Алаштың алтын қазығы

Бұдан былай елорданың жаңа көшелерінің бірі Қайым Мұхамедхановтың есімімен аталатын болды. Соған байланысты сол жағалаудағы Қазақ технология және бизнес университеті ғимаратының қабырғасына арнайы тақта орнатылды.  «Қайым – Алаш қайраткерлерінің қағып кеткен алтын қазығы». Бұл сөзді ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Несіпбек Айтов айтты.

Белгілі абайтанушы, ғалым, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановқа елордада көше берілуіне байланысты өткен «Абайдың інісі, Алаштың ірісі» атты конференцияда ол ұлтына қызмет етудің жоғары үлгісін көрсеткен тағдырлы тұлға туралы осылай толғанды.
Мұхтар Әуезовтің сенімді серігі болған Қайымның Абайтанудағы еңбегі ұшан-теңіз. Егер Әуезов Абайтанудың негізін қаласа, ол сол ұлы істі жалғастырып, бүгінге жеткізуші. Басына төнген сан түрлі қауіп-қатерге қарамастан адалдығы мен әділдігін, ұлтты сүюге деген жанқиярлық табандылығын берік ұстанған Қайым шын мәнінде нағыз қаһармандық атаққа лайық адам. Конференцияға қатысушылар бұл туралы ойларын қадап айтты.
Семейдегі Абай қорық-мұражайының директоры, танымал журналист, жазушы Болат Жүнісбеков қызықты дерек айтты. Кезінде Абай музейге қазақтың салт-дәстүрін көрсететін 60-тай жәдігер тапсырған екен. Бірақ көпшілігі жоғалған. Соларды ­тауып, қайта жаңғыртып, жәдігерлерді тірілткен Қайым Мұхамедханов екен. Бүгінде сол жәдігерлердің 17-сі сақтаулы болса, соның бірі Астанадағы ұлттық мұражайда тұр. Ол – Абайдың құтысы.
Астанадағы №4 мектептің директоры, Қайымның шәкірті Ербол Іргебаев та ұстазы туралы жылы лебіз білдірді. Ол қайраткер тұлғаның құжаттарды сақтауға соншалықты ұқыппен қарағанын тілге тиек етті.
Өмірі тартысқа толы болған ғалым елуін­ші жылдары Семейде музейде қызмет етіп жүреді. 1951 жылы «Абайдың ақындық мектебі бар ма, жоқ па?» деген тартыс басталады. Белсенділер партиялық мектеп қана болуы керек, қайдағы Абайдың ақындық мектебі, сол арқылы Алаш идеяларын насихаттамақшы деп кінә тағады. Абай музейіне тексеріс келіп, реакциялық бағыт ұстанған деген қорытынды жасалады. Сол кездерде музейде Құнанбайға және Кенесарыға арналған екі залды ұйым­дастыруға Қайым ұйтқы болған екен.
Ербол Сіләмұлы Қайымның айдауда жүріп, үйінде қалған 6 баласына өлеңмен 27 шумақ хат жазғанын жеткізді. Соңғы жағында ол:
Ит боп үріп, мен ешкімді қаппадым,
Қастық жасап кісіге оқ атпадым.
Алтын көріп адал жолдан таймадым,
Сұғанақ боп арам астан татпадым.
Мен ешкімнің таласпадым тағына,
Мен ешкімнің қол сұқпадым бағына.
Кең дүние, жолым даңғыл
деп жүріп,
Кез болыппын сүрінетін шағыма, – деп басындағы халді суреттейді, балаларын адал болуға, ешкімнің ала жібін аттамауға шақырады. Жиында Ғарифолла Есім, Сұлтан Оразалин сияқты қоғам қайраткер­лері, Қайым­ның қызы, Қ.Мұхамедханов қорының басшысы Дина Мұхамедханова сөз алып, Елбасы Н.Назарбаевқа, қала әкім Ә.Исекешовке алғыстарын айта келіп, Астанадан көше атын беруге шешім қабылдаған ономастикалық комиссия жұмысына ризашылық білдірді. Өйткені ел тарихында мұндай құрметке лайықты тұлғаның бірі сөзсіз – Қайым Мұхамедханов.
Олар қайраткер, ғалым Қайым­ның еңбектері әлі де толық зерттелмей жатқанын, кейбір құпия тұстар әлі ашыла қоймағанын жеткізді.
Жиырма бес жылға жазаланса да сын­баған, өлгеннен кейін де рухы өлмеген Қайым Мұхамедханов сияқты арыстың өмірі мен қызметі бүгінгі ұрпақ үшін, Отанды, қазақты, адамды сүюдің тамаша үлгісі ретінде көрініс береді.

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.