Футбол – еріккеннің ермегі емес…

Құрметті оқырман, қалам ұстаған қауымның жазу мен сызудан қолы қалт еткенде білек күшін сынасып, темірдей төзімді тайталасқа түсірер спорт түрлері футбол мен бильярд десем, ақиқаттан онша қашық кетпейтін тәріздімін. Бұған айғақ-дәлелді алысқа ұзамай-ақ, осы Алматыдағы журналист ағайындар тірлігінен  келтіре аламын. Жыл сайын бірде өзіміздің «Қазақ газеттері» қауымдастығы, бірде басқа басылымдар бірлесіп өткізіп жүрген футбол турнирлерінде жасыл алаңда былғары допты ұршықтай үйірмесек те, делебеміз қозып, нағыз жанкүйер кейпіне енетінімізді қайда қоямыз. Болмаса, оқтаудай түзу кийді дөп сермеп, шаршы тақтадағы шарларды сеңдей соғыстырған бильярдшы әріптестеріміздің әбжілдігіне таңғалып, тәнті болғанымызды қалай ұмытайық?!

Әдіс пен айла, бап пен бақ безбенге салынар мұндай тартыстардың, сонымен қатар қаламгерлерді ақпарат майданындағы қым-қуыт тіршіліктен бір сәт серпілтіп, «ойдағы ел қырдағы елмен» қосылғандай мәре-сәреге түсіретіні бар. Осы орайда «футбол – журналистің сабантойы» деген тіркестің тіл ұшына оралатынын қайтесің?
«Футбол-еріккеннің ермегі емес» депті бір ағылшынның әзілқойы. Расында да, кезінде ақшалы аристократтардың бас қосар базары болған аяқдоп көз алдымызда қыруар қаржы құйылып жатқан бизнес түріне айналды. Пеле, ­Эйсебио, Марадона, Сегізбаев сынды сайыпқырандарды былай қойғанда, ауыл мен аудан командасына енді ғана іліккен ойыншының шашбауын көтеру қошеметші үшін мәртебенің бөлек бір түрін туындатып отырғанына куәміз.
Дүбірлі додаларды қалт жібермейтін қазақ үшін футболдың орны бір бөлек. Елордамызда әлемдегі бірегей спорт ғимараттарының бірі – «Астана-Арена» стадионының жанкүйер игілігіне айналуы спорт ойындарының қаймана жұрт алдындағы беделін бір көтеріп тастады. 30 мыңнан астам көрерменге арналған, екі деңгейлі құрылымы бар ірі амфитеатр ретінде ойластырылған бұл нысанда дүрілдеп өткен қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты оқырмандарымыздың жадында болар. Содан бері мұнда халықаралық деңгейдегі бірнеше жарыстар өтіп, спорт жылнамасынан орын алып үлгірді. Биылдың өзінде қазақ футболшылары іріктеу жарыстарын өткізу барысында азуын айға білеген бірқатар шетел командаларымен жасыл алаңда шеберлік сынасты. Румыния, Дания және Польша құрамаларымен болған кездесулер 1-қыркүйекте өтетін Қазақстан – Черногория арасындағы ойын да осының дәлелі.
Польша дегеннен шығады. Еге­мендік тұсында бұғанасы бекіп, топ­шысы қатайған қазақстандық аяқ­допшылар қатысқан халықаралық турнирлерге куә болғанымыз бар. Бұдан 5 жыл бұрын қызмет бабымен Польша елінде болу бұйырғанда көне құрылықтың қақ төрінде орналасқан осынау тағдыр­лас жұрттың спортқа деген көзқара­сына біраз үңілгенім бар еді. Енді сол түйгендерімді назарларыңызға ұсынайын.
Познань қаласында тұрған кезімде кез келген жат жұрттықтың әдетімен мұражай, театр, көрме сияқты таңсық орындарға бас сұғып, бұқаралық спорт жиындарына жиі баратынмын. Бұл қала ­Варта өзенінің ­бойында орналасқан. Қаланы қақ жарып өтетін ұзын даңғылдың бойымен жоғары өрлеп келе жатқанда, Болгар көшесіне жақындай бере зәулім үйлердің үстіне төне түсіп, қылаңытқан төбесі алыстан көзге шалынатын алып ақ шатыр менмұндалайтын. Қадам басқан сайын ұшырасатын ­кино-концерт залдарының бірі шығар деп ойлағанмын әуелде. Кейіннен, құлаққа тосын естілетін, «ш» дыбысы мол ұшырасатын поляк тіліне бастыға келе, қарсы жолыққан жүргіншінің бірінен мұның қандай ғимарат екенін сұрадым. «Стадион, – деді орта жастағы адам маған бажайлай қарап. – «Лех» командасын білетін шығарсыз, сол осы жерде жаттығады».
«Лех» – осы Познань қаласының футбол командасы. Шаһардың бетке ұстар бейне-нышандарының бірі. Қонақүй де, тағам, ішімдік түрлері де осы команданың атында. «Лех» сырасын татып көргендер әйгілі Пльзен сырасынан кем емес деп мақтайды. Қалай болғанда да спорт клубының жарнамасы жақсы. «Ата атымен сөз, мата атымен бөз» өтіп жатқан заманның бұл да бір белгісі шығар.
Әңгімемізге арқау болып отыр­ған Познаньның қалалық стадионы Польшадағы ірі спорт құры­лыс­тарының біріне жатады. Бүгінде оның жаттығу залдары бос тұратын күн сирек. Жоғарыда атап өткен танымал «Лех» футбол командасы мұнда Ресей, Ирландия, Хорватия және Италия құрамаларымен кездесулер өткізген. 46 мың жанкүйерге арналған зәулім стадион шетелдік қонақтар жиі бас сұғатын «беделді» ғимараттар санатында.
Жергілікті дуалы ауыздар дәл осы стадион құрылысы қала экономикасының жандануына түрткі болды деп санайды. 1998-дің дауылды дағдарысы қайта айналып соққан 2008 жылы әлемнің спорт шенеуніктері футболдан Еуро-2012 сайысы Польшада өтеді деп шешім қабылдағанда, көне құрылықта таңданбаған жан қалмаған. Қос дағдарыс арасында арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, әупірімдеп жан сақтап келе жатқан постсоциалистік Польшада бір де бір жібі түзу стадион, іліп алар мейманхана, ылдидан шапқан көлікті төске оздыратын күре жолы атымен болмапты. «Туған ай тураған етпен бірдей» деген, мұның бәрін төрт жылда сақадай сай тұрғызып шығу қиынның қиыны еді. Себебі осы аталған құрылыстардың бәрі елдің инфрақұрылымына кіреді. Бұл шаруаның ойдағыдай тындырылғаны экономиканың жанданып, жаңғыр­тылғанын білдірсе керек-ті. «Әй, қайдам» деп қолын сілтеген сыңар езулер де жеткілікті болғанға ұқсайды. Бірақ сонау тоқсаныншы жылдардың басында «шошытып емдеу» тәсілін алғашқылардың бірі болып қолданып, өтпелі кезеңнің қиын-қыстау, бұралаң соқпақтарынан сүрінбей, аман-есен өткен поляк шаруагерлері бұл сыннан да мүдірмеді. Дүбірлеп өткен Еуропаның футбол чемпионаты сөйтіп, ел экономикасын атан өгіздей өрге сүйреді. Енді осыған тоқталайық.
Сүйреген емей немене… Қас-қағым сәтте зу етіп өте шыққан төрт жылда чемпионат өткізілетін төрт қалада құны 1 миллиард долларға татитын дағарадай стадиондар бой көтерді. Еуропа магистралдарының санатына енген шапшаң жолдардың ұзындығы үш еседей, ал автострадалардың ұзындығы екі есеге ұзарды. 36 теміржол бекеті жаңғыртылып, 780 шақырым теміржол жөндеуден өтті, әуежай инфрақұрылымының ұлғаюына орай ұшақ қонуы 79, ал ұшып шығуы 122 пайызға артты. Еуроодақ берген инвестициялар инфрақұрылымдық нысандарға арналса да, орайы келіп, экономиканың өзге тегершіктері іске қосыла кетті. Жаңа жұмыс орындары ашылды, жаңғыртылған инфрақұрылым арқасында өнеркәсіп орындары бой көтеріп, елге келетін туристер ағыны молайды.
Осы орайда поляк тәжірибесінің Қазақстан үшін ұтымды тұстары баршылық екенін атап өтпеуге болмас. Біздің елімізде де соңғы онжылдықтар беделінде халықаралық, аймақтық дәрежедегі сан алуан жарыстар, чемпионаттар мен олимпиадалар өтіп келеді. Халық қаражатына қаншама құрылыс салынып, спорт нысандары бой көтерді. Мәселен, мақаланың басында тілге тиек болған қысқы Олимпиада өзіне жұмсалған мол қаржыны ақтай алды ма деген сауал көкейімнен кетпейді. Тау басынан құлдилаған спортшылар шеберлігін қызықтау үшін шет елдерден туристер ағылып келіп, мейманханалар мен мейрамханаларды лық толтырды ма? Жүрдек көлікке мініп, оқтаудай түзу жолмен жер жаннаты Жетісу өңірін аралады ма? Киіз үй, ожау-тостаған, сегіз өрім қамшы сияқты ұлттық символикалы бұйымдарды таласа-тармаса сатып алып, ұсақ кәсіпшілерді бір марқайтып тастады ма? Сізді қайдам, өз басым жамиғатқа жағымды болар көрініске кез болмадым.
Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, спорт тек салауатты өмір салтының жар­шысы ғана емес, ел тұрмысын түзетіп, шаруашылықты өрге сүйрей­тін экономика саласы да бола алатындығын поляк елі тілге тиек етіп отырған 4 жыл ішінде оп-оңай дәлелдеп берді.
Польша оңтайлы жоспарланып, ұтымды ұйымдастырылған спорт шаралары құрылыс, қоғамдық көлік, қызмет көрсету, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, ұсақ қолөнершілік секілді бір-бірінен қиғаштау орналасқан салаларды біте қайнастырып, тұтас бір ағзаға айналдыра алатынын, сөйтіп, ауқымды жобалар арқылы олардың инвестициялық тартымдылығын арттыратынын тайға таңбай басқандай көрсетті. Экономиканы жеделдете жаңғыртып, бизнес-ахуалды сауықтыруға, инвестиция тартуға зор мүмкіндік туындады. Инвестиция туралы мынадай деректерді келтіре кетуге болады. Дерек пен дәйекке сәйкес Польшадағы тікелей шетел инвестицияларының өсімі 71 пайызды құрады (Еуроодақта бұл көрсеткіш әзірше 17%). Халықаралық Doing Business рейтингінде Польша елде бизнес жүргізу шарттары бойынша бірден 19 орынға ілгері ырғыды.
Осы орайда ел үкіметі инвести­ция­лық ахуалды жақсартып, экономикалық белсенділікті арттыру жөнінде соңғы жылдары қолға алған қарекеттерді нақ осы Еуро-2012 спорт бәсекесіне дайындық пен оны өткізу барысынан байқауға болатынын атап өту керек. Өзге елдер дағдарыста тығырыққа тірелсе, Польша одан сауығып, тыңайып шықты. Бұл ­назар аударатын нәрсе. Инвестиция өсімі сол жылы бүкіл соғыстан кейінгі кезеңді қоса алғандағы көрсеткіштен асып түскен. Дереккөз мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі таңда ­Польша инвестициялық тартымдылық ­бойынша Қытай мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орынды иемденіп тұр. Осы кезде елді «Еуропа вундеркинді» деп атапты. Мұндай жетістіктердің бірнеше себептері бар.
Біріншіден, ел имиджі жақсарып келеді. Шетел инвесторларына ­Польшаны таныстыру жөнінде қыруар жұмыс атқарылуда. Мәселен, Познань қаласының Халықаралық сауда орталығындағы көрмеге жыл сайын Қазақстан бизнесмендері қатысып, келісімшарттарға отырып қайтады. Польша-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Петр Гузовскийдің айтуынша, қазақ кәсіпкерлері мұнда жиі төбе көр­сететін болған. Екі ел арасындағы экономикалық қатынастарға дәнекер болып жүрген осынау қоғамдық ұйым қызметі бөлек әңгіме өзегі болуға тұрарлық.
Екіншіден, Польшаның өзге ­Еуропа елдерінен бір ерекшелігі оның экономикалық, қаржылық және саяси тұрақтылығы дер едім. Бұл елде экономикалық тәуекел төмен, банк жүйесі де орнықты, 2008 жылдан бастап Польша жыл сайын ішкі жалпы өнім мөлшерін ұлғайтып келе жатқан Еуропадағы бірден-бір ел. Макроэкономикалық тұрақтылыққа елдің сыртқы бере­шегінің ішкі жалпы өнімнің 50 пайы­зынан аспауы жөніндегі баптың мемлекет Конституциясына енгізілуі себепкер болған.
Үшіншіден, бұл елдің адами капиталы сапалы. Еуропадағы әрбір оныншы студент – поляк. Инвести­ция­ның 57 пайызы зияткерлік биз­неске жұмсалады. 35 жасқа дейінгі поляк­тардың 87 пайызы өзге бір шет тілін біледі.
Төртіншіден, поляктар еңбек­қор халық. Жұмысқа кететін уақыт мөлшері бойынша Польша Оңтүстік Кореядан кейінгі екінші орында. Олар өмірінің 40 пайызын жұмысқа арнайды екен. Неміс ықпалының молдығынан болар, поляктар католиктік дінін бұзбай-ақ, еңбекке деген протестанттық көзқарасты қалыптастыра алған. Бұл арнайы тоқталуды қажет ететін өте қызықты құбылыс.
Бесіншіден, Польшада өзіндік еңбек мәдениетіне ие өркениетті жұмыс күші бар. Кеңес үстемдігінен кейінгі соңғы 20 жыл ішінде бұл ел байшыкештер билігінен ада нарықтық экономиканы қалыптастырып, бизнес пен саясаттың ара жігін аша білді. Бір ғажабы – Еуропа елдері арасындағы сыбайлас жемқорлықтың ең төмен деңгейі осы Польшада тіркелген. Міне, сондықтан да болар, спорт сияқты бюджетке тәуелді сала Польша экономикасын өгіздей өрге сүйреп отыр. Аяқдоп жайлы әңгімені бауырлас ел өміріне сүйеп отырғаным да сондықтан.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.