Іргесі берік елдің – еңсесі биік

«Ана тілі» газетінің 2017 жылдың №1 (1363) 6 қаңтар күні шыққан санында Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауылдық округінің әкімі А.Балтабаевтың «Шекаралық аудандарға ерекше мәртебе керек» деген сұхбаты жарық көрген болатын. Аталған материалда шекаралық аудандардың жағдайына байланысты көптеген маңызды мәселелер көтерілген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне, бірқатар министрліктерге хат жолданған еді. Жуырда көтерілген мәселелерге орай «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Ж.Кенжалиннің атына жолданған жауап хаттар да қолымызға тиді. Айта кетейік, бұл өзекті мәселеге Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов та көңіл бөліп, тиісті сала басшыларының назарын аудартқан депутаттық хаттар жолдапты. Алдымен, оқырман назарына ҚР Ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұловтың жауап хатын толық нұсқада таныстыра отырып, өзге де хаттарда айтылған мәселелерге тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Сіздің 20.01.2017 жылғы №20 хатыңызды қарастырып, мынаны хабарлайды:
Шекара аумақтарын дамыту туралы көтеріп отырған мәселе өзекті және назар аударуды қажет етеді, осыған орай бүгінгі күні мемлекет тарапынан шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша мемлекеттік қолдау көрсету шаралары қабылданған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 қарашадағы №1289 қаулысымен арнайы Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аудандарын дамыту жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған шаралар кешені бекітілді (бұдан әрі – Кешенді шара).
Кешенді шараны жүзеге асыру үшін, әрбір шекара маңындағы облыстар шекара маңы аудандарын дамыту бойынша Іс-шаралар жоспарын бекітті.
Аталған құжаттарда шекаралық аудандардың экономикасын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті, көлік-логистикалық және туристік инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарын жайластыру жолымен шекаралық аумақтарды дамыту қарастырылған.
Көрсетілген шараларды іске асыру тетіктері Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында қамтылған.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, 2016 жылы шекара аумақтарын дамытуға шекара маңындағы облыс әкімдіктері бекіткен іс-шаралар кешені шеңберінде, қаржыландырудың барлық көздерінен 124,6 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 55,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 32,4 млрд теңге, басқа көздерден 36,9 млрд теңге бағытталған. Көрсетілген қаражат есебінен 1409 іс-шара асырылып, 76 іс-шара іске асырылу кезеңінде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2017 жылдың 6 ақпанында шекара маңындағы елді мекендерді дамыту бойынша ұсыныстар енгізу және арнайы жұмыс тобын құру жөніндегі тапсырма берген болатын. Аталмыш тапсырманы орындау үшін, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен ағымдағы жылдың 21 ақпанында шекара маңындағы елді мекендерді дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобының құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, Президент Әкімшілігінің өкілдері және шекара маңындағы облыс басшылары енгізілді.
Қазіргі таңда, жұмыс тобы шекара маңындағы аудандарды дамыту жөніндегі жұмыстар жүргізуде. Алдағы уақытта жұмыс тобы ­шекара маңы аудандарын дамыту бойынша нақты ұсыныстарды Үкіметке енгізетін болады.

А.ЖҰМАҒҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика вице-министрі

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі ­Э.Сухан­бер­диева­ның атынан келген жауапта шекаралық аймақтардағы мектептердің ахуалына қатысты статистикалық мәліметтер келтіріліп, осы бағытта атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтылыпты. Хаттың мазмұнын зерделегенде түйгеніміз, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі елді мекенде мектеп болмаған жағдайда білім алушыларды таяудағы мектепке дейін және кері қарай тегін жеткізіп салуды ұйымдастырады. Еліміздің шекаралық өңірлерінде 2145 шағын жинақты мектеп орналасқан (ОҚО – 136, Алматы – 231, Атырау – 29, БҚО – 227, Жамбыл – 140, ШҚО – 358, СҚО – 413, Павлодар – 251, Қостанай – 360), онда 147 мың бала оқиды екен. Сонымен қатар министрлік 2016 жылы шағын жинақты мектептер оқушыларының сапалы білімге тең қол жеткізуі үшін «BilimLand» Білім беру платформасы» сандық жүйесін іске қосыпты. Хаттың соңында: «Министрлік білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне қатысты тиісті мемлекеттік органдармен және өңірлік әкімдіктермен келісу жұмыстарын жүргізуде» делінген.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С.Жақыпованың атынан келген жауап хатта сұхбатта айтылған шекаралық аудан тұрғындарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру мәселесіне орай: «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес республикалық бюджеттен берілетін әлеуметтік қолдау шаралары Қазақстан Республикасының азаматтарымен қатар, республика аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға теңдей көрсетіледі» дей келе, әлеуметтік көмектердің түрлері мен сипаты жөнінде егжей-тегжейлі жазылған. Өкінішке қарай хаттың соңында шекаралық аймақтарда тұратын азаматтарға қатысты еліміздің әлеуметтік қамсыздандыру саласының заңнамаларына өзгерістер енгізуді орынсыз деп пайымдайтындықтары атап көрсетілген.
Шекаралық аудандарды дамыту туралы бағдарлама қабылдау, кәсіпкерлікті, туризмді дамытуға қатысты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Склярдан келген жауап хатта шекаралық аймақтардағы көлік қарым-қатынасы жайында кең ауқымды ақпараттар берілген. Жолдардың сапасын жақсарту, жөндеу жұмыстарын жүргізу, тасымалдар көлемін ұлғайту, үздіксіз жүруді қамтамасыз ету, автобекеттер мен станцияларды ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келтіру, шағын авиацияны дамыту жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылған. «Бұл ретте, әуеайлақтарды салу облыстық бюджеттерге нысаналы трансферттер түрінде республикалық бюджет есебінен, аэровокзалдар және коммуникациялар жергілікті бюджет және жеке меншік инвестициялар есебінен қаржыландырылуы жоспарлануда» делінген.
Хат мәтіндерімен мұқият танысу барысында шекаралық аймақтарға мемлекеттік салалық бағдарламалар аясында тиісті көңіл бөлініп жатқанын байқадық. Қалай болғанда да біз еліміздің шекарасын елді мекенсіз қалдырмау жағын ойлауымыз керек. Іргеміз берік болса, еңсеміз де биік болатыны сөзсіз.

Д.Айтқожа

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Албан

    Мәселе назарға ілікті деген осы болар. «Ана тіліне» рахмет!

  2. Саламат

    Іргемізді берік қылатын өзіміз. Осыны ұмытпайық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.