санын көбейтемiз, – дейдi «Жiбек жолы» жеке кәсiпкерлiгiнiң басшысы Әсел Ибоходжаева.

Баян ДАРҒОЖИНА

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.