Ерлікті ту еткен естелік

Тәуелсіздік – тәу етер асқақ ұғым. «Тәуелсіздік» деген сөзді естігенде, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің бірден еске түсуі таңғаларлық нәрсе емес. Себебі, дәл осы қазақ жастарының жаппай бас көтеруінен кейін 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ елі  тұңғыш рет Тәуелсіз Қазақстан Республикасы болып жарияланды. Бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізді. Сондықтан да тарихымызда Желтоқсан құбылысының алатын орны ерекше.

Алматы қаласындағы №4 оқушылар үйінде (Алмалы ауданы) Желтоқсан қаһармандарын еске алу мақсатында «Желтоқсан – Тәуелсіздік таңы» атты ме­ре­келік кеш ұйымдастырылды. Кешке Желтоқсан күрескерлері – «Құрмет» орденінің иегері Жансая Сәбитова мен қайраткер-ақын, Бүкіл түркі дүниесі ақындары фестивалінің лау­реаты Болат Шарахымбай құрметті қонақ ретінде шақырылып, №24, 36, 136 мектеп оқушылары көрермен болып қатысты. №4 оқушылар үйі ди­рек­торының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шарапат Нұрелова келген қонақтарды таныстырған соң, жел­тоқ­саншылар халқымыздың басына түскен сол бір ауыр да сын сағаттар тура­лы әңгіме шертіп, бірқатар тарихи-таным­дық тұрғыдан ақпараттар мен мағ­лұ­маттар беріп өтті. Олардың тебірене айтқан естеліктері оқушыларға көп ой салды.
Сосын сөз тізгінін қолына алған оқушылар бірінен соң бірі сахна төріне шығып, тәуелсіздік, бостандық, еркіндік жайлы өлеңдерін толғана оқи жөнелді. Олардың рухтана оқыған жыр шумақтарына риза болған қонақтар өздерінің ақ баталарын берді.
Атал­ған шараға әсіресе №24 мектеп­тің оқушылары айрықша үлес­терін қосты. Диана Молшанова мен Аружан Мұсаева «Туған жер» әнін шырқағанда тебіренбеген жан қалмады. Мәдина Рахатова мен Аружан Жапарбекованың домбырамен орындаған әндері кештің көрігін кіргізді. Ал Мирас Мақсымов «Көк тудың желбірегені» әнін келістіре орындап, оның шығу тарихын баяндап берді. Сондай-ақ оқушылар өздерінің көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ойларымен бөлісті. Кеш баршаның сүйіктісіне айналған «Атамекен» әнімен аяқталды.

Кеңескүл ОРМАНОВА,
№4 оқушылар үйінің бөлім меңгерушісі
АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.