«Театр да уақыт талабына бейімделуі тиіс»

Еліміздің мәдени кеңістігін біріктіріп қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, шығармашылықтың шырқау биігіне жетелейтін, ұлттық құндылықтарымызға сусындатып, өнеріміздің мәртебесін жоғары көтеретін, ұлтжандылық қасиеттерді дарытып, патриотизмді нығайтуды көздейтін «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі жақында М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында өткенінен жұртшылық хабардар.
Салтанатты жиынның шымылдығы ашылмас бұрын Қазақстан театрлары ассоциациясына мүше театр ұжым­дары басшыларының және өнер қайрат­кер­лерінің қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Біз аталған шара соңында бірқатар театр мамандарына жолығып, «Сахнагер» сыйлығының мән-маңызы, сондай-ақ жалпы бүгінгі қазақ театрының жай-күйі ту­ралы пікір білдіруін өтінген едік. Осы әң­гіме оқырман назарына ұсынылып отыр.

Сұлтанәлі Балғабаев,
ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің Театр өнері жөніндегі көркемдік кеңестің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қазақ театр өнері қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына үлкен ықпал етті. Тәуелсіздік алғаннан кейін де театр өнерінің сіңірген еңбегі зор. Өзгесін айтпағанның өзінде, бұрын қазақ театр­лары болмаған солтүстік өңірлерде қазақ театрлары ашылды. Сондықтан театрды әң­гіме еткенде оны көркем өнер деп қана емес, ұлттың ұлт ретінде қалыптасуына, да­муына ықпал ететін күш деп қарауымыз керек.
Бүгінде театр актерлері сахнаға рөлін жаттамай шыға беретін болды. Басқасын айтпағанда, бұл жағдай менің өзімнің спектакльдерімде де кездесті. Бұл талаптың төмендегенін, жауапкершіліктің жоқтығын көрсетеді. Тағы бір себебі, өнер иелері киноға түсіп, той жағалап кетті. Мұның барлығы қойылымның сапасына, көркемдік дең­гейіне әсер етеді. Осы себептен болса керек, халықтың театрға деген ықы­ласы төмен. Шын мәнінде, қазақ театрла­ры­ның көрермені жоқ. Дәл қазіргі уақытта бұл ешкімді ойландырмайтын секілді. Ол үшін менеждментті күшейткен жөн. Қойылымдардың көркемдік сапасын жақсартып, халықтың театрға деген ынта-ықыласын арттыру керек. Көр­кемдік сапа дегеннен шығады, театрды нарық заманына бейімдеу қажет. Халықтың сұранысын алдыңғы орынға қойып, театрды өзін-өзі қаржыландыра ала­тындай жағдайға жеткізу маңызды, яғни қойылым өзін-өзі ақтап шығуы керек.
Бәлкім, көрермен тарту үшін арнайы бағдар қажет шығар. Мәселен, қалалық әкімшілік Білім басқар­ма­ларымен келісіп Қуыршақ театрына балабақшадан бастап балаларды, Жасөспірімдер театрына мектеп оқушыларын апарса, олар өсе келе М.Әуезов атындағы театрға үгітсіз-ақ барар еді. Яғни ары кеткенде 10-15 жылда бізде де әр театрдың өз көрермені қалыптасары сөзсіз.
Маман дайындаудағы ең үлкен өзекті мәселені де айта кетейін. Бізде сырттан оқу дегенді тоқтатып қойды. Өнер академиясында да тоқтап тұр. Енді қараңыз, Қырғызстанда, т.б. елдерде сырттан оқытатын білім ордасы бар. Біздің жас­тарымыз сонда барып, режиссер, актер, т.б. диплом алып, осында келіп жұмысқа орналасып жатыр. Ол жердің қалай «оқытатынын» да естіп-біліп отырмыз. Өзіміз сырттан оқытпаймыз, ал өзге елдерден сырттан оқып келгендерді дипломын мойындап, жұмысқа аламыз. Бұл қалай? Одан қандай білімді маман шықсын?! Бұған тосқауыл қоймасақ, білімі жоқ актер, режиссер, т.б. көбейеді. Сондықтан біз өз бағытымызды анықтап алуымыз керек.
Мен ҚР Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің Театр өнері жөніндегі көр­кемдік кеңесінің мүшесімін. Менің ұғы­мымда, республикадағы барлық театрлардың көркемдік сапасына Мәдениет министрлігі жауап беруі керек. Театрда қандай қойылым қойылатынын Мәдениет министрлігі, Көркемдік кеңес шешіп, қойылатын қойылымдарға сертификат берілсе тіптен дұрыс болар еді.

Әлия Бөпежанова,
сыншы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Еліміздің мемлекеттік мәдениет саясаты өнердің барлық түрінің жан-жақты дамып-өркендеуіне, лайықты бағалануына мүмкіндік тудырып отыр. «Қазақстан – 2050» Стратегиялық даму бағ­дар­ламасында «…2050 жылғы Қазақ­стан – мәдениетті және прогрес­сивті идеал­дар қоғамы болып қалыптасуы тиістігі» атап көрсетілген. Бұл биік мақсат­тың жүзеге асуында әдебиет пен өнер­дің атқарар рөлі үлкен. Ал «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы мемлекеттік құры­лымдармен қатар қоғамның, қоғам­дық ұйым­дардың және әрбір жеке тұлға­ның аза­маттық, кәсіби белсенділігін талап етеді.
Республикамыздағы кәсіби театр­лардың басын біріктіріп отырған Қазақстан театрлары ассоциациясы уақыт талабына байланысты дүниеге келген ұйым. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, профессор Асанәлі Әшімов төрағалық ететін, вице-президенттік қызметін белгілі өнер қайраткері, заманауи арт-менеджер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы А.Маемиров атқарып отырған Ассоциация құрылған екі жылдың ішінде қазіргі қазақ театр өнерiндегi өзектi негiзгi бағыттарды жүзеге асыратын; жалпы қазақ театр өнерiнiң халықаралық деңгейдегi мүддесiне қызмет ететiн бірлестікке айналып, аз уақыт ішінде ел руханияты үшін маңызды бірталай шара атқарды. Шығармашылық кештер, елеулі мерейтойлар, шеберлік сыныптары, тағы басқа да шараларды айтпағанда, өткен жылдың өзінде ғана төрт фестиваль өткізді. Бұл бағыттағы ең ірі шара – «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстанның Еңбек Ері А.Әшімовтің 80 жылдығына арналған «Астана» І дүниежүзілік театр фестивалі. Елімізде кең ауқымда, биік деңгейде бірінші рет ұйымдастырылған, бағдарламасы өте қызғылықты болған бұл өнер мерекесіне Қазақстаннан төрт, шетелден сегіз театр қатысты. «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында этникалық (ұлттық) театрлардың ІV республикалық фестивалі де үлкен табыспен өтіп, онда республикамыздың қазақ, орыс, ұйғыр, кәріс, өзбек театр­лары өнер көрсетті. Жаңашыл театр режиссері Қайрат Сүгірбековтің есімін есте қалдыру мақсатында республикалық жас режиссерлердің 1 фестиваль-форумын өткізсе, Республикалық дәстүрлі театр фестивалі көрнекті театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналды. Бұл фестивальдардың барлығы да театрлар арасындағы шығармашылық бәсекелестіктің артуына, жаңа кеңіс­тіктерге ұмтылуына әсер еткені анық.
Ассоциацияның жасампаз бір шарасы – «Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығын тағайындауы. Сахна өне­рі­міздің игі дәстүрлерін сақтауды және заманға сай жаңашылдықты қолдайтын, театр өнерi саласындағы шығармашылық үлкен жетiстiктер үшiн берілетін бұл сыйлықтың «Үздік сыншы» аталымымен марапатталуым – мен үшін биік мәртебе, ұзақ жыл­ғы кәсіби еңбегімнің бағалануы деп білемін. Аса мәртебелі «Сахнагер» Ұлттық сый­лығының басқа да номинация­лары­мен марапатталған азаматтардың бар­лы­ғын да құттықтаймын және бүкіл өнер қауы­мына үлкен шығармашылық табыстар тілеймін!

Асхат Маемиров,
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының
директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

– Халықаралық театр күні қарсаңын­да Қазақстанның театрлар ассоциациясы биыл екінші мәрте «Сахнагер» ұлт­тық сыйлығын тапсырды. Менің ойымша, бұл біздің өнер адамдарының кәсіби шеберлігін шыңдайтын, жоғары деңгейде жұмыс істеуге жетелеп, күш-қайрат беретін әрі дер уақытында жүзеге асып отырған игілікті іс. Сондықтан артис­тердің, режиссерлердің, жалпы театр кәсіби мамандарының еңбегін бағалай­тын, жылдың қорытындысы шығары­лып тұратын мұндай сыйлықтың болуы заңдылық.
Драматургия саласында аға буыннан «Үздік драматург» аталымының жеңімпазы Иран-Ғайып, Д.Исабеков, С.Бал­ғабаев, Р.Мұқанова, жас буыннан М.Омарова, А.Аламан, М.Қолғанат, т.б. еңбектерін атауға болады. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Д.Исабековтің, С.Балға­баевтың, С.Елубайдың, Р.Мұқанова­ның шеберханалары бар. Жыл сайын кем дегенде 5-6 драматург түлеп шығады. Сон­дықтан «елімізде заманауи драматургия жоқ» деп, ауызды құр шөппен сүртуге бол­майды. Елерлік, сүйсінерлік еңбектер бар.
Менің ойымша, қазір бізге ең ­бастысы қазақ драматургиясын өзге тілге ­аударып, әлемдік деңгейде танытуымыз керек. Бұған да қадам жасап көрдік. «Сахнагердің» арқасында неміс театрымен бірігіп, «Қаракөзді» неміс тілінде сөй­леттік. Осылайша, өткен жылы ­Берлин, Париж, Брюссель, Вена, Мәскеу қала­ларында М.Әуезовтің «Қаракөзі» неміс тілінде сахналанып, көрермендерін сүйсіндірді.

Бағдагүл Балаубаева

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Әли

    «Сахнагердің» саңлақтары көп болсын. Өнердің заңы мен тәртібі бөлек. Дегенмен театр актерлары қатысқан фильмдер сәтті шығып жүр. Олардың кино өндіріске келуі бекер емес. Болашақта театр сахнасы ғана емес отандық кинолар да ұлттық идеологияға қызмет етуі керек.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.