Бокс баһадүрі

Шоқыр Бөлтекұлы! Өткен ғасырдың 30-40 жылдарында Қазақстандағы алғашқы бокс мектебін қалыптастыруға ерекше еңбек сіңірген ұлы ұстаз, халқымыздың біртуар перзенті, қазақтың арасынан Қеңес Одағының бокстан спорт шебері атағын тұңғыш иеленген, қазағын жанындай сүйген асыл азамат. Оның кісілік келбеті, адамгершілік ғажап қасиеттері халқымыздың қай ұрпағына да өнеге!
Әрине, спорт сүйер қауымның Шоқыр Бөлтекұлының кім екендігінен хабардар екендігі даусыз. Алайда бұған дейін осынау сан қырлы талант иесі жөнінде жазылған материалдардың тым аздығын ескергендіктен, өзіміз білетін деректермен бөліскенді жөн көрдік. Кейіпкеріміздің туған жері Маңғыстау түбегі.

Бөлтектің тұңғышы Дина деген қыз 1913 жылы, ал Шоқыр 1916 жылы өмірге келіпті. Қызы бойжеткесін тұрмысқа шыққанмен, ертерек қайтыс болып, артында Арзу деген қызы қалыпты. Шоқырдың туған күні, әншейінде көп кездесе бермейтін бекіре тұқымдас алып балық ауға ілініп, жаңа босанған анасына қалжа болады. Ырымшыл қазақ мұны жақсылыққа балап, жаңа туған нәрестенің атын Шоқыр деп қойған. Алайда оның балалық шағы Маңғыстау билігі ақ пен қызылдардың қолына кезекпе-кезек үш рет ауысқан отты жылдардағы қиыншылықтарға тап келгендіктен болар, әйтеуір жас балдырған шоқтай жанып тез есейеді. Ашаршылық жылдары өршіп кеткен қарашешек ауруынан әке-шешеден ерте айырылған оны, әупірімдеп жүріп Форт-Шевченко қаласындағы жетімдер үйіне өткізгенде, Шоқырдың жасы бар болғаны тоғызда ғана екен. Осында жетіжылдық мектепте оқып жүрген жас баланың сурет салуға бейімділігі байқалғасын, ұстаздары оған жақын маңдағы Баку қаласындағы көркемсурет училищесіне оқуға түсуге кеңес береді. Аталған училищені үш жылдай оқып бітірген Шоқыр, 1934 жылы Киевтегі көркемсуретшілер дайындайтын академияға оқуға түсіп, суретшілік мамандықтағы диплом алып шығады. Оған қоса дене тәрбиесі институтын да бітірген. Институт қабырғасында жүргенде бокс үйірмесіне жазылып, алғаш рет бокс қолғабын киеді. Қашанда алдына қойған мақсатына жету жолында жанын аямайтын жас жігіт, көп ұзамай-ақ алғашқы табыстарына жете бастайды. Бапкер И.Ивановтың үйірмесінде жарты жылдай жаттыққан Шоқыр жаңадан келген өз тұстарымен шеберлік байқасып, үш қарсыласын да айқын басымдықпен жеңеді. Бірте-бірте жоғарғы разрядты ­боксшылармен кездесе жүріп, балғын жас өз шеберлігін ұштай түседі. Ол Киев, ­Харьков, Донецк, Львов тәрізді ірі өндірістік қалалардағы жоғары оқу орындары студенттерінің «Буревестник» спорттық қоғамының жарыстарында үнемі жеңіс тұғырынан көрінеді. Шәкіртіне аса риза болған Иван Константинович оған тағы да 2-3 жыл Киев қаласында жаттығуын жалғастырып, Бүкілодақтық бәсекелер додасына түсіп көруді ұсынады. Дегенмен, ұзақ жылдар бойына елден жырақ кеткен Шоқыр Алматыға оралып, көңілі сүйген мамандығы суретшілігімен біржолата айналысады. Күш-қайраты толысып кемелденген азамат, өзі де ринг алаңына шыға жүріп, жас боксшыларды тәрбиелей бастайды. 1937 жылы Ш.Бөлтекұлының басшылығымен ­бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі өткен. Оған 50 спортшы қатысқан.
Алайда Ұлы Отан соғысы басталысымен бокс өнері жайына қалады. Соғысқа аттанған боксшылардың бірқатары қаза болады. Өз еркімен сұранып майданға аттанған Шоқыр Бөлтекұлы 1941 жылдың шілдесінде Батыс майданында әуелі зеңбірек көздеушісі, кейін оның командирі болады. 1942 жылдың 8 тамызында ­ефрейтор Шоқыр Бөлтекұлын Сновидово жерінде дұшпанның үш «ДЗОТ»-ын өз зеңбірегімен жойғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттаса, сол жылдың қыркүйек айында тағы да ерекше ерлігімен көзге түскен.
1943 жылы жарақатынан айығып, үйренген Алматысына екінші дәрежелі мүгедек болып оралған Шоқыр, суретші­лігімен бірге жаттықтырушы­лықпен де айналысады. Арасында өзі де жаттығуын үзбей, бірте-бірте спорттық жарыстарға қатыса бастайды. Ол 1944-1947 жылдар арасында бірде «Динамо», бірде «Спартак» ерікті спорт қоғамдарының Одақтық жарыстарында күміс жүлдегер атанған. Сол кезде қатарынан үш рет Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы болған. 1947 жылы осындай спорттық табыстары үшін қазақ жастары арасынан тұңғыш рет КСРО спорт шебері атағын алған. Дерек көздері бойынша ол 223 рет ринг төріне шығып, соның 199 кездесуінде жеңіске жеткен, бұл дегеніңіз 90 пайыздық көрсеткіш.

Шоқыр Бөлтековтің КСРО-ның абсолютті чемпионы  Николай Королевпен жүздесіп тұрған сәті. 1957 жыл
Шоқыр Бөлтековтің КСРО-ның абсолютті чемпионы
Николай Королевпен жүздесіп тұрған сәті. 1957 жыл

Ол 1947 жылдан бастап бірыңғай бапкерлік іспен айналысады. Сол жылы КСРО біріншілігінде жүлделі орынға іліккен Махмұт Омаровтан бастап Шоқыр тәрбиелеген қазақстандық боксшы­лар бүкілодақтық аренаға көтеріле бас­тайды. Кезінде оның тәрбиесінен шыққан ағайынды Омаров пен Рехерттер, Е.Хасанов, А.Үсенов, Н.Титов, А.Кадетов, С.Әбденәлиев, А.Құлыбаев, Х.Нұрсейітов, т.б. талай рет ринг төрінде атой салғанын бокс жанашырлары әлі күнге ұмытқан жоқ. Қазақстан құрамасының да бокс әлеміндегі табыстары қомақты еді. Осыларды ескере келе Шоқыр Бөлтекұлына 1964 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы деген құрметті атақ берілген. Бірақ қандай да атаққа да, даңққа да пендешілік жасап қызықпайтын Шоқыр, сол бірқалыпты үйренген дағдысымен өмір сүре берген. Ешкімге бас имейтін қайсар тұлғаның адами қарапайым қасиеттері туралы оны жақын білетіндер таңданыспен айтады. Өз басым Шоқыр Бөлтекұлы туралы даңқты жерлесіміз, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқовтан, халықаралық дәрежедегі АЙБА төрешісі, спорт шебері Серік Әбденәлиев ағаларымыздан көп мағлұмат алдым. 1966 жылы ағамыздың 50 жасқа толу мерейтойы Алматыда үлкен көлемде аталып, боксшыларды тәрбиелеудегі еңбегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен бағаланыпты. Сол жылдары Шоқыр Бөлтекұлы келгенде Алматы жұртшылығы бір жасап қалатын еді дейді көзкөргендер.
Бүкілодақ көлеміндегі атақты ­боксшылар профессор К.В.Градополов, КСРО-ның абсолютты чемпионы Н.Королев, тағы бір КСРО чемпионы В.Огурен­ковтармен аралас болуы Шоқырдай бокс жаттықтырушысы деңгейінің қандай екендігін көрсетсе керекті. Ал Шоқыр суретші жөніндегі мәліметіміз аса көп емес. Біз көбінесе қазақ суретшілерінің басы деп Ә.Қастеевті атаймыз. Ол өмір бойына мамандығы бойынша суретшілікпен ғана айналысқан адам. Ал кейіпкеріміздің отызыншы жылдардың ортасында әуелі Бакуде арнайы училище, кейін Киевте көркемсурет академиясын бітіріп, Қазақстандағы бірден-бір көрнекті Абай атындағы опера және балет театрында, «Қазақфильм» киностудиясында суретші болып жұмыс істеуінің өзі көп нәрсені аңғартатыны анық. Бейімбет Майлиндей жазушының Шоқырға өтініш жасап, татардың даңқты жазушысы Ғабдолла Тоқайдың портретін арнайы салдыруы да тегіннен-тегін емес болар. Өкінішке орай, белгілі қазақ суретшілерінің қатарынан лайықты орынын алуға тиісті азаматтың салған сан алуан суреттерінің де тағдырлары белгісіз күйде қалуда.
Талантты адамның маңдайына әу баста тағдыр деген ұғым да қоса жазылады десек, сол тағдырдың бұйрығымен өмірден біреу ерте, біреу кеш жылжиды. Сол тағдыр Шоқырды Абай атындағы опера және балет театрында суретші болып жүргенде, қазақ би өнерінің жарық жұлдызы Нұрсұлу Тапаловамен табыстырады. 1954 жылы үйленген олардың отбасында Ақтоты, Ақсұлу есімді қыздар өмірге келеді.
Жоқшылық пен таршылықтың тауқыметін көп көрсе де мойымаған, бекзаттық биіктен төмендемеген аяулы азамат 1994 жылы 78 жасында дүниеден өтті. Төрт жылдан кейін аяулы жары Нұрсұлу апамыз да қайтыс болды. Өз өмірлерін мағыналы да абыройлы өткізген қос таланттың қазақ халқының ардақты ұл, қызы ретінде тарихта қалатынына күмән жоқ. Шүкіршілігі сол, олардың артында жоғарыда аталған көзінің қарашығындай екі қызы, Санжар мен Бауыржан есімді жиендері өсіп-өніп жатыр. Жап-жас күнінде кеткендігінен және өскен ортасына қарайлағандығынан ба, Шоқыр туған жерге ат ізін сала алмапты. Сол сияқты екі жақты аралас болмағандықтан осы тұрған Алматыға тумаластары тарапынан да іздеп бару жағы кемшін болулы. Қолдағы алтынды жоғалғасын іздейтін қазақшылығымыздан көрмесек, бұған ешқандай сылтау айтуға келмейді. Нұрсұлу апайды да кезінде осындай себептермен туған жұрты көп іздей қоймаған тәрізді. Егер қателесіп жатсақ, кешірім сұраймыз. Біздікі тек болған үстіне болсыншы деген тілектен және екі асылымыздың ардақты аттары жарқырай түссе екен деген ойдың туындысы ғой.
Соңғы кездері аты ұмытыла бастаған жерлесіміз Шоқыр Бөлтекұлын еске алу шаралары жөнінде Маңғыстау өңірінде алғаш бастама көтерген облысымыздағы бокс жаттықтырушысы Марат ­Жакиев болатын. Ақылдаса келе, әуелі оның өмірбаянын, даңқты спортшы туралы деректерді іздестіріп, өзіміз құрған бастамашыл топтың күшімен қажетті дайындық жасап алып, 2005 жылдың 19-23 қаңтарында Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық жарысты өткізгеніміз көз алдымда. Мұндай жарыс бүгінгі күнге дейін тоғыз рет өтті.
2010 жыл бокс жанашырларының есінде ерекше қалды. Себебі осы жылы ұлт басылымы «Ана тілі» газеті 16 сәуірде елге сын болатындай үлкен мәселе көтерді. Онда Шоқыр Бөлтекұлы мен оның ­зайыбы Нұрсұлу Тапалова туралы материал ­жарияланып, олардың күтімсіздіктен қараусыз қалған қабірлері туралы адам жанын тебірентерліктей мақала ­жарияланды. Көп ұзамай өзге де басылымдар бұл мәселені жарысып жазып жатты. Қос арыстың туған облыстарының әкімдеріне арналған хаттар да жарияланды. Алайда қай жақтан да көп қозғалыс бола қоймағандықтан, бір топ азды-көпті жеке бизнесі бар азаматтардың басын біріктіріп, ақылдасуымызға тура келді. Келісім бойынша Марат Жакиев Алматының «Кеңсай» зиратындағы марқұмдардың жерленген жерін суретке түсірген болатын. Сол ­Алматы қаласынан сәулетші тауып, бірнеше нұсқадан тұратын бейітке қойылатын ескерткіш-белгінің сұлбасын сызғызып әкелді. Қажетті қаржыны Меңдеш ­Салихов, Ибрагим Жақсымбетов, ­Татиев Амантай, Нұржан Жұмағұлов секілді азаматтар тауып берді. Сонымен, Марат ініміз бастаған маңғыстаулық азаматтар бас-аяғы жиырма күн ішінде көз тартарлық ескерткіш-белгі орнатты.
Осы жерде ерекше айта кететін мәселе, маңғыстаулық үлкенді-кішілі жүрегі елім деп соғатын азаматтардың ауызбірлігі мен ұйымшылдығы. Тоғыз рет өткізілген турнир­лердің барлығын да қаржыландырып, неше түрлі мәселелерін шешкен бұл азаматтарға қандай алғыс сезімін білдірсек те артық емес.
Маңғыстау боксының қалыптасуына үлес қосқан Рональдо Мелкумов, ­Александр Драч, Сайлаубай ­Елемесов, Жеңіс Жарылғапов секілді бапкер-ардагерлеріміздің есімін де құрметпен атаймыз. Өлке боксының қарқынды дамуына облыс боксшыларының бас жаттықтырушысы Жакиев Марат Исағалиұлының сіңірген еңбегі айырықша. Бокс әлемінде жастайынан көзге түскен, 20 жасында КСРО біріншілігінің жүлдегері, әлденеше халықаралық және одақтық турнирлердің жеңімпазы болған ініміз, бокс қолғабын шегеге ілгесін де өзінің сүйікті өнерін тастамай бапкерлікке ауысты. Облысымыздың барлық қала, аудандарында, алыс-жақын ауылдардың бірқата­рында бокс үйірмелері ашылып, Шоқыр Бөлтекұлындай атасының ізбасарлары көптеп өсіп келеді. Бұл дегеніміз, ертеңгі ел спортын биікке шығаратын болашағы мол ұрпақ тәрбиеленуде деген сөз. Біз аға ұрпақ, әрқашан, оларға қадамдарың сәтті болсын деген тілектестігімізді білдіреміз.
Көңілге қуаныш сыйлайтыны сол, боксшылар көп жерде заманауи талапқа сай спорт залдарында жаттығады. Сондай әмбебап спорт кешені Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеде салынып, Шоқыр Бөлтекұлының есімі берілген болатын. Қазірдің өзінде онда тәрбиеленген боксшылар, әртүрлі күрес түрлерінің палуандары түрліше халықаралық және республикалық жарыстарда көзге түсуде. Түрлі бағыттағы үлкен спорт кешені келесі жылы облыс орталығында ашылмақшы, оған да даңқты боксшы Шоқыр есімін беру жөнінде ұсыныс беріп отырмыз. Ендігі жерде оқу-жаттығу жиындарын өткізетін облыстық спорт интернат ашылса, әлі де болса жеткіліксіздеу болып отырған бапкерлер мәселесін жан-жақты шешсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Даңқты жерлесімізді көпке, әсіресе жас буынға кеңірек таныстыруды мақсат тұтқан облыстық өлкетану мұражайының қызметкерлері Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу Тапалова туралы ұлағат аларлықтай әсем де ыңғайлы жылжымалы көрме ұйымдастырып, игілікті іс бастады.
Қорыта айтсақ, өз өсінен айналатын домалақ жер сияқты өмір дөңгелегі де шыр айналып, әр кезеңде адамдардың әр буынының шындығын сахнаға түбінде бір шығарады. Өмір өзгермесе де, тіршілік тегершігі тағы бір айналғанда адамзат буыны алмасады. Сондықтан әрбір ­буыны келесі ұрпаққа өнеге боларлықтай ескерткіш қалдырады. Осы ретте бүгінде Тәуелсіз елдің азаматтарымыз деп шетімізден кеудемізді қағып жүрген біз де соңымызға қолдан келетін нәрселерден не қалдырдық деген сұрақты өзімізге қойып, ұялмайтын әрі лайықты жауабын берсек үлкен бір кісілік болар еді. Бұл ретте осы мақала көлемінде аттары аталған жарасымды жұп, барша қазақтың мақтанышы боларлықтай тұлғалар Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу Тапалованы ел есінде қалдырарлықтай қандай елдік шара алсақ та артық болмас. Әрине, олардың атына, рухтарына арналып жасалған азды-көпті істер бар, алайда ауыз толтыра айтарлықтай емес. Олардың әйгілі аттарына ономастикалық комиссия жақтан жасалған қошемет-құрмет мүлде жоқ десек болады. ­Республикамызда, Астана мен Алматыда бірде-бір көшеге, оқу орнына, спорт кешендері мен мәдениет сарайларына марқұмдардың есімдері берілмегенін айтсақ, мүсіндерін орнату жөнінде ауызға алудың өзі қиын. Дегенмен, Тәуелсіз мемлекетіміздің бүгінгі ұрпағы мұндай олқылықтардың орнын енді толтырар. «Ештен кеш жақсы» деп, атам қазақ босқа айтпаған шығар. Абзал асылдарымызды ұмытпай, қадір тұтайық, ағайын!

Сақып Керелбаев,
Маңғыстау облысының
Құрметті азаматы
АҚТАУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.