Жері байдың – елі бай

Қазақтың жері өзінің даласындай дарқан, көңіліндей кең. Сол жердің асты мен үсті байлыққа толы. Оның қойнауында Менделеев кестесіндегі 110 элементтің 99-ы анықталып, 70-і барланып, 60-ы өндіріледі. Кеңес елі тарағанда, біздің жерде хром кенінің әлемдегі 90%, бариттің 82%, фосфориттың 65%, вольфрамның 38%, қорғасын мен цинктің 33%, мыстың 26% қоры қалған еді. Біз әлемде мұнай, газ, титан, қалайы, уран, алтын, т.с.с. қазба байлығы бойынша бай елдің біріміз. Сарапшылардың есебі бойынша бізде бағдарланған жер қойнауының байлығы АҚШ долларымен есептегенде 10 триллион болады екен (салыстырып көріңіз, ел жылына 200 млрд қана доллардың шамасындағы өнім өндіреді). Біз қазба байлығы жөнінен әлемде бесінші орында тұрмыз.

Ал Қазақстан жерінде барлық жағырапия­лық аймақтар кездеседі. Солтүстіктегі орманды, жазық жерлерде далалық, оңтүстігіндегі шөл және шөлейт, таудағы шалғынды альпілік, тіпті таулардың ұшар басындағы мұз­дақты табиғи аймақтары бар. Сол себепті Қазақстан жерінің үстінде жатқан байлықтың да мөлшері біраз. Біз Кеңес уақытында елдің Жалпы ішкі өнімінің үштен бірін сол жерді ауыл шаруашылығында пайдалану арқылы табатынбыз.
Жалпы жер, оның ішінде құнарлы бөлігі табиғаттың адамзатқа берген сыйы. Ол адамның өмір сүретін мекені ғана емес, сонымен қатар өмірге қажет өнім өндіретін негізгі құралы. Сондықтан адам қоршаған ортаға, жер мен суға мейлінше оң қарап, оның өз қасиеттерін жоғалтпауға, құнарлы жерлердің шөлді құмдарға айналмауына, ауыз суды таза ұстауға тырысуы қажет. Уақытында орманды да шөбі бар жерлерді ысырапты пайдаланудан, егістік алқаптардың жел мен судың салдарынан азуынан бір кездері «көкпеңбек» Орта Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка елдерінің біраз жер­лері бүгіндері ешқандай азықтық өнім бермейтін шөл мен шөлейтті аймақтарға айналған. Қазір Жердің қуаңшылық өңірі оның 41%-ын алып жатыр. Соңғы жүз жыл аралығында шөлді жерлерлердің көлемі әлемде 14%-ға артып, одан әрі де өсуде. Қазір әлемдегі 110 мемлекеттің 3,6 млрд гектар жері құнарсыздануда. Оның жылына 10 млн егістігі мен жайылымы тиісті күтім болмағанның салдарынан жарамсыз боп қалады екен. Эрозияға ұшыраған топырақты қайтадан қалпына келтіру, өте баяу жүретін үрдіс. Жердің 2,5 см құнарлығы жоғалған қыртысын қалпына келтіру үшін ең кемі 500 жыл қажет. Ал әлемде әр минут сайын 100 тонна құнарлы топырақ жойылуда. Жердің шөлейттенуі ауыл шаруашылық өнімдерінің азаюына әкеледі.
Өкінішке орай, бізде де жердің шөлейт­тену мәселесі жоқ емес. Біріккен Ұлттар Ұйы­мының Тұрақты даму департамен­тінің зерттеулеріне қарағанда, Қазақстан ­ау­мағының 60%-ға жуық көлемі шөлейттену үрдісіне ұшырау мүмкіндігі бар екен. Зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында cоңғы 25 жыл ішінде топырақтың қара шірік қабаты, яғни гумусы жоғары 1,6 млн гектар егістік жерлердің көлемі 256 мың гектарға дейін кеміген. Қазір елде егістік көлемінің 73% гумусы төмен жер­лерде орналасқан. Сол себепті ауыл шаруа­шылығында пайдаланатын жерлердің көлемі соңғы кезеңдерде күрт азайып кетті. Қазақ ауыл шаруашылығы аумағы мен агроөнеркәсіп кешені экономикасын дамыту ғылыми-зерттеу институтының мәліметіне қарағанда 1991-2015 жылдар аралығында ауыл шаруашылығындағы жерлер 198 млн гектардан 95 млн-ға дейін жеткен, яғни екі есеге дейін кеміген. Оның ішінде егістік 35,5 млн га жерден 24,3 млн-ға түскен, ал жайылымдық 4,6 млн гектардан 2 млн-ға дейін азайған. Кезінде елдегі барлық Жалпы ішкі өнімнің 34 %-ы ауыл шаруашылық өнімдері болса, қазір ол 5 %-ға де жетпейді.
Бізде қоршаған ортаның, жердің, судың ластануы барынша өршіп тұр, сол себепті жылма-жыл өндіретін ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемдік саны да, оның сапасы да төмендеп келеді. Мысалы, 2014-2015 жылы маркетингті экспортқа кететін азықтық бидайдың маңызы (клейкови­насы) ­26-28 ­­%-­ды құра­­­­са, 2016-2017 жылы оның мөл­шері 20-22 %-ға ғана жетіп отыр. Сол үшін биыл көптеген елдерге астық сата алмай отырмыз. Азықтық бидайымыз сапа жағынан, тіпті ресейліктерден де төмендеп кетті, ал мұндай жағдай бізде бұрын-соңды болмаған. Астық болса, Қазақстанда экспортты толтыратын азын-аулақ өнімдерге жатады, ал оның кейбір өңделген түрі бойынша шетелге сатудан әлемдегі елдердің алдындамыз. Сондықтан астық өндіруді өркендетуіміз керек.
Бұл мәселеге соңғы кездері Қытай елі көп көңіл бөліп келеді. Олар Африкадағы, Азиядағы және т.б. өңірлердегі мемлекеттерге, тіпті өзіне де сататын 160 млн тонна астықты Орталық Азияда өндіруді көздеп отыр.
Қаншама, тіпті ондаған миллионнан асатын халықтар өз жерлері болмағандықтан, ұлт есебінде егеменді мемлекеттікке қол жеткізе алмай отыр. Біздің дербес ұлт есебінде тәуелсіз ел болуымыз – осы киелі Қазақ же­рінің арқасы. Сондықтан жерге атүсті қарамай, оны барынша қадірлеп, қастерлеп, оған ұлттық мүдде тұрғысынан қарауымыз керек.

Серкеш Жауғашар,
Әлем халықтары Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Ізет

    Табиғат пен қоршаған ортаны аяласақ, жемісін жейміз.

  2. Алма

    Жер байлығының, табиғаттың қадірін білейік.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.