Талаптыға нұр жауар

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Мен жастарға сенемін» атты патриоттық IV гала-форумының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Студент жастардың отаншылдығын, азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған тағылымды шара  биыл осымен төртінші мәрте  өткізілді. Айта кетейік, аталған форум Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Жазушылар одағының, «Жандану әлемі» қорының қолдауымен ұйымдастырылды.  

2013 жылы Алматыда бастау алып, бүгінгі күні республика деңгейінде жүзеге асырылып келе жатқан форум 4 жыл ішінде 5 мыңнан астам білімді, белсенді, талантты, дарынды жастардың басын біріктіріп қана қоймай, студенттердің жасампаз еңбектерін қолдауға бағытталған бірден-бір алаңға айналды. Жаңа таланттарды ашып, әр қатысушының өміріндегі маңызды кезең және олардың кәсіби өсуі мен шығармашылық өрлеуінде рөлі орасан зор. Гала-концертте Мемлекеттік туымыз көкке көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов байқаудың маңыздылығын жоғары бағалады.
– Бұл республика бойынша жастарға арналған ірі жоба деп айтуымызға болады. Жобаның мақсаты – біздің болашаққа деген сенімімізді нығайту. Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Әрқайсымызды мемлекет азаматы, патриот ретінде «Мен елім үшін не істей аламын?», «Мемлекет дамуында қосар үлесім қандай?» деген ой толғандыратынын білемін. Елбасы айтқандай, Қазақстан Мәңгілік ел болып қалу үшін біз жастарға сенуіміз керек! — деді.
Еліміздің 63 жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам шығармалар сарапқа салынып, үздіктері анықталды. Қазылар алқасының құрамында ­жазушы-журналист, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім, белгілі композитор Владимир Питерцев, Қазақстандық арнайы экономикалық аймақ комитетінің «Инновациялық технология Паркі» жобасының бастығы Марат ­Сариев, Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанаты филиалының төрағасы Айдана Сыдықова және Қазақстан Ұлттық телеарнасының продюсері Жаңыл Асылбекова болды. Бас жүлде иегерлеріне ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты берілді. «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Жұмабек Кенжалин Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтының 2 курс студенті Емил Альфия Эмильқызына бағалы сыйлық тапсырды. «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты инновациялық жоба байқауында жүлдегер атанған М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Ксения Каршева жастарға осындай мүмкіндік сыйлаған форумға өзінің алғысы шексіз екенін жеткізді. «Маған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты беріліп отыр. Мүмкіндік болса, магистратурамды осы университетте жалғастырғым келеді» дейді Ксения. «Мен жастарға сенемін!» поэзиялық шығармалар байқауында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Мәрлен Ғилымхановтың туындысы ақындар арасында жоғары бағаға ие болды. «Мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты эсселер байқауында Қазақ экономикалық университетінің студенті Саида Негізбаева, «Мәңгілік ел мұратым!» атты патриоттық әндер байқауында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенті Айдар Тулеев жүлдегер атанды.

Жазерке ҚАРАТАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.