Генетик

Жұртты жұбатқан  жаңалық

«Мен оны көптен бері жақсы білемін. Ол менің студентім болған кезде қабі­летімен ерекшеленді. Р.Берсімбаев – генетика мен молекулалық генетика саласындағы аса көрнекті ғалым».
Л.И.Корочкин,
Ресей Ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі,
1995 ж.

«Нағыз ғалым» деген ұғымды айшық­тайтын белгілі бір өлшемдер бар. Соның ең бастысы – зерттеушінің өз саласында талассыз мойындалуы. Егер оның беделі биік, еңбектері ерекше болса, алыс-жақын елдердегі әріптестері төбесіне көтеріп, алақанға салып аялайды. Оған қоса, ғылыми зерттеуінің нәтижелері шетелдің танымал басылымдарында жарияланып, елдің ыстық ықыласына бөленсе, бұл құрмет еселене түседі. Сондай-ақ, зерделі зерттеуші заманауи үрдістерді жетік біліп, шет тілдерін еркін меңгеріп, сол тілдерде оқып-жаза алса, өз ортасында айрықша беделге ие болады. Ал, осы талаптардың бәріне лайық адам ұлттық мұратты берік ұстанса, барша жұрт жаппай қадірлейтін тұлғаға айналады.
Қазақ елінің маңдайына басқан мықты ғалымдары баршылық. Бірақ әлгіндей қасиеттер олардың бәрінің бірдей бойынан толықтай табыла бермеуі мүмкін. Бірі аса білікті маман болғанымен, ілгеріде алтын бастауларынан ажырап қалғанына өкінеді. Екіншісі өз елінде танымал болса да, сырт жұрт оны біле бермейді. Үшіншісі өзге тілдің бәріне жүйрік, бірақ, өз тіліне келгенде ептеп мүдіреді. Төртіншісі, ғылыми мақалалары үнемі жарияланып жүрген белгілі ғалым болса да, жұрт алдында сөйлейтін тұста ойын шашыратып алады. Әйтеуір, бір кем дүние…
Ал енді жоғарыда аталған ерекшелік­тердің бәрі де бойынан табылатын зерт­теушілерді ұлттың ұйтқысы, зиялылардың зиялысы деп бағалауға болар. Біздің кейіпкеріміз Рахметқажы Берсімбай – нақ осындай ғибратты ғалым.
Рахаңмен ертеректе «Дарын» орталығы ұйымдастыратын мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі ғылыми сайыстардың бірінде таныстық. Сол жылы ғылыми ­жобаларды сарапқа салатын комиссияның мүшесі ретінде Астанада бас қосқанбыз. Комиссия құрамында өзім бұрыннан білетін қатарлас ғалымдар Амангелді ­Бисенбаев пен Қасым Дускаев та бар екен. Ер көңілді биолог Амангелді Қуанбайұлы мен «Су дегеніміз – өмір» деп тереңнен толғайтын гидролог Қасым Қоянбайұлы – өз саласын жетік білетіні өз алдына, адам ретінде сыйласуға әбден лайық жігіттер. Ал Рахметқажы аға сол Амангелдінің ғылыми жетекшісі екен.
Көп ұзамай еліміздің бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары сенсациялық жаңа­лық­ты жарыса хабарлап жатты. Жұрт бұған бірден елең ете түсті. Елеңдейтіндей реті бар еді. Осы уақытқа дейін Семей поли­гонының зардаптары тұқым қуалай­ды делініп келген-ді. Бұл жөнінде үздіксіз айтылатын, дамылсыз жазылатын. Тіпті ғылыми зерттеулердің де тұрақты тақы­рыбына айналған. Шындығында, олай емес болып шықты. Жалпы, жаңа тұжырымды ұсынушылар полигон кеселі­нің тұқым қуалайтынын мүлде жоққа шы­ғар­майды. Олар тек бұл зауалдың белгі­лі бір атамен шектелетінін дәлелдеп отыр. Сынақ аймағының тұрғындары үшін бір-бірінен сүйінші сұрайтындай ақжол­тай хабар қалың жұртқа тарап кетті. Сол күні белгілі генетик ғалым, ҚР ҰҒА акаде­мигі Рахметқажы Берсімбай біздің әріп­тестерімізге сұхбат беріп, өзі ашқан жаңа­лықты егжей-тегжейлі түсіндіріп жатты.
Сынақтан соңғы радиация кез-келген организмге залал келтіретініне дау жоқ-ты. Оның үстіне тұқым қуалау жыныс клеткалары арқылы жүретіні де белгілі. Сондықтан ғалымдар қауіпті кеселдің бірінші ұрпаққа әсер етуі мүмкін екенін айтады. Ал әрі қарай қалай болмақ? Генетикті осы мәселе көбірек толғандырған еді. Ол өз зерттеулері арқылы «Полигонның зардабы осы аймақты мекендеген адамның балаларына, немерелеріне қалай әсер етеді?», – деген сауалға жауап іздеумен болды. Тегінде, мұндай ауқымды зерттеулердің бәрі белгілі бір идеядан туындайды. Ал идея адамға түрлі жолмен келеді. Ғылыми басылымдардан кейбір мақалаларды оқып отырғаныңда ой түседі, сондағы тосын мәліметтер өзгеше тұжырымға жетелейді. Содан өз бетіңше қорытынды жасайсың.
Чернобыль атом электр станциясын­дағы апат Рахаңның тәуекеліне түрткі болған еді. Соның зардаптары жөніндегі мәліметтер Англияның «Nature» атты ғы­лыми журналында жарық көргеннен кейін бұл тақырыпты терең зерттеуге бел буды. Сөйтіп, іргелі ізденісті бастап кетті. Рахаңа тілеулес басқа ғалымдар да бұл зерттеумен айналысуға тілек білдірді. Әсіресе, Ұлыбритания, Финляндия және Американың генетиктері ортақ іске мол үлес қосты. Біздің кейіпкеріміз солардың бәріне басшылық етті. Зерттеу ісіне қыруар уақыт жұмсалды. Ақыры, бұлар «Үшінші ұрпақтан бастап радиацияның әсері бола қоймайды» деген тоқтамға келді. Шынында да, кейіннен туған балалар ­залалдан аман-есен болып шықты. Осы тұжырым арқылы Семей полигонынан зардап шеккендерді түп-тұқиянымен қосып аурулар санатына жатқызып қойған кейбір ғалымдарға лайықты соққы берілді.
Рахметқажы Берсімбай бастаған ғалым­дардың жаңалығы халықаралық деңгей­де сынақтан өтті. Бұл жөнінде «Science» журналында мақала жарияланды. Бүкіл дүниежүзіне тарайтын ғылыми басылым арқылы төрткүл дүние түгел құлақтанды. Осы саланы зерттейтін небір мықты ғалымдар Рахаңа арнайы телефон шалып, пікір алысты. Зерттеу нәтижелері АҚШ-тың Сенатында талқыланды. Ғылыми орта енді аталған жарияланымға қарап, тиісті қорытынды жасап, бағыт-бағдарын түзейтін болды.
Бұл – оның генетика саласындағы көп жаңалығының бірі ғана. Бірақ осы теңдессіз ғылыми нәтиже елеңдеулі елдің санасына өзгеріс енгізіп, жабыққан жұрттың көңілін орнына түсіріп, жұбаныш әкелгендей болды. Тіпті, біреулер көз жасына ерік беріпті деседі…

Үш үрдістің үлгісі

«Мен оны алғаш рет Лондонда, Дүниежүзілік фармакология конгресінде кездестірдім. Сол кезеңде ол өте өнімді жұмыс істеді. Соның бәрі оған аса беделді журналдарда 120-дан астам мақала жариялауға мүмкіндік берді».
Карл-Фридрих Севинг,
Ганновер жоғары медицина
мектебі медициналық зерттеулер
орталығының директоры,
1995 ж.

Бір күні алашқа танымал академик мемлекеттік қызметке келді. Мемлекеттік қызмет болғанда да, анау-мынау емес, еліміздің Білім және ғылым вице-ми­нистрінің орынтағына жайғасты. Дә­лірек айтқанда, мемлекеттік қызмет ака­демикке қолын ұсынды. Бұл оның айналасындағылар үшін тосын жаңалық болды. Өмір бойы ғылымның қазанында қайнаған, зерттеудің қазығына байланған адамның шенеуніктің шекпенін жамылуы шынымен де таңсық көрініп еді. Тілеулестері «Рахаңның ғылымдағы бірқатар жоспары орындалмай қалатын болды-ау» деп қауіп ойлады. Бірақ академик Берсімбай бұл қадамын да ойланбай жасаған жоқ-ты. Біріншіден, қызметке сол тұстағы жаңашыл министр Жақсыбек Құлекеев шақырды. Бұрын өмірі араласып көрмеген адамның қолқа салуы оның сенімін оятты. Екіншіден, оған ғылымды қадағалайтын сала ұсынылды. Ендеше, өзі білетін шаруа аса қиындық туғыза қоймайтын шығар. Үшіншіден, ғылыми ізденістерін дамытуға зор мүмкіндік ашылатынын аңғарды. Онсыз да жиі байланысып тұратын әлемдік деңгейдегі ғалымдармен кеңірек араласудың сәті түспек. Төртіншіден, инновациялық бағдарламаның жаңа басталып жатқан кезі еді. Соны ғылымға енгізудің басы-қасында болу міндеті жүктелмек. Сөйте тұра, бірден елп ете қалған жоқ. Өйткені, бұрынғы үйренген жұмысы жақсы еді. Сөзге келместен салып ұрып жетіп баратын жастан әлдеқашан асып кеткен. Сондықтан едәуір салмақтап-саралап, ақыры келісім берді.
Рахметқажы Берсімбай жаңа қызме­тінде де ғылымнан шеттеп қалмайтынын дәлел­деп шықты. Инновация мәселесі қолға алынып жатқан тұста түрлі ұсы­ныстар айтылды. Шет елдерден инновацияны елімізге әкеліп, бәрін бірдей өзімізге сіңірейік дегендер де болды. Рахаң бастаған басшылар бұған бірден қарсылық танытты. Олар көзсіз көшірменің ұшпаққа шығармайтынын салғаннан-ақ ұқты. Алдымен өз еліміздегі ғылым тәжірибесі басты бағыт ретінде белгіленді. Қалай болғанда да, Қазақстан – күллі жұртқа Ғылым академиясымен танылған ел. Академиялық үлгідегі зерттеулер талай жыл сынақтан өткен мәртебелі мектептің жемісі екені анық. Отандық ғылым елдің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ғалымдар әр кезеңде пайдалы қазбаларды іске жарату жөнінде бағалы ұсыныстар айтты. Өндірісті өрге сүйрейтін жобалар көптеп жасалды. Ғылым технологияны, технология ғылымды жетілдірді. Рахаң осының бәрін түпқазық етіп ұстанды. Ақыры, «өз ғылымымыз өз елімізге қызмет етуге тиіс» деген тұжырымға табан тіреді. «Шетелден тәжірибені көбірек алсақ, тезірек дамимыз» дейтіндерге осыны ұғынықты тілмен түсіндірді. Сөйтіп, ол нағыз ғылымға жанашыр әрі қорған болды.
Ғибратты ғалым Рахметқажы ­Бер­сім­бай кеңсе қызметін жатсынған жоқ. Өз саласының қыр-сырын жақсы білген соң, көп қинала қоймады. Қарапайым болмысы жұртшылыққа жақындауына жол ашты. Сәт сайын жиналыс өткізіп, елді әбден мезі қылатын мазасыз шенеунік болған жоқ. Нақты ғылымның өкілі ретінде мәселені турасынан қойып, тапсырманы қысқа-нұсқа етіп беруге дағдыланды. Кейбір әріптестері секілді жұртты есігінің алдында иіріп қойып, асықпай қабылдауға да әдеттенбеді. Шаруамен келген адам оның бөлмесіне еркін кіріп-шықты.
Қазір мемлекеттік қызметке талпынған жастарға үш тілді игеру талабы қойылады. Ал біздің кейіпкеріміздің тек-тұлғасы бұл талапқа о бастан сай келетін еді. Қазақшасы келісті, орысшасы оралымды. Ағылшын тілінде еркін көсіледі. Қысқасы, үш тұғырлы ғалым. Қазақ ­ауылында туған соң, ана тілінің қадір-қасиетіне ­жастайынан қанықты. Ресейде оқыған соң, орыс тілін жетік меңгерді. Халықаралық деңгейде зерттеулер жүргізетін болған соң, ағылшын тілін үйренуге ден қойды.
Көрші елдің құрамындағы Қосағаш ауданында қазақша оқыған, Таулы Алтайдың педагогикалық училищесін үздік бітірген ұғымтал ұлан Новосібір уни­верситетіне түскенде ағылшынша бір әріп танымайтын. Кез келген оқу орнында ағылшын тілі сабағы басталғанда дәріс­ке қатысушыларды тіл игеру деңгейіне қарай бірнеше топқа бөлетіні белгілі. Жас жігітті әліпті таяқ деп білмейтіндер­дің қатарына қосты. Ол әдепкіде қатты қиналды. Академиялық қалашықта бұрынғы одақтың әр түкпірінен келген озық ойлы қыз-жігіттер тұрды. Бұл солармен бірге оқыды. Шетінен сабақты үздік оқыған өрендер. Түгел дерлік өз республикаларындағы физика-математика мектептерін бітірген. Оның үстіне ғылымның қара шаңырағына айналған орталық тек мықтылардың мекені болу керек деген қағида бар. Сондық­тан бәрі де биікке ұмтылды, ерінбей еңбектенді, ізденуден жалықпа­ды. Біздің кейіпкеріміз де солардың шаңын қауып қалмауға тырысты. Ке­шікпей қатарластарын қуып жетті. Ағылшын тілі алынбас қамал емес екен. Бірте-бірте ойын жеткізе алатын болды. Сөйлем құрап жазуға кәдімгідей машықтанды.
Жалпы, бұл оқу орнында тіл үйре­немін деген адамға толық жағдай жасал­ған. Ағылшын тілі аптасына төрт рет оқытылады. Әрбір студент үшінші курстан бастап түрлі лабораторияларға бекітіліп қояды. Сол лабораторияларда көбінесе шетелдік ғалымдар жұмыс істейді. Олар ертелі-кеш зерттеулер жүргізіп, эксперимент жасайды. Мұнан артық қандай мүмкіндік керек? Елгезек студент солармен сөйлесуге талпынады. Шешіліп әңгімелесуге тілдік тәжірибесі жете қоймайды. Жас өреннің ынтасы зор екенін лаборатория меңгерушісі бірден байқап қойды. Көп ұзамай оны шетелдіктердің тобына қосты. Содан тілдің түйіні шешілді де кетті. Ақыры, отыз жасқа дейін ағылшыншаны тәп-тәуір меңгеріп алды. Бірақ басқа тілді үйренудің сәті түскен жоқ.
Белгілі бір тақырыпты зерттеуді қолға алғандар алғашқы қадамын ғылыми мақала жазудан бастайды. Рахаңның әдепкі жазған үш мақаласы да ағылшын тілінде жарияланды. Швейцарияның «Experientia» деген ғылыми журналында жарық көрді. Ал кейінірек тікелей ағылшын тілінде жазған кітабы басылып шықты. Ұлт ғалымы ретінде қазақ жұртына кең танылды, Ресейде оқып, ғылымын үйренген соң, сол елдегі әріптестерінің арасына беделді болды, әлемде өзіндік орны бар өзге мемлекеттер өкілдері алдында жаңалықтарын жария етті.
Сөйтіп, ол үш тілдің игілігін көріп, үш үрдістің үлгісін ұстанды.

Биікке бастаған  белестер

«Р.Берсімбаевтың еңбегі міндеттерді нақты қоюымен, тосын шешімімен, елеулі нәтижелерімен ерекшеленеді. Меніңше, ең жоғары бағалауға лайық».
Дмитрий Беляев,
КСРО Ғылым академиясы
Сібір бөлімшесінің Цитология және генетика институтының директоры,
КСРО ҒА академигі,
1977 ж.

О баста Рахаңның жетекшіден жолы болды. Новосібірдің академиялық қалашығында 1957 жылдан бері қызмет істеп келе жатқан әйгілі академик ­Рудольф Иосифович Салганикке шәкірт болу бақыты бұйырды. Кеңес Одағының даңқты биохимик ғалымы білмекке құштар қазақтың қара баласын бірден бауырға тартты. Отан соғысының қанды қырғынын бастан өткерген ол шәкірттерін өз баласынан кем көрмей, үнемі мейірбандық танытты. Ғылымның өз өкілі болуға баулыды. Академик ол кезде Цитология және генетика институты директорының орынбасары болатын. Бір жағынан университетте молекулалық биология кафедрасын басқарды. Мақалаларын ағылшынша жаздырып, шет елдердің ғылыми басылымдарына ұсынып жүрген де – сол кісі. Лениндік сыйлықтың және КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ­Рудольф Салганик қазір 94 жаста. ­Америка Құрама Штаттарындағы Солтүстік ­Каролина университетінде қызмет істейді.
Рахметқажы аға кейін Ұлыбританияда бір жылдық ғылыми тәжірибеден өтті. Сөйтіп, ағылшыншасын жетілдіре түсуге мүмкіндік туды. Бұл тұста оның шет елдерде бірнеше мақаласы жарық көрген-ді. Соның алдында ғана Шотландияға барып, халықаралық конференцияға қатысып, баяндама жасап қайтқан-ды.
Англияға баратын ғалымға қатаң талап қойылды. Біріншіден, ол генетик болуы керек екен. Екіншіден, ағылшын тілін жете меңгеруі шарт. Үшіншіден, өз саласында ашқан жаңалықтары есепке алынады. Бұл кезде Қазақ ұлттық университетінде қызмет істейтін Рахметқажы Берсімбай сол талаптарға лайық ғалым еді. Сондықтан оның кандидатурасы дау тудырған жоқ.
Лондонның Ұлттық Корольдік ­инсти­тутында Нобель сыйлығы ­лауреат­тары лекция оқыды. Білімдері көл-көсір болса да, қарапайымдылығынан танбай­ды. Біздегідей шыжыған шілдеде буы­нып, галстук тағып жүргендерді мүлде көрмейсің. Аудиторияға жеңіл киі­ніп келе береді. Шетінен кішіпейіл. ­Нобель сыйлығын алып едік деп, танауын ас­панға көтермейді. Сені өзімен тең санап, әң­гімеге тартады. Шетелдік ғалымдардың ішінде Рахаңның ағылшын тіліндегі алғашқы мақалаларын оқығандар да бар екен. Солардың бірқатары арнайы келіп, жолығып, пікір бөлісті. Тіпті кейбірі өз мемлекеттеріндегі ғылыми орталықтарға қызметке шақырды. Осыдан соң Рахаң ағылшыншасын жетілдіруге құлшынбай қайтсін?! Ұлыбританияның ғылыми мектебі оның тілдік қорын байыта түсті. Қазіргі күні шет елдерде жарияланған мақалаларының өзі елуден асты.
Жалпы, генетика ғылымына қалай келіп еді өзі? Бала біткенге өзі жақсы кө­ретін мұғалімінің қалыптастырған танымы санасына сіңіп қалатын көрінеді. Таулы Алтайдың педучилищесінде оқып жүргенде биология пәнінің оқытушысы өз сабағын өте қызықты етіп өткізетін. Ол тек оқулықтағы мәліметпен ғана шектелмейді. Пәнге қосымша үйірмелер ұйымдастырады. Сол үйірмеге кірсең, шыққың келмейді. Бұл өмірде биологиядан артық нәрсе жоқтай көрінеді. Өзі де бала кезінен жаратылыстың сырларын зерделеп көруге құмар еді. Биология пәні соның бәріне кеңінен жол ашты. Тегінде, оны адам миының құрылысы қатты қызықтыратын. Ми қандай заттан құралады? Оған ой қайдан келеді? Ол ой қалай сақталады? Сосын қалай қорытылады? Жас жігітті осындай сауалдар үнемі мазалайтын да жүретін.
Новосібір университетінің медици­налық-биологиялық бөлімін бекер таңдаған жоқ. Бұл кезде Трофим Лысенконың әйгілі дауынан кейін қудаланған генетиктер еркіндік алған-ды. Солардың бірқатары Новосібірде бас қосты. Атақты Николай Вавиловтың біраз шәкірттері де осында жиналды. Олар жаңаша көзқараспен жаңа зерттеулерге құлшына кірісті. Сөйтіп, академқалашықтың ғылыми дәстүрі дамыған үстіне дами түсті. Рахметқажы сынды жас ғалымдар солардың ілімінен үзбей нәр алды.
Новосібірдің ғылыми мектебі кейін іргелі ізденістерге жол ашты. Ұлы­бри­таниядан соң, Ганновер меди­циналық ғылыми-зерттеу институтында, Еуропа молекулалық биология лабораториясында, Жапонияның Ұлттық биомедициналық инновациялар институтында ғылыми зерттеулер жүргізетін тағылымдамадан өтті. Әлемді аузына қаратқан алып елдердің танымал университеттерінде дәріс оқыды. Бірқатар мемлекеттерде өткен халықаралық симпозиумдар мен форумдарда баяндама жасады. Әсіресе, жапон ғалымдарының жанкештілігіне таң қалады. Бұл елде өткен ғылыми конференцияларға бірнеше рет қатысты.
Жапония ғылымға жете мән береді. Халықаралық конференцияға елдің Премьер-министрі Синдзо Абе арнайы келіп, сөз сөйледі. Жапон генетиктеріне толық жағдай жасалған. Мықты ғалымдарға арнайы ғимарат бөлінген. Олар көптеген елдегі хирургиялық жолмен шешілетін проблемаларды клетканы өсіріп, ағзаға сіңіру арқылы реттеуге көшкен. Осы жолмен дауасыз делініп келген дерттің біразын ауыздықтауға болатын көрінеді. Жаңағы жапон зерттеушілері сырқаттың жанға батпауы, тәннің ауырмауы үшін тынбай жұмыс жүргізіп, ғаламат нәтижеге қол жеткізуде. Сырқатын сезінбейтін адам жасы ұлғайғанына қарамастан жұмысқа қабілетін танытады. Генетика – о ­бастан медицинамен ауылы іргелес қонған ғылым. Ұлттың ұрпағы мықты болсын десек, генетиктерге кеңінен өріс ашу керек. Адамның семіп қалған мүшелері қатарға қосылып, клетканың қызметі жаңғырып жатса, генетик еңбегінің жанғаны емей немене?
Шет елдердің лабораторияларында болып, осының бәріне көзі жетіп отырған қазақ ғалымы алдағы күнге сеніммен қарайды. Генетиктердің айы оңынан туатын кезеңнің келеріне еш күмәнданбайды. Бұл үшін өз еліміздегі ғылыми жобаларды ілгерілетіп, әлемдік ғылымға қол созуымыз керек. Біздің кейіпкеріміздің берік тұғырнамасы осындай.

Ұлттық ұстаным  ұлағаты

«Р.Берсімбаев – халықаралық деңгейде толықтай танылған белгілі ғалым.
Мен онымен бірнеше рет кездескенде ғылыми жетістіктерінің мойындалғанына көзім жетті».
Дж.Р.Тата,
Ұлыбританияның Корольдік қоғамының
толық мүшесі, Даму биохимиясы
лабораториясының меңгерушісі,
1995 ж.

Генетик болған соң, оны ғылымның осы саласының қазақ тіліндегі насихатталуы да ерекше толғандырады. Бірнеше тіл білетін Таулы Алтайдың қазағы өз зерттеулерінің өз жұртына мейлінше ұғынықты болғанын қалайды. Сондықтан молекулалық генетика терминдерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздігін дайындап, бастырып шығарды. Салалық сөздік нағыз маман араласқанда ғана құнды болмақ. Рахаң да әрбір атау сөзді, түпкі мағынасына үңіле отырып, зор ықыласпен енгізді. Ол терминдерді оңды-солды қазақшалап тастайтындарды қолдай бермейді. Мәселен, клетканы «жасуша» деп аударатындарды соншалықты құптай қоймайды. Оның атам заманнан келе жатқан «клетка» деген атауын сақтап қалғанын қалайды. Сонымен қатар, генетиканы «тектану» деп жүргендерді де онша мақұлдамайды.
Терминнің бәрі төл тілімізге сіңе бергені дұрыс, әрине. Бірақ біртіндеп сіңуі керек. Өйткені, әзірге кейбір атаудың бүкіл болмысын, мән-мағынасын дәл танытатын баламасы табылып тұрған жоқ. Әлем ғалымдары түгел қолданатын ұғымдар өзгермегені дұрыс. Ол осы ұйғарымға табан тірейді.
Мұны бұрынғы жүйенің дәстүрлерінен ажырамауға тырысушылық деп түсін­беген жөн. Әйтпесе, академиктің жаңа­шыл­дығында мін жоқ. Оның қай кезде де заманға лайық қадам жасайтын дағ­дысы Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректоры қызметінде айрықша байқалды. Ол бұл оқу орнына шет елдермен тығыз байланыс орнату үшін шақырылды. Академия түлектерінің халықаралық тәжі­рибеден өту үдерісіне басшылық етті. Сырт елдегі жылт еткен жаңалықтың бәрін өз дәстүрімізге бейімдеп енгізді. Сонымен қатар, шетелдегі тәжірибе кезінде өзі де академик басымен мемлекеттік басқару ісінің магистрі дипломын алып шықты. Ондағылар бұған дипломды жоғары оқу орны басшыларының бірі әрі танымал ғалым болғаны үшін бере салған жоқ. Сол үшін міндетті шаралардың бәрін атқарды. Басқа тыңдаушылармен бірге лекцияның бәріне қатысты. Магистрлік дәреже беру үдерісі үш саты арқылы жүзеге асады екен. Алғашқысы – сертификат, екіншісі – диплом, үшіншісі – диссертация. Әрқайсысына алпыс кредиттен тиесілі. Рахаң академикпін деп бәлсінбей, соның бәрін ойдағыдай орындап шықты. Жаңалыққа жаны құмар болмаса, сөйте ме?
Рахметқажы Іскендірұлы – Таулы Алтайдың перзенті. Ресейдің Алтай өлкесіндегі қазақтар мекендейтін Қосағаш ауданының Жазотыр ауылында өмірге келген. Жиырмасыншы ғасырдың басында Қазақстанға қараған аядай ауылдың мектебінде жеті жыл қазақша оқыған ұлан кейін үш мектептің бесігінде тербелді. Жастайынан ұлттық ұғымдарды санасына сіңіріп өсті. Есейе келе көрші елдің дәстүрлеріне қанықты. Кейін Батыс менталитетін игерді. Осы үш арнаның игі үрдістерін көңіліне мықтап ұялатты.
Ол туған жерінің мәртебесін ұлықтау­дан жалыққан емес. Ілгеріректе Алма­тыдағы М.Әуезов музей-үйі жанындағы халық уни­верситетінде Алтай қазақ­та­рының тыныс-тіршілігі туралы арнайы дәріс өт­кізді. Жиылған жұрт ойы оралымды, бай­ламы байсалды, танымы терең биолог­тың сөйлеген сөзіне таңдай қақты. Деректері мен дәйектерін қызықты етіп айта біледі екен. Қазір де туған жерден тамырын үзген жоқ. Былтыр Алтай өңіріне сапар шеккен экспедицияның құрамында елге барып-қайтты. Сапарластарына туған же­рінің тарихын армансыз әңгімеледі. Қосағаш қазақтарының жай-күйі – оның таңды-таңға ұрып жырлайтын таусылмас тақырыбы.
Бүгінде Рахметқажы Берсімбай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті жалпы биология және геномика кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істейді. Бұл оқу орнына әуелде ректор Бақытжан Әбдірайымның ұсынысымен ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректорлыққа шақырылған еді. Кейін ғылыми зерттеулеріне кеңінен өріс ашқанды жөн көріп, Клеткалық биология және биотехнология институтының директоры, молекулалық генетика лабораториясының меңгерушісі болды. Оның жеңіп алған ғылыми жүлделерінде есеп жоқ. Шет елдердегі аса беделді ғылыми орталықтардың гранттарын иеленді. Ұлыбритания Корольдік қоғамының П.Капица атындағы сыйлығының ­лауреаты. «Құрмет» орденінің иегері. Абырой-беделі жеткілікті. Ең бастысы, өзге мемлекеттердегі әріптестері онымен кәдім­гідей санасады, таласты мәселелер туындай қалса, қазақстандық ғалымның пікіріне ықыластана құлақ түреді.
Қазақтың аса танымал генетиктері саусақпен санарлық. Рахметқажы аға – сол аз ғана ғалымдардың ішіндегі бірегейі. Жалпы, генетик болу бар да, ұлт мүддесін ойлайтын маман болу бар. Дәрігер халықтың саулығына алаңдайды. Мұғалім ұрпақтың көзі ашық болғанын қалайды. Ал ұлт мұратын ұстанған генетик елдің болашағының қамын ойлайды. Қазақ елінің келешегі кемелденіп, қазақ жұртының саны молайып, қазақ ұланының тектіліктен ажырамай, үнемі жетіле беруін жан-тәнімен тілейді. Жылдар бойы жиған бүкіл ілім-білімін соның жолында сарп етеді. Адам баласы ерте қартаймай, ұзақ ғұмыр сүруі үшін күндіз-түні зерттеу жүргізетіндер де – солар. Сондықтан өркениетті елдер ғибратты генетиктерін пір тұтады. Биологияның осы бір аса қиын саласын таңдап, дараланып шыққан Рахметқажы Берсімбай да – сондай тұғырлы тұлғалардың бірі.

* * *
Қазақ тұрмысының ілгері болуына қызмет ететін қазақ генетикасының көшбасшысы Рахметқажы Берсімбай бүгінде халықаралық деңгейде танылған көрнекті ғалым атанды. Ендеше, бір кезде Жазотырдағы мектепте жеті жыл оқып, Таулы Алтай педучилищесіне түскен баланың биологияға құмарлығын оятқан баяғы ойлы оқытушының еңбегін қалайша бағаламассың?!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.