Қаламгерлер сайысы

Алматыдағы Оқушылар сарайында республикалық «Айқын» газетінің 13 жылдығына орай басылымның жүлдесі үшін әрі әз-Наурыз мере­ке­­сі­не арналған журналистер ара­сын­да дәстүрлі шахмат турнирі өтті.

Турнирдің ашылу салтанатында Алматы қалалық Тілдерді дамыту мұрағат және құжаттама басқар­ма­сының басшысы Мамай Ахетов, Жансая Әбдімәліктің анасы Алма Әшірова, Ж.Әбдімәлік атындағы Шахмат академиясының менеджері Ә.Нұрпейісов сөз сөйлеп, қаламы мен ойы жүйрік шығармашылық жарысқа қатысу­шыларға сәттілік тіледі. Белгілі қаламгер Аян ­Нысаналин бұл ­сайысты келесі жылы көрнекті қаламгер, шахмат шебері Тәкен Әлімқұловтың атындағы турнир ретінде өткізуді ұсынды.
Аталмыш жарыс алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынын тілге тиек еткен «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіп: «Газетіміз биыл бір мүшелге толды. Осы айтулы мерекені қалай өткізсек деп көп ой-ландық. Нәтижесінде шахматтан турнир өткізуге бел байладық. Бұл арқылы журналистердің қолынан шахмат ойнау келетіндігін көрсетіп, мықтылар ойынын кеңірек насихаттағымыз келді» деді.
Биылғы сайысқа әртүрлі басылым, сайт, телеарнадан келген жалпы саны 30 шахматшы қатысты. Ойындар «швейцар жүйесі» бойынша өткізілді. Тартысты кездесулер нәтижесіне тоқталар болсақ, бірінші орынды Арсилан Алахунов иеленді. Ол 7 ойыннан 6,5 ұпай жинады. Екінші орынды 6 ұпайымен Қуаныш Сүлеймен иеленді. Ал жүлделі үшінші орын 5 ұпай жинаған Бақдәулет Құмарға берілді.
Бұдан басқа Асқат Байпейісов, Қанат Қаматаев пен Түсіпхан Нұрбек есімді журналистер әртүрлі аталым бойынша марапатталды. Ал шахмат турниріне белсене қатысқан бірқатар журналистерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен бірге Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және БІЗ» және Ермахан Шайхының «Қоңыр қажының күнделігі» кітаптары турнирге қатысқандарға тарту ретінде берілді.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.