Қазақ музыкасының тарихына арналған

Жуырда ғана профессор Ақлима Омарованың «Қазақ музыка тарихының бұлыңғыр беттері» атты кітабы өз оқырмандарына жол тартты. Бұл автордың соңғы жылдары жарияланып келе жатқан сериялық басылымдарынан кезектісі боп табылады. Ғалымның бұның алдындағы жарық көрген еңбектері туралы да мерзімді баспасөз бетінде жарияланған еді. Жаңа кітаптағы ғылыми зерттеу­лер қазіргі даңғырасы көп музыка кеңістігімізде, тереңге үңілуі аз музыкатану ғылымы саламызда, замандастарына берері мол, өскелең ұрпаққа көрсетер жолы бар автордың кәсіби ізденіс үлгісін тағы бір танытып отыр.

Өзекті мәселелерді көтеріп жүрген талай ғылыми-теориялық, ғылыми-танымдық мақалалардың авторы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы Ақлима Қайырденқызы соңғы жылдардағы ізденістерінде өз пікірін мұрағаттық мәліметтерге сүйеніп, мүлдем белгісіз боп келген материалдармен дәйектеп ұсынуда. Жаңа пайымдауларға толы кітапты оқып отырғанда он жыл әріптес болған академик С.Қирабаев­тың: «Мұрағатта жұмыс жасамай, тарихи деректер түпнұсқасын қолмен ұстап, оқып, үңілмей зерттеуші ғалым бола алмайсыңдар» деп айтқан сөзі еріксіз ойға оралады.
Елбасының қайта жаңғыру бағдар­ламасы ұлттық руханиятымызды жаңаша көзқараспен зерделеп, тың деңгейге көтеруге бағыт берсе, аталмыш еңбектегі біраз мақалалар осы мақсатқа сай келгендей. Ғалым өткен ғасырдың 30-жылдарында «Социалды Қазақстан», «Казахстанская правда», «Социалды Алма-Ата» газеттеріндегі музыкалық сыни, көпшілік-танымдық мақалалардағы деректерге сүйене отырып, отандық музыкатану саласындағы әдебиеттерде кең тарап кеткен композиторлық шығармашылықтың бұлыңғыр тұстарын ашып, тың мәліметтермен тарихтағы біраз ақтаңдақтардың орнын толтырған.
Мәселен, қазақ операсының шығармашылық үрдістері мен ондағы тарихи ақтаңдақтарға арналған мақалада музыкатанушы В.П.Дернованың «1936 жылғы Мәскеу декадасындағы қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіндегі қазақ операсының салтанатты жетіс­тігі Затаевичтің көп жылғы қазақ әнімен жасаған еңбегін біраз уақытқа ұмытуға мәжбүр етті, Қазақстан­ның композиторлық мектебі оның ықпа­лынсыз қалыптасты» деген жаңсақ пікіріне Е.Брусиловскийдің ««Қыз Жібекке» мен Затаевич жинаған музыка­лық материалдарды қолдандым» деп жазған естелігін келтіреді. Яғни ­Затаевич еңбегі музыкалық-этнографиялық ғылыммен бірге кәсіби композиторлық жанрлардың қалыптасуына да септігін тигізгендігінің көлеңкеде қалып қойғандығы, этнографтың толық шығармашылық келбетін осындай мәліметтерді жүйелі зерттеп, оның қазақ музыкасының өркендеуіне қосқан шынайы үлесін кеңірек қарастырғанда ғана толық түсінуге болатынын алға тартады. Сонымен бірге зерттеуші алғашқы қазақ операсының тұсаукесер күні туралы шындықтан алшақтап кеткен мәліметті ұсынады. Ол – «Қыз Жібек» операсының 1934 жылы 13 қаңтар емес, 1934 жылы 7 қарашада қойылғандығы жөнінде бұлжымайтын деректермен ұлттық классикалық шығарма мәртебесіне ие болған туындылардың тұсаукесер күнін шындыққа сай қайта түзетуді ұсынады.
Ғалым А.Омарова Б.Майлиннің «Шұға» музыкалық-сахналық қойы­лымына да назар аударып, жете зерттеген. «Айман-Шолпан» мен «Шұға» қойылымдары тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жібекке» дейінгі театр сахнасында елеулі орын алған дүниелер. Өкінішке орай, ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұл қойылымдардың маңыздылығына өз деңгейінде көңіл бөлінбеді және музыкалық талдаулар жасалынбады, ал оның драматургия желісінің сан рет өзгеріске түскендігі туралы мүлдем айтылмай келеді. Музыкатанушы «Шұғаның» бірнеше қойылым нұсқасын салыстыра отырып зерттеу музыкалық драманы сол қилы кезеңнің аясында кешенді қарастыруға мүмкіндік береді дейді.
Еңбекте өзбек-қазақ театрларының ортақ мәдени шығармашылық байланыстарына көңіл бөлініп, зерттеу­ле­рінде қазақ опера сахнасындағы Жамбыл Жабаев бейнесі жан-жақты ашылған. Сонымен бірге музыка зерт­теушісінің 2012 жылы қазақ бұлбұлы Күләш Байсейітованың 100-жыл­дығына арнаған байсалды ізденісі өзі құрастырған «Күләш Байсейітова» кітабының және қоғам қайраткері Зарап Темірбеков пен оның музыка зерттеуші қызы, қазақтың тұңғыш кәсіби музыкатанушысы Алма Темір­бековаға арналған (2013) «Тағдырлар» кітаптарының алғы сөздері де еніпті.
Кітаптағы мақалалар екі тілде — қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған әрі әр мақалаға ағылшын тілінде түсінік түйін берілген. Еңбектің салмағын мәскеулік, бішкектік және отандық ғылым докторларының пікірлері дәйектепті. 30-жылдардағы мерзімдік басылымға автордың қызығушылығына академик Ажар Ахметқызы Жұбанованың «А.В.Затаевичтің қазақ әндер жинағымен таныстығым әкем Ахмет Қуанұлы Жұбановтың тағдыр жолының тоқсан пайызын шешті» деген естелігі мен «бұл кітапта деректерді кәсіби түрде жеткізу міндеті бірнеше рет ерекшеленген. Өткенді зерттейтін жаңа мүмкіндіктер көкжиегінің салынғанын құптай, сапар оң болсын деймін!» деген өзекжарды тілегі де еңбектің құндылығын айқындай түскен.

Бақыт Тұрмағамбетова,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің
оқытушысы, өнертану кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.