ХАН ОРДАЛЫ САРАЙШЫҚ

Еңсемізді тіктеп, рух беретін қазыналы жылнамамыздың  жұмбақтарын ашып,  тарихымыздың  топырақ басып,  су шайып, күн қақтаған тұстарын  жарқырата көрсететін кез келді. 

Астанада өткен «Сарайшық: ұлы дала тарихы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан осындай ой түйдік. Осы орайда, бел шешіп, белсеніп келген 40-тан астам отандық және шетелдік ғалымдар орта ғасырлық қалашықтың құрып кету қаупі, жалпы Қазақстанда тарихи ескерткіштерді қорғау, сақтау мәселелеріне қатысты ойлары мен пікірлерін ортаға салды. Бірден айта кетейік, бұл игілікті бастамаға Мәдениет және спорт министрлігі мен Атырау облысының әкімдігі бірлесе мұрындық болды.

Елбасы Н.Назарбаевтың мынадай бір сөзі бар: «Сарайшық топы­рағы қасиетті, өйткені исі түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары Тоқта, Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі Оқас, одан бергі Қасым хан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны мәңгілік жай тапқан жер, оны еліміздің алғашқы Пантеоны десек те болады».
Шын мәнінде Сарайшықтың қазақ халқының тарихында алатын орны ерекше. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген көне қаланың орны бұл күндері Жайықтың суына жұтылып барады. Оның мүлде жойылып кету қауіпі туғалы қашан. Сондықтан да археологиялық ғалымдар дабыл көтеріп, алаңдаушылық білдіруде.
Астанадағы конференцияның алдында Атырау қаласында Сарай­шық­ты сақтап қалу жөнінде үлкен жиын өткен екен, сол негізде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған бір топ азамат Ұлттық мұражайда ұйым­дастырылған халықаралық конференцияның бел ортасында отырды. Өйткені Сарайшықтың ендігі тағдыры облыстағы осындай жанашыр, рухты азаматтардың қолында тұрғаны түсінікті. Қазірдің өзінде әкімнің бастамасымен Сарайшық қалашығы маңайындағы жағалау бекітіліп жатқан көрінеді. Бұл үшін облыс бюджетінен 1 миллиард 60 мың теңге қаражат бөлінген.
Халықаралық ғылыми конференцияны ашқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы заманында Батыс пен Шығысты жалғастырған Ұлы Жібек жолындағы маңызды сауда орны әрі мәдени орталық болған Сарайшық туралы деректер араб, парсы елдерінің, батыстағы жұрттың жазбаларында кездесетінін атап өтті.
«Дегенмен, Сарайшық қала­шы­ғына табиғи-климаттық, антропогендік факторлардың әсері күшті болып отыр. Осыған орай, қалашықты сақтау және қалпына келтіру мәселелері өзекті. Бұл проблемаға біз білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын ­аударуымыз керек» деді ол.
Министрдің айтуынша, 2015 жылдан бері Сарайшық қала­шы­ғы­ның археологиялық екерткіш­терін реставрациялау және консервациялау ісінің сметалық-жобалау жұмыстары әзірленіп, биыл консервациялау жұмыстары жүргізіледі, алдағы жылы іс жалғасын табады.
Айта кету керек, Сарайшық қалашығының орны 1 гектардай жерді алып жатыр. Жайық өзенінің оң жағалауында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде одан Алтын Орда дәуірінің қалалық мәдениетінің бай материалдары табылған. Қазба жұмыстары барысында темір мен сүйектен, қоладан жасалған бұйымдар, фарфор ыдыс­тар, қыштан жасалған дүниелер шыққан. Сәулетті сарайлар мен монша, медреселер болғанын ғалымдар дәлелдеп отыр.
Егер бұрын Сарайшықты П.Паллас, Ф.Гебель сияқты еуропа­лық ғалымдар, Рычков, Левшин, Ка­рамзин сияқты орыс ғалымдары зерттесе, одан кейін өзіміздің ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан зерттеу нысанына айналдырды. Ұстазының ісін археолог, тарих ғылымының докторы Зейнолла Самашев жалғастырды.
Сол кісінің айтуынша, бүгінде қаланың нақты аумағын белгілеу қажет. Өйткені көп нәрседен айры­лып қалған екенбіз. 1989 жылдан бері ғана қалашықтың 60 метрдей жері Жайыққа жұтылып кеткен.
Конференцияда Ресей ғалым­да­ры – тарих ғылымының докторы, Миклухо Маклай атында­ғы этнология және антропология институтының жетекші ғылыми қызметкері Эмма Зиливинская «Ал­тын орданың қалалық тарихын зерттеу мәселелері», тарих ғылымы­ның кандидаты Вячеслав Плахов «Сарайшық қалашығын зерттеу, сақтау және мұражайландыру мәселелері», Санкт-Петербург заң шығарушы жиналысының депутаты, тарих ғылымының докторы Алексей Ковалев «Археологиялық мұра және заң шығару мәселелері» туралы ­баяндамалар жасап, ой бөлісті.
Ал профессор Мадияр ­Елеуов Қаратаудың айналасындағы қалалар, Жамбыл облысындағы Ақтөбе қалашығының, К.Ақышев атын­дағы археология институтының директоры Марал Хабдулина Аста­наның іргесіндегі «Бозоқ» қалашы­ғы­ның қазіргі жай-күйін баяндады. Олардың тағдыры да Сарайшыққа ұқсас.
Негізі археология ілімінде ортақ мәселелер көп. Оны бірлесіп зерттеуден ұтпаса, ешкім де ұтылмайды. Мәселен, археологиялық мұра туралы айтқанда Санкт-Петербургтен келген қонақ археологиялық қазба орнындағы бар байлық мемлекеттің меншігі болуы керектігін, заң оны қатаң қорғауы тиіс екенін алға тартты. Өйткені жекелеген адамдар өз беттерінше тарихи мұраларға қол сұғып, тонаумен айналысады. Ресейде ондайларға қатаң шара қолдану жағдайы қарастырылған екен.Бұл біздің елімізде де батыл жүзеге асырылуы керек.
Мәселенің сан қыры ортаға салынып, назар аударатын сан алуан пікірлер жиналғандар көңілінен шықты. Егер Сарайшықты сақтауды нақты жүзеге асырып, оны аспан астындағы ашық мұражай ретінде халық игілігіне ұсына білсек, тарихы терең ежелгі қала туристер ат басын бұратын бірден бір тартымды орын болмақ.
Біз үзіліс кезінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верси­тетінің профессоры, тарих ­ғы­лымының докторы Берекет Кәрібаевты сөзге тартқан едік:
– Қазақ өркениеті, Қазақстан тарихы, Қазақ хандығы ­туралы айтатын болсақ, көбінесе қалалық мәдениет төңірегінде Сыр бойындағы және Оңтүстіктегі, Жетісудағы қалалар туралы әңгі­мелейміз. Батыстағы қалалық мәдениет – Сарайшық туралы айтыла бермеуші еді. Себебі, Әлкей Марғұлан зерттеп кеткеннен кейін оған археологтардың күрегі көп тие қоймаған екен, – деді ол. – Сарайшық Алтын Орданың алғашқы кезеңдерінде-ақ саяси әкімшілік орталық ретінде көзге түскен. Еуропалықтар кезінде Сарайшықты Азияға шығатын қақпа деп бағалаған. Ал мен бұл азиялықтардың Еуропаға шығатын қақпасы болды деп айтар едім…
1513 жылға дейін Сыр бойын­дағы қалалардың барлығы Қазақ хандығының құрамына қосы­лып болды. Дегенмен, Қазақ хан­­дығының күшеюі құрамына Сарайшық қаласы қосылғаннан кейін толық жүзеге асты. Сол заманның тарихшылары «Дешті Қыпшақты Қасым хандай ешкім басқара алған жоқ. Халқының саны 1 миллионнан асты, әскері 300 мыңға жетті» деген баға берді. Қасым ханның тұсында Сарай­шық Қазақ хандығының саяси-әкімшілік орталығы болды. Атақты тарихшы Қадырғали Жалайри: «Қасым хан Сарайшық қаласында жерленген» деп жазып кеткен. Бұл тарихи факт. Сарайшықты сақтау, болашақ ұрпаққа мұра ретінде қалдыру өркендеуіміздің, рухани дамуымыздың бір негізі болып табылады».
Күні бойы осындай ортақ пікірге келген ғалымдар конференция қо­рытындысында арнайы қарар қабылдады.

Ғазиз ЕСЕМБАЕВ,
«Ана тілі» газетінің
меншікті тілшісі

Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.