Бірлік – береке бастауы

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс айту күніне арналған форумы өтті. Форумға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиында Г.Әбдіхалықова Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс айту күніне арналған құттықтау сөзін оқып берді.
«Алғыс айту күні – бұл біздің мемлекеттік және қоғамдық күнтізбемізде жақында ғана пайда болған ерекше күн. Алайда аталған жас мерекенің тарихи тамыры тереңде жатыр. Ол мейірімділік, рақымдылық, бір-біріне көмек пен өзін-өзі құрбан ету сынды адамның ең асыл қасиеттері көрініс тапқан алмағайып заманды еске салады» делінген Президент құттықтауында.

Алғыс айту күні еліміздегі түрлі ұлт өкіл­дерінің қазақ халқына деген ризашы­лықтарын білдіруіне мүмкіндік туып отыр. Рухани-адамгершілік астары мол бұл мереке халқымызды одан әрі жақындастыра түсуде. Алғыс айту күні Қазақстан жерінде бас қосқан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері өткендеріне көз жүгіртіп, ата-аналарына құрмет көрсетеді. Сондай-ақ тарихи тағдыр біріктірген қазақ жерінде бірлігі бекем, іргетасы ынтымақпен қаланған мемлекеттің болашағы үшін жауапкершілік жүгін бірге арқалау маңызды екенін терең сезіне түспек.
Елбасы хатында барлық қазақстандық­тарды мерекемен құттықтай келе, «Мен тәуелсіз елімізді бірлесіп құрып жатқан Қазақстан халқына ынтымағы мен ерік-жігері үшін алғыс айтамын. Қайы­рымдылық пен өзара көмек көр­сету дәстүрінің одан әрі нығая түсе­тініне сенімдімін. Алғыс айту күнімен баршаңызды шын жүректен құттық­таймын! Барлықтарыңызға бақыт, отба­сыларыңызға игілік, достық пен өсіп-өркендеу тілеймін» деп Қазақстан халқына алғыс айтты.

Қазақстан  Конституциясының 23 бабына өзгерістер енгізіледі

Ақордада билік тармақтары арасын­дағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Жиында Президент Н.Назарбаев Қазақстан Конституциясының 23 бабына өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді.
Жұмыс тобының жетекшісі Ә.Жақсыбеков бұған дейін Конститу­цияға өзгерту енгізу жөніндегі қазақ­стан­дықтардың ұсыныстарын баяндап берген болатын. Жұртшылық аталған реформаларды талқылауда жоғары белсенділік танытқаны мәлім. Н.Назарбаев ел азаматтарының сын пікірлері билік жүйесінде кейбір кемшіліктердің бар екенін көрсететінін атап айтты. Елбасы барлық ұсыныстар ескеріліп, назардан тыс қалмайтынына сендірді. Жұмыс тобы маңызды мәселе­лерді іріктеп алып, мұқият айналысатын болады.
«Біз үшін бір айқын мәселе – Қазақ­стан­ның негізгі саяси моделі сақталады. Президенттік республика болып қала береді. Сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесі дәуір талабына сай болуы тиіс. Реформалардың нәтижесінде биліктің бір тармағы өкілеттігін толық иеленіп, дербес жұмыс істейді. Өкілетті биліктің Үкімет пен атқарушы органдарға бақылауы күшейеді» деді Елбасы. Бұл мемлекеттің кәсібилігін арттырумен қатар, Ата заңдағы «Биліктің бірден бір бастауы – халық» деген қағиданың іс жүзіндегі көрінісі болмақ. Негізгі заңдағы өзгертулер референдумсыз, парламентік талқылау арқылы енгізіледі.
Президент Конституцияның 23 бабына өзгеріс енгізілетінін айтты. Жалпы заңдарға 35 өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс бар. Осының барлығы Президенттік өкілеттіктерді басқа тармақтарға беруді көздейді. «Реформалар президенттік өкілеттіктерді биліктің басқа тармақтары арасында бөлу үшін жүргізіледі. Прези­денттік басқару жүйесі 25 жыл ішінде өзінің алдына қойылған міндеттерді толығымен орындады» деп түйіндеді Н.Назарбаев.
Ал Ақорда өзінің «Твиттердегі» парақ­шасында ҚР Президенті Н.Назарбаев ҚР Конституциясының 26-бабын ескі редакцияда қалдыруды ұсынғанын хабарлады.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ  АЯСЫ КЕҢИ БЕРМЕК

27 ақпанда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ресей Федерациясының Президенті В.Путинмен ресми кездесуі өтті. Кездесу барысында екі ел басшылары өзара ынтымақтастық мәселелерін және халықаралық тақырыптарды талқы­лады. Президент Н.Назарбаев Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасында сенім мен түсіністік деңгейі жоғары екенін атап өтті.
Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл болды. «Тығыз ынтымақтастық арқасында біз Еуразиялық экономикалық одақты құрдық. Бұл оның барлық қатысушылары үшін маңызды әрі перспективалы құрылым деп санаймын» деді Қазақстан Президенті. Ресей еліміздің басты экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Бүгінгі күні Қазақстанда Ресейдің 7 мыңнан астам кәсіпорнының өкілдіктері жұмыс істейді. Олар қайта өңдеу өнеркәсібін құруға да атсалысуда. Елбасы 2016 жылғы Санкт-Петербург қаласында өткен кездесу аясында құны 3 миллиард АҚШ долларын құрайтын 41 келісімшартқа қол қойылғанын атап айтты. Бірлескен кәсіпорындар құру арқылы екі елдің де алға қарай ілгерілеуіне қадам жасалуда.
Президент Н.Назарбаев күн тәртібін­дегі халықаралық мәселелерге қатысты екі ел ұстанымының бірдей екенін айтты. Қазақстан мен Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аясында ортақ міндеттерді іске асыруға бірлесіп күш жұмсап келеді. «Ресей Сирия қақтығысын реттеу жөнінде бірқатар шаралар қабылдады. Астанада келіссөз өткізу туралы ұсынысты да осы ел білдірген болатын. Жалпы осы және басқа да мәселелерді шешу үшін жыл бойы бірнеше кездесу өткізу қажет. Қазіргі барлық мәселелер достық негізінде шешілуде» деді Мемлекет басшысы.
В.Путин Сириядағы қақтығыстарды реттеу туралы астаналық келіссөздердің сәтті өткені үшін Н.Назарбаевқа алғыс айтты. «Бұл үдерісте Қазақстан тарапы жағымды рөл атқарды. Сіздің арқаңызда ешқашан болмаған нәтижеге қол жеткіздік. Әсіресе атыстың тоқтатылуына бақылау жасау тетігі табылды, бұл – ең басты мәселе. Енді бұл Женевада өтетін келіссөздерге негіз болады» деді Ресей Президенті. В.Путин жаһандық мәсе­лелерді шешуде өзара қолдау қажеттігін жеткізді.
Президенттер кездесу соңында Еура­зия­лық одақ аясында жүргізілетін экономика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Елжан

    Қандай қиын жағдай болса да, бірлігімізді сақтап қалуға тырысуымыз керек. Бірлік – басты байлық.

  2. Самал

    Біз осы бірлік сөзінің мән-мағынасын, қадірін түсініп жүрміз бе? Бізде, яғни қазақтарда өзара ауызбірлік бар ма?.. Болса, бәріміз бірауыздан ана тілімізді қастерлеп, қолпаштап, қазақша сөйлейтін едік қой…

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.