Ұлы дала үні

Кетті шарлап қазақ үні әлемді,
Төрткүл дүние саф дауысқа кенелді.
Мойындады таңдай қағып күллі жұрт,
Халық барын жер бетінде өнерлі.

Үзілердей болғанмен үн, талмады,
Қыран құстай көк жүзіне самғады.
Жүректерге ұялаған сырлы әуен,
Таңдантпасқа, тамсантпасқа қоймады.

Құлақ түрді жанды түгіл, жансыз да,
Тербелгендей тау менен тас, жар-құз да.
Аяқасты сала берді жадырап,
Мұңға батып, жабырқаған жалғыз да.

Димаш бауырым, ризамыз біз саған,
Ұл едің сен, қазақ күтіп аңсаған.
Ұлы дала тұратынын білеміз,
Көз алдыңда сахнада салсаң ән.

Шартарапқа қазағыңды таныттың,
Аяласын нұрын сеуіп жарық күн.
Тек атаңның ұлы емессің бүгінде,
Ұлысың сен қазақ деген халықтың.

Асып түскен бір-бірінен дарыны,
Жүйріктердей басылмаған арыны.
«Ассалаумағалейкүм» деп сәлем берер
алдымен,
Сендей болсын қазағымның бар ұлы.

Шырқа, шырқа,
Шарықтасын әсем ән,
Құйқылжып бір, әуелеген, тасыған.
Тұнық сезім дарытатын жаныма,
Қазақ үні мен өзіңе бас ұрам.

Нұрперзент ДОМБАЙ 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

6 Пікір

  1. Әдия

    Керемет өлең жолдары! Димаш сен мақтауға лайықсың. Өнерің өрге жүзсін. Осы бетіңнен тайма.

  2. Нұрилә

    Димаш, жарық жұлдыздай жарқырап, өнеріңмен таныла бер. Біз әрдайым сені қолдаймыз.

  3. Инабат

    Біздің Күніміз бен Айымыз тіл мен көзден аман болсын.

  4. Аноним

    Керемет өлең жолдары.Димаш баламызды қалай марапаттап жыр жолдарын жолдаса да артық болмайды.Күллі қазақтың мақтанышы

  5. Айдана

    Димаш, жұлдызың жарқырай берсін. Саған халқың риза. Бұдан да биік белестерге жет. Сенің бойыңда дарын да, талап та, бақ та бар. Осыларды қатар алып жүрсің. Жарайсың!

  6. Сұңқар

    Қанатың талмасын, Димаш.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.