Маңғыстау облысы

Газетіміздің «Ұлы дала атаулары» айдары кең байтақ даламыздағы жер-су, елді мекен және т.б. атаулардың тарихын, шығу тегін оқырман қауымға таныстырып отыруға бағытталған. Былтырдан бері біз Оңтүстік Қазақстан облысы­ның атауларын жариялап келсек, оның алдында Жамбыл, Қостанай және т.б. облыстарды қамтыған едік. Осы нөмірден бастап шежірелі өлке – Маңғыстау аймағының атауларына тоқталамыз. Материалдар топономика саласының білікті маманы, ғалым Бибатпа Көшімованың «Маңғыстау облысының топонимиясы» атты кітабы бойынша ұсынылады. «Ұлы дала атаулары» айдарын әдеттегідей өлкетанушы, тұрақты авторымыз Молдияр Серікбайұлы жүргізеді. 

Ағашқұдық – құдық. Үстірттің Солтүс­тік Кемерінің батысында орналасқан. Ағаш (зат есім) және құдық (зат есім) сөздерінен бірігіп жасалған атау. Мағынасы: «ағашпен шегенделген құдық».
Ағашты – бұлақ. Шығыс Қаратаудың оңтүстік баурайында орналасқан. Ағаш және сын есім тудыратын «–ты» жұрнағының бірігуінен жасалған атау. Бұлақ басында ағаш өсуіне байланысты «ағашты бұлақ» аталған.
Ағымәулие – қорым. Маңғыстау ­ауданында орналасқан. Ағым және әулие сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Бұл әулие – қыз әулие және қазаққа дейінгі (мүмкін түркімен, ноғай, не оларға дейінгі тайпалардыкі шығар) өмір сүрген кісі деген мәліметтен басқа дерек жоқ (С.Қондыбаев, 2000, 12).
Ада – құмқайыр. Қарақия ауданында орналасқан. Ада сөзі Э.В.Севортянның сөздігінде – «арал; өсімдік өскен арал, өсімдігі бар арал» деген мағына береді (Э.В.Севортян, 1974, 87). «Ада» сөзі арал мағынасында түркімен, түрік, т.б. тілдерде қолданылады. Өзбек тілінде ота болып айтылады (Э.М.Мурзаев, 1984, 38). Сонда Ада атауының мағынасын: (өсімдік өскен, өсімдігі бар) деп білеміз.
Адамөтпесшалбар – түбек. Қараке­шудің Қайдақ шығанағымен жалғасқан тұсының солтүстігінде орналасқан. Теңіз­гидро­нимдерін зерттеген Ф.Г.Гарипова: «чалбар – «өзен саласы, тармағы» деп жазады (Ф.Г.Гарипова, 1991, 42). Атаудың мағынасы: «адам өте алмайтын терең, екіге айырылған сай немесе сор жер» болуы мүмкін.
Адамтас – мүйіс. Кендірлі-Қиясай Үстіртінің батысында орналасқан. Адам және тас сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы: «адам кейпіне ұқсас ­тасты мүйіс» деген болу керек.
Аджықұй – құдық. Кендірлі-Қиясай Үстіртінің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Аджы мен құй сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Аджы (көне түріктің сөзі)//ажы – суы ащы, бірақ мал ішуге жарамды құдықтарға қарата айтылып, солай жер атауы болып қалыптасып кеткен. Ажы – Севортянның сөздігінде: «ащы, ащы су, шипалы су» делінген (Э.В.Севортян, 89). Ал «Құй» деген сөз көне түркі және моңғол тілдерінде құд – құды – құйы – құй болып келетін, қазіргі қазақ тіліндегі құдық деген мағынада қолданылатын сөзбен төркіндес, яғни құй сөзі жоғарыда айтылып өткен көне түбірінің бір түрі (Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі, 132). Бірқатар түркі тілдерінде құдықты құй – кьую дейді. Ноғайша қуйы, құмықша къую, түрікменше гуйы. «Құй» сөзі өлкеміздегі құдық атауларында сақталып қалған: Ақшақұй, Үшқұю, Сайқұй, т.б. құдық атаулары кездеседі. «Құд (-ық) – құй – құйы сөздеріндегі «д» мен «й» дыбыстарының алмасып келуі түркі тілдерінде бар құбылыс. Құдық дегендегі -ық жұрнағы – етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ» (Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі, 132). Сонда атау «суы ащы құдық» деген мән береді.
Ажырықтыой – құдық, шатқал. Маңғыстау түбегінің шығыс бөлігінде орналасқан. Ажырық+ты (туынды сын есім) және ой (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған. Маңғыстаудың сортаң және шөлді өңірлерінде өсетін ажырық өсімдігіне байланысты аталған. Мағынасы: «ажырық көп өсетін ойдағы құдық немесе қоныс».
Айбүйір – қоныс. Бейнеу ауданында орналасқан. Атау ай (зат есім) және бүйір (зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы: «қияқтанып туған айдың бүйірі сияқты жер», жер бедеріне байланысты айтылған.
Айғыр – қорым. Түпқараған ауданында орналасқан. Ғалымдар мал аттарымен байланысты атаулар топонимдерде мағыналық жағынан басқа сипатқа ие болатынын айтады: «Айғыр сөзі «үлкен», «биік», «ірі» деген мағынасын береді» (Қаймулдинова, 36-37). Сонда атаудың мағынасы «үлкен қорым».
Айғырұшқан терең – құдық. Орталық Үстіртте, Маңғыстау ауданында орналас­қан. Мағынасы: «айғыр (мал) ұшқан терең құдық».
Айдарқарабас – шатқал, құдық. Үстірт жазығының батыс бөлігінде орналасқан. «Жерасты су қорының ең өнікті, ыңғайлы жерінен қазылған, мол сулы құдықты» – бас құдық, ал суы тайыздан шығатын жерді жергілікті ел «бас» дейді» (Ә.Спан, Ж.Дүйсенбаева, 185). Мағынасы: «шошақ болып үйілген төбелі шатқалдағы суы мол құдық».

«Маңғыстау облысының
топонимиясы» кітабы бойынша әзірлеген өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.