«СУРЕТШІ УАҚЫТ АҒЫМЫНДА»

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының «Суретші уақыт ағымында» атты көрмесінің ашылуы өтті. 

Көрме Суретшілер одағының XVIII съезі қарсаңындағы шығармашылық қызметінің есебін қорытындылайды. Қазақстанның әр түрлі өңірлерінен келген кескіндемешілер мен алматылық бір топ суретшілердің туындылары өнерсүйер қауым назарына ұсынылды.
«Суретші уақыт ағымында» атты көрме тақырыбының өзі айтып тұрғандай, өнер шеберлерінің сюжет, жанрлар мен түрлерін таңдауда шектеу жоқ. Тарихқа және рухани құндылықтарға көзқарас, ұлттық мәдени жадымыздағы ұстанымдарды сақтау және басқа да кең ауқымды мәселелер Қазақстан суретшілерінің назарынан тыс қалмапты. Пластикалық тәсілдердің саналуандығы, авторлық стильдің айқындығы, бейнелеу өнері бағыттарының барлық жағынан дәстүрге бейімділігі анық көрінеді.
Көрмеде Жұмақын Қайрамбаев, Қадыржан Хайруллин, Қадірбек ­Каметов, Есімғали Жұманов, Серік Тайнов, Серік Әлжанов сияқты суретшілердің, Темірхан Ордабеков, Әсия Хайруллина, Александр Ермоленко сынды график-суретшілердің, Мәлік Өскенбай, Құрманғазы Қадіров, Хамит Біралиев тәрізді мүсіншілердің, Айжан Беккұлова, Сәуле Бөлтірікова және Зейнелхан Мұхамеджан сияқты сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жаңа туындыларына куә боласыз.
Суретші өмір сүрген және қызмет еткен уақыт оның шығармашылығына әсер етеді. Көркем бейнелі тілде суретші еңбек еткен дәуірдің қайшылықтары мен ырғақтары көрініс табады. Уақыт өте келе бұл белгілер келер ұрпаққа алдыңғы буынның мақсат мен мұратын, жетістіктері мен жеңістерін көрсететін ерекше мәнге ие болады. «Суретші уақыт ағымында» атты көрме өнер иелерінің уақыт алдындағы жауапкершілігін осылай жеткізеді.

Дана Халық

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.