Ғасыр адамы атанған ғалым

Адамзат тарихында ХХ ғасырдың орны ерекше. Ғасыр басында соқамен жер жыртып жүрген адам, ғасыр ортасында ғарышқа ұшып, соңында  ғылыми-технологиялық дамудың ең биік шыңына көтерілді. Уақыт «атқан оқтай, шапқан аттай» зымырады. Кеше мен бүгіннің арасына бүкіл ғұмыр сыйып кеткендей. Қырда жүрген қазақ Америкадағы ұлымен сағат сайын сөйлесетін болды. Бұл ғылымның мейлінше дамып кеткенінің көрінісі. Ғылымды ғалымдар жасайды. Осы ретте ғалым десек ойыма бірден физика саласының білгірі, Халықаралық биографиялық орталықтың (Ұлыбритания,  Кембридж) «2001 жылдың Халықаралық ғалымы» алтын медалінің иегері   Темірғали Көкетаев есімі оралады. Әрине, бұл баянда Темірғали ағамыздың  атан түйеге жүк болар барлық атақ-даңқын тізіп шығу шарт емес. Бүгінгі әңгіме ауаны өзгерек. 

Бұл кісі «мен қазақ халқының алдында қарыздармын» дейді. Онысын жай ғана айтып қоймайды. Көкірек жара күрсініп, жанарына жас үйіріліп айтады. Біз «Осыншама жетістікке жете отырып, мұныңыз не» дейміз ғой баяғы. «Қазаққа физика керек жоқ деп кім айтты сізге» дейміз ақылгөйсіп. Ал ол кісінің арманы әріде. Алаңдайтыны ана тіліміздің тағдыры, қобалжитыны халқымыздың дәстүр-салты мен мәдениеті, өнері мен әдебиетінің жай-күйі. Ұлттық рухани қазынамыздың болашағы не болады деп уайымдайды. Тәуелсіздік алған сонау жылдары басынан өткен жағдайларды Темағаң былай деп еске алады: «Халқымыздың саяси-әлеуметтік тарихындағы қай­та өрлеу кезеңі менің за­ман­дас­та­рымның толысқан шағына дәл келіпті. Қуа­нышымыз сол, республикамыз тәуелсіздігін жариялады. Бүгінде төрт­күл дүние таныған мемлекетіміз Кеңестік деп аталатын қоғамдық құрылыстың кезінде әу бастағы ата салты, әдет-ғұрпы сияқты табиғи болмысы үлкен өзгерістерге ұшырап барып жетті. Бұл жағдай маған, менің үлкенді-кішілі ­замандастарыма атпен тарта алмайтын ауыр жүк арқалатып, алдымызға айтып болмайтын алапат тартысын, жігеріңді жанитын жауапкершілігін көлденең тартады. Бұл оқиға туралы журналист Бағдат Мекей былай деп жазады:
«Бірде физика факультетінің ғылыми кеңесі болған. Бұл жолғы кеңес әдеттегіден өзгеше басталды. Нақтылай айтқанда, кейбір ғалымдар үшін тосын болғаны ақиқат. Ал кеңес мәжілісін ашып, күн тәртібіне байланысты сөйлеп тұрған профессор Темірғали Көкетаев әнгімесін әуелден-ақ өз тілінде бастап жалғастыра берген. Терең ойдың түбіндегі інжу-маржанды шашып алудан сақтанғандай, әр сөзін асықпай анық айтуға ұмтылды. Негізгі, түйінді жайларға екпін бере әңгі­­мелеп, туған тілдің жасампаздық табиға­тын аша түскісі келгендей орыс тілінде ай­ты­латын ғылыми-педагогикалық тер­мин­дердің баламаларын сәтті аударып отырды.
Алғашқыда аңырып қалған өзге халық өкілдері профессордың мәжілісті қазақ тілінде жүргізіп тұрғаны ішкі берік шешімі екенін бірден сезініп, айтылып жатқан әңгіменің ау-жайын аңғаруға, тақырыбын түсінуге тырысты. Өйткені Темірғали Әбілдаұлының бірбеткей мінезі, алған бағыттан ауытқымайтын турашылдығы тағы бар. Ойланбай шешім қабылдамайтыны және таныс. Ердің жасы елуге енді келген сан қырлы азаматтың іс-әрекеті мен талантына тәнті болған университет ұжымының ықыласы да жоғары емес пе?!
Сонымен, «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деп атам қазақ айтқандай, күн тәртібіне байланысты доценттер мен оқытушылар өз ойлары мен ұсыныстарын айтып, арасында қылаң берген пікірталастард сайып келгенде, бір арнаға тоғысып жатты. Қазақтар қазақша, өзгелер орыс тілінде сөйлеген. Ең бастысы, профессордың ой-пікірі мен ұстанған бағыты бәріне де түсінікті болып шықты».
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық рухтың дүр сілкініп, айбарланып тұрған шағы еді. Несін жасырамыз, коммунизмге жетеміз деген көзсіз сенімге Темағаң да иланып жүрген. Алла алқап, аруақ жебеді! Алаш халқына Азаттықтың ақ таңы атты. Бұл уақыт Темағаңның нағыз кемеліне келген шағы болатын. Өзім білетін Темағаң содан бері аттың үстінде. Қазақтың рухани қазынасын қызғыштай қорғап, талай-талай алқалы жиындарда ортаға қамшы тастап, қаймықпай сөйлеген Темірғали Көкетайдың сөздері санамызда әлі жаңғырып тұр.
Тіл тағдыры Темағаңның ең жанды мәселесі. Сонау 1986 жылғы сәуір жылымығынан кейін Қазақстанның барлық облыстарында «Қазақ тілі» қоғамдары ашылғаны белгілі. Қо­ғамдық ұйым болса да ұлттық тілдің нәзік тамырына қан жүгірткендей болып еді. Ең бастысы, туған тіліміздің тағдыры жайлы сөз айтуға мүмкіншілік алдық. Сол қоғам жылдар өте келе қожырай бастады. Басқа облыстарды қайдам, дәл біздің Қарағанды өңірінде солай болды. Ақыры жылдар өте келе ешкімнің пәрменінсіз өз жұмысын тоқтатып тынды. Осы қоғамды іздеген, қайта жандануына түрткі болған екі адам болса бірі, жалғыз болса өзі Темірғали ағамыз еді. Ондағы ойы қазақ үшін ең болмағанда бір игілікті іс атқару. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп ақыры бұл мақсатына да жетті. 2012 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қарағанды облыстық филиалы қайта ашылып, соның төрағасы болып сайланды. Ана тіліміздің ахуалы туралы телехабарларға қатысып, мерзімді басылымдарға өткір ойларын жазып, атқарушы билік назарына көптеген көкейтесті мәселелерді ұсынды. Һәм оның оң шешім табуына мұрындық болды. Жабылып қалған, құжаттары әлдеқашан жоғалып кеткен «Қазақ тілі» қоғамын қайта қалпына келтіру оңай шаруа емес еді. Жасы келгеніне қарамастан, талай табалдырықты тоздырып, беделін сала жүріп ақыры Қарағанды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігін құрды. Әрине, мұның бәрі айтуға оңай. Шынын айтсақ, жеме-жемге келгенде төзім тауысар мұндай толағай жұмыстарға жас жігіттердің өзі тәуекел етпес еді.
Темағаңның бұл қайраткерлігі ес­керусіз қалмады. 2012 жылы Қара­ған­ды облыстық әкімдігінің «Тіл майталманы» сыйлығының иегері атанды. 2015 жылы мемлекеттік тілімізге шынайы жанашырлық танытып, Қазақ тілінің өркендеуіне нақты ісімен үлес қосқаны үшін «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды.
Физика сияқты күрделі салада жүрсе де, әдебиет пен өнерді, тіл мен дәстүрді жүрегіне жақын санап, үнемі рухани мұраның жоқшысы бола білген Темірғали Әбілдәұлының ұстанымы ұрпаққа үлгі болса керек-ті. Әлі есінде, 2006 жылдың маусым айында Оксфорд университетінде (Ұлыбритания) «Кең аумақты диэлектриктердің абсолюттік спектроскопиясы» тақырыбы бойынша дәріс оқуға шақырды. Кейін осы сапар туралы Темағаңның айтқан әсерлі әңгімесін біз де тебірене тыңдағанбыз.
Әлемнің әйгілі, менмін деген елуге тарта ғалымдарының алдында Темағаң дәріс оқиды. Сонда Темағаң: «Қазақия елінің Жаңаарқасындағы Қызылағаш деген алыс қыстақта дүниеге келген қарашадай қазақтың баласы әлем ғалымдарына дәріс оқиды деп кім ойлаған» дейді. Осыны айтқанда Темағаңның жанарына жас үйірілгенін көріп, біздің де көңіліміз босаған. Бұл сапар туралы кезінде республикалық басылымдар жарыса жазған. Сол сапар туралы: «Халықаралық биографиялық орталықтың (Ұлыбритания, Кембридж) шешімімен дүние жүзі фи­зиктерінің арасында «ХХ ғасырдың ғұ­лама адамы» атанған физик ғалым Қа­рағандыда тұрады. Бүгінде ғасыр адамын ағылшындар аттай қалап, ша­қыртып, ақысын төлеп, Оксфорд уни­верситетінде профессорларға дәріс оқытады. Жапондар да жармасып, үндістер де үздігіп отыр. Қашан келеді екен деп жолына қарап, екі көздері төрт болғалы біраз жыл» деп жазыпты «Алаш айнасы» басылымы.
Физика-математика ғылымының докторы, профессор Темірғали Кө­кетаевты әлем физиктері Азиядағы көрнекті ғалым деп таниды. Дүние жүзіндегі ғылымның жілігін шағып, майын ішкен физик ғалымдар Көкетаевты көкке көтереді. Ғасыр адамынан дәріс алуды ғанибет көреді. Өйткені ғасыр адамы атану – жүз жылда бір бұйыратын атақ. Атақ болғанда, әлемнің «сен тұр, мен атайын» дейтін данышпандары сарапқа салып, салмақтап барып берілетін атақ. Оған «мынаның өзі жақсы, мынаның көзі жақсы» дейтін жүрмейді. Жер шарының түкпір-түкпіріндегі ғылыми жаңалықтарды Халықаралық биографиялық орталық тізімге алып отырады екен. Соның нәтижесінде Темірғали Әбілдаұлының ХХ ғасырдың ғұлама адамы атанды.
«Жер бетінде қазақтай ұлы, данышпан халық жоқ» дейді Темағаң. «Әлемнің талай елінде болдым, бірақ салт-дәстүрінің тағылымдылығы, өмірлік таным-түйсігінің тереңдігі тұрғысынан қазақ халқына тең келер ұлтты көргенім жоқ. Шіркін, қазақ тілі адамзаттың тілі болса ғой».
Әрине, кез-келген адам өзінің ұлтын, Отанын сүйеді. Бірақ Темағаңның жоғарыдағы ойы әсіреқызыл көңіл-күйдің ауанында айтылған сөз емес, нақты мысалдармен дәлелденген, ғылыми дәйекпен зерделенген мазмұны терең пікір екендігіне талай рет тәнті болғанбыз.
Нағыз дарынды, талантты адам­дардың бойында пендешілік пиғыл мүлде болмайды. Олар дүниеге ұлы жаңалық, жауһар туындылар әкелсе де «мен данышпанмын» демейді. Үнемі жұрттың ортасында жүргенді ұнатады. Баладай аңқау, даладай дарқан мінезді болып келеді. Олардың ғұламалығы да осында жатса керек.

Қойлыбай Асанұлы,
филология ғылымының
докторы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университетінің профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Мөлдір

    Осындай ұлтжанды ағаларымыз барда, тіл болашағының боларына үмітпен қараймыз. Жасай беріңіздер, тіл жанашырлары!

  2. Дәурен

    Бас иеміз!

  3. Лаура

    Дарқан мінезді ағаларымыз барда қазақ тілінің адамзат тіліне айналарына сенеміз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.