Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Ғылымның қарқынды дами беруіне барлық жағдай жасалады

Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық ­мерейтойына ­арналған салтанатты сессиясы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Президенті, ҚР ҰҒА академигі Н.Назарбаев қатысып сөз сөйледі. Сессия жұмысына ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, отандық ғылыми қауым өкілдері және Өзбекстан, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Украина, Татарстан ғылым академияларының басшылары қатысты.
Салтанатты сессияны ашқан ҚР ҰҒА президенті М.Жұрынов қазақстандық іргелі ғылымның басты орталығы болып табылатын Ғылым академиясы еліміздегі ең жоғары ғылыми ұйым екенін атап өтті. Академик ұйымның тарихы мен жетістіктеріне шолу жасап, бүгінгі күні республикамыздың әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты.
Алқалы жиында Елбасы Н.Назарбаев сөз сөйледі.

ҚР Президенті Ұлттық ғы­лым академиясын және ғылыми жұртшы­лықты 70 жылдық мерейтоймен құттықтады. Ең күрделі кезеңде құрылған бұл мекеме аз ғана уақытта еліміздің ғылыми жүрегіне айналып, ғалымдардың әлеуетін ұйыстыра білді. Ғылымның негізгі бағыттарын айқындап, олардың дамуына тың қарқын берді. Бүгінгі күні ғалымдардың қатары жастармен толығуда.
Елбасы бүгінгі мерейлі сәтте Қазақстан ғылымының іргетасын қалаған Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов және басқа ғұлама ғалымдардың есімін еске алды. Алдыңғы буынның ісін лайықты жалғастырып келе жатқан ғалымдар қауымы­ның елді дамытуға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдары қазақ ғылымы дамудың жаңа белесіне көтерілді. 25 жылда ғылыми ұйымдардың саны 2 есеге өсіп, 300-ден асты. Ғылымды қаржыландыру жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы 3 жылда ғана осы салаға 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта осы ұстанымнан айнымай ғылымның қарқынды дами беруіне барлық жағдай жасалады, – деді Елбасы.
Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуды көздеген елімізде отандық ғалым­дарға зор міндет жүктелуде. Өйткені бүгінгі экономика тек ғылымның негізінде дамып отыр. Бұған озық елдердің тәжірибесі дәлел. Шикізатқа тәуелді экономиканың тұрақсыздығына көзі жеткен елдер ғылымды дамытуға күш салуда. Қазақстан да заман көшінен қалмай, ғылым саласына бет бұрды.

– ХХІ ғасыр білім мен ғылым­ның ғасыры. Әлем 4-индустриялы дәуірге аяқ басты. Әсіресе қолданбалы ғылым шапшаң даму үстінде. Біз де заман көшіне ілесу үшін жаңа кеңістіктерді игеруге тиіспіз, – деді Президент.
Елімізге енді келіп жатқан жаңа ба­ғыт­­тарды өзімізде енгізу ел экономика­сының бә­секеге қабілеттілігін және халықтың өмір сүру сапасын арттырудың құрамдас бөлігіне айналмақ. Сондай-ақ заманауи ғылымда қазіргі күні гендік инженерия, заттану, ІТ-технологиялар, наноматериалдар саласы қарыштап дамуда. Біз үшін жаңа болып есептелетін бұл салалармен де шұғылдану уақыт талабы екені сөзсіз.
Елімізде ғылым мен өндірістің арасында тұрақты байланыстың болмауы ғылыми жаңалықтардың дайын өнімге айналу үдерісін тежеуде. Бұл ең алдымен ғылым саласын ұйымдастырудағы кемшіліктер екені жиі айтылады. Елімізде бар өнеркәсіптің сұранысын ескеру, олардың қажеттілігіне қарай бағдарлану отандық ғылымдағы ескі көзқарастардан арылуды талап етеді.
Н.Назарбаев ғылымды басқару және ғылыми орталықтар қызметін үйлестіру мәселесіне де тоқталды.
– Біз ғылымды орталықсыз­дан­дыр­дық, оның үлкен бөлігін ЖОО-ларға бердік. Бірақ олар әлі инновациялық ор­талық бола алмай отыр. Қазақстандық ғалым­дар өз нәтижелерін белсенді түрде па­тенттеп жатыр, алайда олардың басым көп­шілігіне сұраныс жоқ, – деді Президент.
Елбасы Ғылым академиясының қоғам­дық мәртебе алуы – уақыт талабы екенін айтты. Жалпы орталықтандыру, монополияландыру ғылым саласына жат әрі тиімсіз.
– Біз әлемдік тәжірибені зерделей отырып, Батыс Еуропа үлгісін қазақстандық дәстүрмен үйлестірдік. Сөйтіп, ғылымның әлеуетін сақтап қалдық. Міне, бүгінгі күні Ұлттық ғылым академиясы ірі интел­лек­туалдық орталыққа айналды. Дамыған елдерде ғылымды дамыту тек ғылыми институттардың міндеті емес, оған ЖОО-лар, ірі корпорациялар, шағын фирмалар, жеке ғалымдар да қатысуы тиіс, – деген Президент ғылым мен нақты экономиканы интеграциялаудың маңызын атап өтті.
Елбасы елімізде тәжірибелік-конс­трук­торлық жұмыстардың дамымай отырғанын айтты. Дамыған елдерде ғылым мен жеке сектор арасындағы байланыс жолға қойылған. Оларда ғылыми әзірлемелерді негізінен жеке бизнес қаржыландырады. Мысалы, АҚШ-та бұл 70 пайызға дейін жеке сектордың үлесінде.
Алдағы уақытта елді модернизация­лау­дағы маңызды инфрақұрылым – ЖОО, ҒЗИ, ірі кәсіпорындардың базасындағы Құзыреттілік орталықтарына жүктелмек. Олардың басты жұмысы – шетелде бар озық технологияларды қазақстандық жағдайға бейімдеу болады. Н.Назарбаев осындай орталықтардың үлгісі ретінде ­Назарбаев университетін мысалға келтірді. Elbasy  JJiyn
Президент Ғылым академиясының жанынан әдеп жөніндегі алқалық орган құруды ұсынды. Ол ғалым этикасының кодексін әзірлеуі тиіс. Бұл ғылым сала­сын­дағы плагиат және басқа да ке­лең­­сіз­діктердің алдын алуға ықпал ете­тіні анық. Сондай-ақ ғалымдарды ын­та­лан­дыру мақсатында атаулы сый­лықтар тағайындау, ғылыми журналдарды ха­лықаралық рейтингілік базаға енгізу де маңызды. Президент ғылыми жұмыс­тардың кемінде жартысы ағылшын тілінде жариялануы керектігін айтты. Бұл жаһан­­дық ғылыми кеңістікке кіру үшін қажет.
Бүгінгі күні дамудың басты негізі – білім мен ғылым. Ғылым ел үшін қажет. Тәуелсіздікті нығайтуға ғылым саласына жүктелетін міндет зор. Сондықтан Президент Білім және ғылым министрлігіне ең үздік зерттеушілеріміздің шет елдегі озық орталықтарда тағылымдамадан өтуі үшін қосымша гранттар бөлуді тапсырды.
– Ғылымды қолдау – біздің жаңа дәуір сын-қатерлеріне жауабымыз. 30 дамыған елдің қатарына кіру үшін біз осы бағытпен жүреміз, – деді Н.Назарбаев. – Академик М.Әуезовтің «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім» деген сөзі бар. Біз Мәң­гілік ел болуға ұмтылған, өрлеуді мақсат еткен халықпыз. Сондықтан өткен шаққа қарайлай берудің қажеті жоқ. Кейде мен «Шыңғыс хан қазақ екен» деген пікірлерді естігенде қарным ашады. Тек алдыға қарайтын кез келді, – деген Президент зиялы қауымнан есті сөз күтетінін білдірді.
– Бізге Тәуелсіздікті баянды ететін, Отанымыздың байлығын еселей түсетін зерек те зияткер ұрпақ керек. Олар рухани бай, тәуелсіздіктің киесін пір тұтатын, тарихын, діні мен мәдениетін қастерлейтін, денсаулығы мықты, өресі биік азамат керек. Бұл ұрпақ озық технологиялардың білгірі, жаһандық деңгейдегі кәсіби ­маман, ана тілімен бірге ағылшын тілін еркін меңгерген әрі отаншыл ұрпақ болуы тиіс. Сонда ғана қазақтың азаматы дүниежүзілік бәсекеге сай болады.
Сессия барысында ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев Ресей ғылым академиясының президенті В.Фортовқа, Elsevier Басқарма төрағасы және страте­гия­лық даму жетекшісі, Relaxgroup дирек­­торлар кеңесінің мүшесі Йонг Сук Чи мырзаға және академик Өмірзақ Айтбайға ҚР ҰҒА-ның Алтын медалін тапсырды.
Шетелдік қонақтар қазақстандық ғалымдарды академияның мерейтойымен құттықтап, сый-сияпаттарын ұсынды. Салтанатты сессия Қазақстан өнер шеберлерінің концертімен аяқталды.
Жиынға Елбасының арнайы келіп қатысуы Қазақстан Респбуликасы Ұлттық ғылым академиясының, ғалымдар қауы­мының ел дамуындағы зор үлесін бағалау әрі Қазақстанның жаңа жаңғыру кезеңінде ғалымдарға жүктеліп отырған міндеттің зор екенін аңғартып тұрғандай. Осылайша мерейтойлық жиында отандық ғылымның орны мен маңызына мән беріліп, алдағы уақыттағы бағыт-бағдары міндеттері айқындалды.

Дина Имамбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Асылжан

    Нағыз ғылымдарды дайындайтын оқу орындары керек!

  2. Рәзия

    Ғылымға, ұрпаққа жанашыр бола алатын ғалымдарымыз аз.

  3. Ардақ

    Президент айтудай-ақ айтып, тапсырма беріп жатыр.Көп нәрсе ғылым төңірегіндегі шенеуніктерге де байланысты сияқты. Бөлінген қаржының қайтарымы болса ғылым да дамыр еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.