Ерен еңбектің өтеуі

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, ғылым және мәдениет қайраткерлері бар.

Салтанатты шарада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен құттықтай келіп, аталған марапаттау шарасының маңыздылығына тоқталды.
– Баршаңызды алда келе жатқан еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – Қазақ елінің жаһанға танылған, барлық игілігіміздің бастауы болған ең басты мерекеміз. Сіздер осындай айтулы күн қарсаңында жоғары марапатқа ие болып отырсыздар. Бұл – жеке азаматтар арқылы барша халқымыздың істеген ерен еңбегіне деген баға. Кез келген ел өзінің ерен өнерімен, мәйекті мәдениетімен ерекшеленеді. Бұл ретте талантты туынды тұтас ұлттың рухани қазынасын байыта түседі. Осыған орай бүгін әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды да тапсырғалы тұрмыз. Ақорданың төріне жиналған баршаңыз үшін бұл ерекше мерейлі сәт деп білемін. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деді Елбасы.
Одан әрі Мемлекет басшысы ел Тәуелсіздігі басты құндылығымыз екенін айта келіп, ­марапат иелерінің ел дамуындағы еңбегіне ­назар аударды.Сонымен қатар Мемлекет басшысы биылғы мемлекеттік наградалармен марапаттау салтанатының өзіндік ерекше маңызы бар екенін, бұл шараның еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығының аясында өтіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Елбасы Тәуелсіздіктің ширек ғасырында өзінің еңбегімен, белсенді қызметімен елімізге, қоғамымызға танылып, мемлекеттік наградаларға ие болған отандастарымыздың тұтастай шоқжұлдызы пайда болғанын, олардың ел мақтанышына айналғанын атап көрсетті. Бұдан кейін мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсіміне кезек берілді.
Қазақстан Республикасы экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы С.Қ.Ақшолақов пен Қостанай облысы Қарасу ауданы «Қарасу» СӨК» ЖШС бас директоры А.Ж.Тұрсыновқа тапсырылды.
Ал мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін І дәрежелі ­«Барыс» орденімен – ­Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Р.Жақсыбеков және Жоғарғы соттың төрағасы Қ.Ә.Мәми, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК нұсқаушы-спортшысы З.Р.Габидуллина, «Қазақстан ­Рес­публикасы Ұлттық ғылым академиясы» РҚБ президенті М.Жұрынов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Қ.Мәсімов, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.М.Тәжин, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының директоры З.Л.Федотова, Қазақстан Президенті Іс басқарушысының бірінші орынбасары Д.Қ.Іңкәрбаев, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – композитор А.Қоразбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.А.Құл-Мұхаммед, Оңтүстік Қазақстан облысы «САУТС ОЙЛ» ЖШС президенті С.Сейітжанов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрайымы Ү.Б.Шаяхметова марапатталды.
«Парасат» орденін – Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры А.Ә.Асылмұратова, Қарағанды облысының әкімі Н.Қ.Әбдібеков, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Б.Дүйсенова, Астана қаласының әкімі Ә.Ө.Исекешев, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, Атырау облысының әкімі Н.А.Ноғаев және «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблінің директоры Г.Қ.Мырзабекова иеленді. Бұған қоса, І дәрежелі «Достық» ордені – Конституциялық Кеңестің төрағасы И.И.Роговқа, ІІ дәрежелі «Достық» ордені – «Таң» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Р.Г.Валиевке, «Құрмет» ордені – «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК нұсқаушы-спортшысы Р.З.Қойшыбаеваға тапсырылды.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен – «КазАрмаПром» ЖШС слесарі М.С.Ахметсафин, «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургия кешенінің балқытушысы Б.М.Байбосынов, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС машинисі Е.Б.Шевяков, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші балет солисі Ә.Б.Бекетаева, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртісі А.Б.Бермұхамбетова марапатталды.
Бұдан кейін әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Даңқ» ордені – Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Тұрғымбаев пен Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары Ә.Қ.Халықовқа, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені – Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары С.С.Әбіш пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – «Арыстан» қызметінің бастығы Ә.Т.Садықұловқа, І дәрежелі «Айбын» ордені – Мемлекеттік күзет қызметінің аппарат басшысы Ә.Ә.Жүсіповке, ІІ дәрежелі «Айбын» ордені – Қорғаныс министрлігі 10216 әскери бөлімінің командирі Т.Ж.Әжібаевқа, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені – Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 6655 әскери бөлімінің сарбазы Б.Қ.Қайырбеков пен Ішкі істер министрлігі ­Алматы қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полицейі Н.А.Қартбаевқа, «Құрмет» ордені Қорғаныс министрлігі Авиациялық оқу орталығының іздеу-құтқару және парашюттік-десанттық қызметінің бастығы А.Ә.Қаратабановқа берілді.
Жиынның бұдан кейінгі бөлігі 2016 жылғы Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықты тапсыру рәсіміне ұласты. Салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы биылғы жылы Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия 4 туындыны іріктеп алғандығын атап өтті.
– Жоғары марапатқа елордамыздағы «Мәңгілік Ел» монументінің авторлары лайық деп танылды. Бізде, елордамызда мұндай ғимараттар аз емес. Дегенмен, «Мәңгілік Ел» – мағынасы жағынан да, көркемдік жағынан да өзімізге де, басқаларға да белгілі болып келе жатқан ғимарат. Мұны Тәуелсіз еліміздің мәртебесін сәулет өнері арқылы сәтті айшықтайтын туынды деп санаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Нақтылай айтқанда, Мемлекеттік сыйлық «Мәңгілік Ел» монументі үшін авторлар ұжымы – И.Н.Тасмағамбетовке, С.С.Жанболатовқа, М.А.Мансұровқа, Н.А.Далбайға берілді. Келесі Мемлекеттік сыйлық «Құнанбай» фильмін түсірген шығармашылық топқа – Д.Қ.Жолжақсыновқа, Р.Одинаевқа, А.Ж.Бектемірге, Н.Р.Салықоваға тапсырылды.
Бұл орайда Елбасы кинода ұлы Абайдың әкесі Құнанбай тағдыры арқылы халық өмірінің күрделі кезеңі бейнеленгенін жеткізді. Мемлекет басшысы Мемлекеттік сыйлықты белгілі ­жазушы Бексұлтан Нұржекеевке «Әй, дүние-ай» романы үшін табыстады. Қазақстан Президенті бұл шығарма еліміздің тәуелсіздікке дейінгі 75 жыл тарихын қамтитынын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Жетісу өңірі халқы басынан өткізген қилы кезең романның өзегіне айналғанын атап көрсетті.
Елбасы келесі Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тарту» жұмыстар циклы үшін суретші Камил Муллашевқа тапсырды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев марапат иелерін тағы да құттықтап, оларға еңбекте табыс­ты бола берулерін тіледі.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.