Қаламымен қызмет еткен арыстар

ХХ ғасырдың басында ғана дүниеге келіп, еңсесін тіктей бастаған қазақ зиялылары жазықсыз айыптаулар, саяси қуғын-сүргін мен репрессияларға ұшырағаны белгілі. Арқалы ағартушылар, тыңға түрен салған ақын-жазушылар, қайраткерлік пен қаламгерлікті қатар меңгерген қоғам қайраткерлері, алдыңғы толқын алашшылдар мен олардың ізін басқан жас коммунистер, бәр-баршасы – 1937-38-де оққа байланып, ізім-қайым түнекке жұтылып жатты… Өткен өмір жолдарындағы ел қамын жеген ұлтшыл ниет-борыштары үшін араға ондаған жылдар салып «күнаһар» саналған, тәуелсіздік жолында шаһит болған арыс-азаматтарды еске алып, әруақтары алдында бас ию біздің парыз-қарызымыз. Сондай арыстарымыздың бірқатар есімдерін таныстырып, атқарған қызметтеріне тоқталсақ…

БЕКМЕТОВ Мұхамед-Мақсұд Хамидолаұлы (1883, бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі – 1912, Орынбор) – Алаш қозғалысының бастауында тұрған қайраткер, алғашқы қазақ публицистерінің бірі.Ауқаттылар әулетінен шыққан, Қарқаралы мен Омбыда білім алған. 1900 жылдан бастап Омбы пошта-телеграф кеңсесінің қызметкері болған. 1905 жылғы әйгілі Қарқаралы петициясы осы Бекметовтардың «Көк үйінде» дүниеге келді деген дерек бар. Өзін 1906 жылы патша жандармериясы тұтқындап, Қазан қаласына жер аударған. Өмір бойы полицияның бақылауында болып, екінші рет Орынбор қаласына жер ­аударылады.1908 жылы Қазан қаласында «Қазақ өлеңдері» атты жинағы жарық көрген. 1909 жылы Санкт-Петербургте шығатын «Речь» газетінде Ахмет Байтұрсынұлына бостандық берілуін талап еткен мақаласы басылған. Саяси-әлеуметтік һәм мәдени-танымдық мақалары орыс және қазақ тілдерінде мерзімді басылымдарда жарияланған (Сонда, 100-б.).
ДОСОВ Әбілқайыр Ысқақұлы (1899, бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Қотыркөл болысы – 1939) – мемлекет қайраткері, журналист. 1916 жылы Омбы орыс-қазақ жетім балалар пансионына орналасқан. 1917 жылдың соңынан бастап саяси күреске араласқан. Омбы қазақ кеңесіне сайланды, төтенше комиссияда түрлі жұмыстар атқарды. 1917 жылы «Кедей сөзі» газетінің редакторы болды. Ал 1920 жылы Қазақ АССР ОАК-нің төралқа мүшесі және хатшысы болып сайланды. 1926-27 жылдары Қазақстанның Бүкілодақтық ОАК-і жанындағы өкілі болды. Қазақстанның барлық облысында дерлік басшылық қызметтер – 2-ші және 1-ші хатшылық қызметтерін атқарды. 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы 8 наурызда ату жазасына кесілді (Сонда, 143-б.).
ЖАНТІЛЕУОВ Шайхы (1898, бұрынғы Орал облысы, Жымпиты уезі, Өлеңті болысы – 26.11.1938) – Алаш қозғалысына қатысушы, Қазақстанда мәдени даму ісін және баспасөзді ұйымдастырушы қайраткер. Жымпиты орыс-қазақ Романов училищесін және Орал мұғалімдер семинариясын бітірді. 1920 жылы РК(б)П қатарына өтіп, Орал, Семей, Қызылорда, Алматыда, бүгінгі тілмен айтқанда, облыстық үгіт-насихат басқармаларының басшысы болды. 1933-37 жылдары ҚазАССР Халық ағарту комиссариаты төрағасының (Т.Жүргенов) орынбасары лауазымдық қызметін атқарды. 1937 жылы «халық жауы Т.Жүргеновтің контрреволюциялық тобына қатысушы» ретінде тұтқындалып, атылды (Сонда, 166-б.). 1921-23 жылдары Орал губкомы үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары кезінде (облыстық) «Қызыл ту» газетінің редакторы қызметін қоса атқарды. Жалпы елімізде білім және өнер ордаларының ашылуы­на, ұлттық мәдени мұраны қалыптастырып, жаңаша игеру жолында өлшеусіз үлес қосты.
ҚОҢЫРАТБАЕВ Қалжан Қоңыратбайұлы (1877, бұрынғы Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Шиелі болысы, Керделі ауылы – 23.7.1940, Хабаровск өлкесі, №22 Амурлаг) – қоғам қайраткері, ағартушы, журналист, фольклор жидашысы. 1914-15 жылдары ауылында мектеп ашқан. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің Сырдария губерниясындағы арнаулы тілшісі болды. 20-жылдары Ә.Диваевпен бірге Сырдария, Жетісу өлкелеріне фольклорлық экспедиция ұйымдастырды. «Пайғамбар заманы» хикаясын, 30-жылдары «Қой туралы», «Түйе тұқымын асылдандыру туралы», т.б. еңбектері жарық көрді. 1937 жылы түрмеге қамалып, лагерьде көз жұмды (Сонда, 228-229-бб.). ҚҰЛЖАНОВ Нұрғали (1869/70, Торғай уезі – 1919, Семей) – мәдениет қайраткері, журналист. Орынбордағы оқытушылар мектебін бітірген. 1905 жылдан Семей мұғалімдер семинариясында оқытушы. «Қазақ», «Бірлік туы», «Үш жүз» газеттерінде мақалалары жарияланып тұрды. Алаш оқығандарымен тығыз байланыста болды. Колчак жендеттерінің қолынан қаза тапты (Сонда, 231).
МАЛДЫБАЕВ Біләл (т. – ө.ж.б.) – Алаш қозғалысының белсенді мүшесі. Петропавл Қазақ ұлттық комитетінің төрағасы болған. «Жаңа заман» атты журнал шығарып, өзі редактор болған (Сонда, 235-б.).
ЕСПОЛОВ Мырзағазы (1896, Қостанай маңы – 1936) – Алаш қайраткері, журналист, ұстаз. 1916 жылы Батыс майданы штабы жанындағы бөлім жұмысына белсене араласқан. Алаш милициясын – әскерін құруда ерекше еңбек сіңірді. 1920 жылдан бастап Тәшкендегі Қазақ пединститутында оқытушы, 1929 жылы тұтқынға алынды, 1930 жылы ату жазасына кесілді. Ол үкім 10 жылға Сібірге айдалуға өзгертігенімен, 1936 жылы Соловец лагерінде көз жұмды (Сонда, 155-б.). Көптеген публицистикалық мақалалардың авторы. Әсіресе «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде көптеген жазбалары жарық көрді.
ЖАҚЫПОВ Серікқали (1892, Ресей, Саратов облысы, Алксандров-Гай ст. – 9.2.1939, Алматы) – мемлекет қайраткері, журналист.Батыс Қазақстанда кеңес өкіметінің орнауына көп еңбек сіңірген. Ақ казактар өлім жазасына бұйырып, атуға апара жатқанда қашып құтылған. 1921 жылдан бастап ЧК – төтенше комиссияда жұмыс істеген. 1928 жылдан республикалық ЧК-ның бөлім меңгерушісі. 1937 жылы 5 мамыр күнгі түн-6 мамыр күнгі таңда Қазақстан НКВД (Ішкі істер министрлігі) алқасы «Қазақ антикеңестік, ұлтшыл-буржуазиялық, фашистік ұйымын әшкерелеп, жою» деген мәселені арнайы қарап, дауысқа салғанда сол кезде осы мекеменің Дін және контрреволюцияға қарсы күрес бөлімінің меңгерушісі С.Жақыпов ашық қарсы шығып, қарсы дауыс берген. Және осы қаулы негізінде қазақ зиялыларын «халық жауы» ретінде тұтқындаудан бас тартқан. Сол себепті Алматыдағы НКВД-ның ішкі түрмесінде атылған (Сонда, 158-159-бб.). 1923 жылдың қазан айынан «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әр жұма сайынғы бір бетіне «Лениншіл жас» деп ат қойып, ­жастар мәселесін көтеріп тұру жөнінде бастама көтеріп, осы істі өзі жолға қойған. Сол беттегі бас мақалалардың бәрін өзі жазып отырған. Жазу-сызуға қабілеті мол С.Жақыпов 1914 жылы Лермонтовтың «Үш пальма» дастанын қазақшаға аударып, «Айқап» журналына бастырған болатын.
БОЛҒАНБАЕВ Хайреддин Әбдірахманұлы (1893/94, бұрынғы Ақмола облысы, Ақмола уезі, Нұра болысы – 21.11.1937, Ташкент) – журналист, қоғам қайраткері.«Хусаиния» медресесінде (1912-14), Тәшкен педкурсында (1918-19) оқыған. Тәшкен, Ақмола, Қызылжар өңірінде көбінше мектеп саласында жұмыс істеген. 1928 жылы ұсталып, Батыс Сібірге жер аударылған. 1934 жылы одан аман-есен оралғанымен, 1937 жылы тағы да түрмеге қамалып, атылған (Сонда, 105). 1917-18 жылдары М.Шоқай, С.Қожановтармен бірге «Бірлік туы» газетін шығаруға кәсіби журналист ретінде бар күш-жігерін жұмсады. Мақалалары толық жинақталып, «Иман күші» деген атпен (Алматы: «Арыс», 2009) жарық көрді.

Ғарифолла ӘНЕС,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.