Қазақ диаспорасына арналған еңбек

Жуырда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Қазақ диаспорасы және Атамекенге оралу (1991-2012)» атты ұжымдық ғылыми монографияның тұсауын кесті.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бұл еңбекті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап отыр. Қазақтың көші-қоны туралы толық мәлімет беретін ғылыми еңбектің авторлары тарих ғылымының кандидаты Күлғазира Балтабаева, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, тарих ғылымының докторы, профессор Жарас Ермекбай және философия ғылымының кандидаты, ­доцент Айтбала Баймағамбетова. Ал ғылыми редакторы – тарих ғылымының докторы, профессор Саттар Мәжитов.
«Елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар қазақта. Ал тарих Қазақстан Республикасының жиырма бес жылда жаңа белестерге жетіп, жаңарғанын көрсетіп отыр. Және ең басты жетістік – қазақтардың біртұтастануы.
Бұл кітап Қазақстан тарихында зерттелуі тұрмақ, кешеге дейін көпшілік қазақтың естіп-білмеген тақырып – шетелдегі қазақ диаспорасы тақырыбына арналған.
Тарихта шетке кеткен қазақтың тарихи отанына оралуы үдерісі кеңес дәуірінде де жүріп отырған. Мысалы, 1954-1963 жж. Қытайдан 268371 репатриант қайта оралды. Одан кейін Кеңес үкіметі шекараны тарс жауып, байланысты үзді. Қазақ үшін шекара тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ашылып, қандастарды елге мақсатты түрде көшірді. 1991 жылдан 2016 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде 261 мың 104 отбасы немесе 957 мың 772 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. Бұл ел тұрғындарының жалпы санының 5,5% құрайды. Әлі тіркелмегендерімен қосқанда ресми емес мәліметтер қайтқан қазақтар 1,5 млннан артық дейді. Сонда12 миллионға жуықтаған республикадағы қазақтың 8-9 пайыздайы тәуелсіздік жылдары елге оралғандар, ал 20-22%-дан астамы ХХ ғ. басындағы елдегі саяси-экономикалық саясаттың қыспағынан шетке кеткендердің ұрпақтарынан елге оралғандар деуге болады.
Қазақстандағы қазақтар 1989 ж. 6,5 млннан 2016 ж. 1 қаңтарға 11 млн 748 мыңнан асты, ал үлесі 39,7%-дан 66,48%-ға жетті. Яғни 12 миллиондай Республикадағы қазақ ұлтының әрі қарай өсіп-дамуы табиғи өсіммен қатар, шетелдегі бауырластарымыздың өз Отанына оралуына тығыз байланысты. Сол себепті кітап қазақ үшін ерекше маңызды процестің тәуелсіздік жылдарындағы барлық теориялық-практикалық мәселелерін түгел қамтыған, қазақтың бірігуі ғана емес, еліміздің дамуы үшін де өте қажетті үдерісті қазақ тілінде кешенді түрде қарастырған.
1 миллионға жуық көшіп келген ағайынды қай елден десек: Өзбекстаннан – 61,5%, Қытайдан – 14,3%, Моңғолиядан – 9,3%, Түркіменстаннан – 6,8%, Ресейден – 4,6%, басқа елдерден – 3,5% келген.
Жинақта Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия және т.б. алыс-жақын шетелдердегі халық санағы негізінде шыққан материалдар бойынша этникалық қазақтардың саяси, әлеуметтік-демографиялық және мәдени дамуының ерекшеліктері талданады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы этникалық көші-қон саясатының дамуы, Моңғолиядан қазақтардың еңбек көші-қон мәселесі, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Түркия, Ауғанстан, Иран және басқа елдерден қазақтардың елге оралуы да салыстырмалы түрде берілген.
Тарих ғылымының докторы, профессор Айжан Қапаева: «Жеке адамдардың, біздің қандастарымыздың тағдыры туралы нақты материалдардың қамтылуы кітапты ерекше құнды етеді. Авторлар бұл бағытта жақсы жұмыс атқарған. Олар қат-қабат, сансыз фактілердің ұтымды өзегін таба білген» десе, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент мүшесі Уәлихан Қалижан: «Бұл кітап өзінің көрнектілігімен емес, мазмұнымен құнды» деп баға берді. Ал А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының докторы Ерден Қажыбек мұндай еңбектердің шетелдегі бүкіл қазақтардың картотекасын жасау үшін қажет екендігіне тоқталды.
Монография әзірге Алматы қаласының жоғары оқу орындары мен ғылыми кітапханаларына таратылып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта өтетін Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайының делегаттарына тарту етілмек.

Жанар Жанапиянова

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Mrs.Benson Cornelia

    Егер сіз 3% өсіммен несие қажет пе? иә, егер Сіз жайлы мәліметі бар қазір қолданылады
    1.Full атауы:
    2.Sex:
    3.Age:
    4.Phone:
    5.Fax:
    6.Country:
    7.Amount қажет:
    8.Duration кезеңі:
    Сіздің қолдана отырып (jewayfundsservice@gmail.com) сіздің жауап жіберу.
    !!! БІЗ өмір сүруге арманы !!!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.