Назар абыз

Басы Абылайдан бастап хандарымыз бен билерімізге, батырларымыз бен бектерімізге, басқа аруақты ата-бабаларымызға арнап ас беріп, жаңа ескерткіштер орнатып, бұрынғыларын жаңалап жатырмыз. Сондай бір аруақты еске алып, ас беріп, ескерткіш ашу рәсімі бұрнағы жылы Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, «Қызбел» ұжымшары орталығында болды. Ас Назар абыз әулиенің аруағына арналып берілді.
Назар – біздің жетінші атамыз, бұдан үш ғасыр бұрын дүниеге келіп ғұмыр кешкен, Абылай заманының адамы. Ол кісі туралы хатқа түскен тарихи деректер жоқ. Ұрпақтан ұрпаққа, баладан балаға ауызша жетіп келе жатқан әулие атамыздың атына кішкентайымыздан қанық боп өстік. Әкеміздің де, шешеміздің де Құдай мен пайғамбардан кейін сиынатын кісісі сол Назар абыз болатын.
Әкеміз Әбдірахман сауаты жоқ болғанымен, ескі әңгімелерге құлағы түрік, өзі де соларды айта отыратын. Әсіресе, Назар абыз атасына байланысты аңыз әңгімелердің біразын білуші еді.

І

Біз Ұзын Қыпшақтың бір бұтағы Әжіқабай аталатын көп өсе қоймаған румыз. Ру аты Әжік және Қабай атты ағайынды екі кісінің атының қосылып айтылуынан пайда болған.
Ал енді руымыздың аз, өсе қой­мағанының бір өкінішті сыр-себебі бар. Назар абыз атамыз атақты Тілеулі батырдың әрі замандасы, әрі досы, екеуі де Ұзын Қыпшақ туыстар болған. Жас жігіт кездері. Бірде Назар, Тілеулі және Сазан – үшеуі жылқының кезегіне барады. Сол жылы қыс қатты болып, бір апта бойы сұрапыл боран соғып, қостан сыртқа шығудың өзі мұң боп қалған көрінеді.
Тілеулі мен Сазан «ойпырмай, жылқы ығып кетіп, оқпанға құлап опат болған шығар. «Мал – жан садағасы» деп біздің бас сауғалап отырысымыз мынау», – деп мазасызданады. Назар бабамыз оларды: «Сабыр сақтаңдар, жылқы аман. Қырдан қоғаға құлап, ықтасын тауып тебіндеп жатыр. Саспаңдар, боран да ашылады», – деп тыныштандырады.
– Е, қоста отырып, сен оны қайдан білесің? Көріпкелің бар ма еді? – деп сұрайды екеуі.
– Бар болса бар да шығар. Қамбар ата жылқымызды қақпайлап ит-құстан да қорып жүр, – дейді Назар. Тілеулі мен Сазан бұған сенер-сенбесін біл­мейді. Амалсыз боранның ашылуын күтеді. Жылқы іздеуге шықса, өздері адасып мерт болулары мүмкін. Боран да ашылып, үшеуі атқа қонып, жылқыны іздеп табады. Сабырсыз Сазан атын қамшылап алда шауып бара жатады. Жылқы шетінде киімі жұпыны бір жаяу жүрген адамды көріп:
– Анау ұрыны қараңдар, ұры, ұры, аттан! – деп айқайлайды. Ақ сойылын сермелеп, жаяу адамды ұрып тастауға ұмтылады. Сонда Тілеулі саңқ етіп:
– Ей, тоқта, Сазан! Қолында құры­ғы түгіл, қамшысы да жоқ, жылқы алар жаяу ұрыны қайдан көрдің? Жыл­қымызды қорып жүрген Қызыр бабаның өзі шығар, қайт кейін! – деп Сазанды қуып жетіп, қолынан сойылын қағып жібереді. Назар бабамыз да келіп жетіп, үшеуі жаяу адамның алдына жетіп тоқтайды.
Сазан сонда да ентігін баса алмай:
– Ей, сен кімсің? Біздің жыл­қымыздың ішінде не іздеп жүрсің? – деп дікектейді. Сонда Қызыр баба:
– Уа, Сазан, мына сұрапыл боран­да ұры түгіл, мал иесі өзің де бас сауғалап қосыңнан шыға алмай жаттың емес пе. Ұрының тастай алмай жүрген жаны бар дейсің бе? Мұншама ақымақ болармысың. Енді батамды тыңдаңдар, – деп қолын жаяды.
– Төбеме құрық ойнаттың, Сазан. Қызыр Қызыр болып Алла жаратқа­лы адам баласынан көрген бірінші қорлығым бұл, бірінші естіген балағат сөзім бұл. Ұры дедің-ау мені. Аузың асқа, астың атқа жарымасын! Екі үйіңнің басы бір жерге қосылмасын, әумин! – деп бетін сипапты.
– Ей, Назар, сен көріпкелдік қон­ған әулие едің. Жылқыңды қорып жүрген мені көріп отырдың. Бәрін біле тұрып, Сазанды тоқтатпай со­йыл серметтің маған. Сенің де айыбың аз емес. Алла сыйлаған әулиелікті Ал­ланың періштесін қорғауға жұмсауға жарамадың. Жәбір сөз естірттің маған. Жеті ата, жеті ұрпаққа дейін тұқымың көбеймесін. Жеті ата, жеті ұрпағыңа дейін әулиелік өз басыңда ғана болсын! – депті. Сонда Назар атамыз қандай қателік жібергенін, орны толмас өкініш болғанын бір- ақ біліп, бармағын тістеп тұрып қалыпты.
Одан кейін Қызыр баба Тілеуліге дауыстап:
– Уа, Тілеулі, Құдай тілеуіңді берсін, жай қолыңды, – деп бұйырыпты. Тілеулі лып етіп қолын жайып, Қызырдың алдында қос тізесін бүгіп, құлақ түреді.
– Тілеулі, сен маған Сазан сілтеген сойылды қағып түсірдің. Әулие болма­саң да әулиелік көрсетіп, тектілік таныттың.
Қанжығаның қанынан бердім,
Тебінгінің терінен бердім.
Бет алған тұсыңнан бердім,
Ақ найзаның ұшынан бердім.
Мыңғырған малды бол,
Тұқымың тарап мың-мың жанды бол!
Батырлардың алды бол!
Шебіңнен жау өтпесін,
Басыңа қонған бақ-дәулет
Тепкілесе кетпесін,
– деп Қызыр баба үшеуінің көз алдында ғайып болыпты. Қызырдың қарғысы­нан қорқып, Сазанның үрейі ұшады. Назар бабамыз қатты налып, Тілеулі қуаныштан жүрегі жарылардай болып, көпке дейін естерін жия алмапты.
Сазан сол жерде-ақ үйірлерден өз жылқыларын бөліп алып, басқа тебінге салып бағамын деп кетіп отырады. Сол қыста бар жылқысы қырылып, ерін арқалап, жүген мен ноқтасын ғана ұстап қалады.
Назар мен Тілеулі жылқыларын қыстан аман алып шығады. Көп ұзамай Тілеулі тұлпар баптап, ту көтеріп, шашақты найза қолға алып, Әбілхайыр хан жасағына қосылып, қазақ жеріне шапқыншылық жасаған Жоңғар қалмақтарына қарсы аттанады. Жоңғарлармен жан беріп, жан алысқан ол сан рет айқастар мен шайқастарға қатынасып, аты ауыздықпен су ішіп, өзі етікпенен қан кешіп жүргенде, Қы­зыр баба батасы жау оғынан қалқан боп қорғайды, оқ дарытпайды. Қалмақ батыр­ларымен шыққан талай жекпе-жек­терде жеңіске жетіп, мерейі үстем болады.
Тілеулі батыр әр жорыққа барар алдында сол кезде көріпкел әулие атағы дүйім елге жайылып үлгерген Назар абыз атамызға келіп, батасын алып, жорықтың сәтін сұрап біліп аттанады екен. Бірде соғысқа аттанар алдында Тілеулі абызға:
– Сен сұрамайсың, мен өзім біліп саған олжа бермей келіппін. Осы жолы не әкелейін? – деп сұраған екен. Сонда Назар атамыз:
– Қолыңа бірінші түскен олжаң менікі болсын, – деп тілек айтыпты. Сол жолғы жеңісті болған жорықта батыр­дың қолына қалмақтың бір көрікті қызы түсіпті. Тілеулі батыр қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ешкімнің көз сұғын қадатпай Назар абыз досына аман әкеліп табыстайды.

ІІ
Сонымен бес қаруын асынып Ті­леулі батыр бастаған жауынгер жасақтар жауға аттанады да, Назар атамыз елде қалады.
Назар атамыздың көріпкел әу­лиелік қасиеті, сабырлы да ұстамды мінезі, ақылгөйлігі оны зор құрметке бөлейді. Жаугершілік жағдайда елді бірлікте ұстау, тентектерді тыю, соғыста азаматынан айырылған же­тімдер мен жесірлерге қамқор болу жұрттың жоғалған, ұрланған мал-мүліктерін әулиелікпен тауып беру, әділетсіздік, қиянат, зорлық-зомбылықтарға жол бермеу, дау-шарларға әділ төрелік жасау сияқты сан салалы істерді даналықпен атқарады.
Бірте-бірте Назар әулиенің атына абыз атағы қосылады. Осы атақ атамызға қалай берілді екен? Тілімізде абыз сөзі бар болғанымен кімдерге, не үшін абыз атағы берілетіні белгісіз. Тарихта атына абыз атағы қосылып айтылатын тарихи тұлғалар жоқтың қасы деуге болады. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Абыз халық даналығын бейнелейтін әдеби кейіпкер ретінде алынған. Қазақ энциклопедиясына қарасақ, ертеде шаман дініндегілер өз молдаларын абыз деп атағанын жазады. Ал қазақ ұғымында абыз – білгір, көреген адам дегенді білдіреді дейді. Бірақ тарихымызда білгір де көреген кісілер аз ба.
Сан сұрақтарға жауап іздеп, саралай келгенде, бабамыз Назар әулиенің әулиелігіне қоса он сан асыл қасиеттер иесі болғанын, ерекше білгір, мейлін­ше әділетті, данагөй кісі болғанын аңғарамыз. Ел басына күн туған заманда өзінің барлық ақыл-ойын, бойындағы сан салалы Құдай берген қасиеттерін жұрты үшін жұмсаған, қысылғанда келелі кеңес берер кемеңгері, қамқоры, сүйеніші болғаны сөзсіз. Абыз аты сол үшін берілгені анық. Абыз аты ел ұғымында ұзақ жасаған дана қарттарға ғана беріледі. Соған қарағанда дана бабамыз сексеннің сеңгірінен де аман өтіп, тоқсанның үстіне шыққан деп шамалаймыз. 17-ғасырдың аяғында туып, 18-ғасырдың соңына қарай өмірден өткен. Туғанынан бері 300 жыл өтті деп пайымдаймыз.
Назар абыз атаның ғана баласы емес, адамның баласы болып, жалпы жұрттың жайын ойлап, халқы үшін қам жеген елдің иесі мен киесі болған. Туысқа, жақынға бұру дегенді білмеген. Өз туысы мен басқа атаның арасында дау туып, алдына келсе, ісі әділді жақтап, төрелік айтқан. Ісі теріс болса, жақынын да жатқа жығып берген. Өкпе айтқан ағайынға: «Менің табынар Тәңірім – туралық», – деп беттерін қатты қайтарып тастайды екен. Адалдық, туралық – оның ұрпақтарына да дарыған қасиет. Әкеміз де, басқа ақсақалдарымыз да: «Абыз ұрпағына алдау мен арамдық жақпайды, бойымызға тек адал еңбекпен тапқан ас қана жұғады», – деп отырар еді. Мұның өзі де арамдыққа тыйым, адалдыққа тәрбие емес пе. Тегін білудің тектілік, жеті атасын білмеудің жетесіздік болатыны содан.
Назар абыз атамыздың бейіті Қос­танай облысы, Жангелдин ауданын­дағы қазіргі «Қызбел» ауылы орталығынан сәл әрі 3-4 шақырым жерде. Қоңыраулы өзенінің жаға-бойында. Сүйегінің онда қалуының себебі туралы әртүрлі әңгіме бар.
Торғай өңірі ХVI-XVII ғасырларда ноғайлар мен қалмақтардан босаған соң, қазақ рулары көшіп келіп қоныстана бас­тайды. Тілеулі батырдың ұрпақтары бастап келіп, қоныс бөліскенде Әжік пен Қабай балаларына Жыланшық өзені­нің орта бойындағы жер тиеді. Қазір бұл жер «Әжіқабай түрмесі» деп аталады. Аты жұмбақтау. Шамасы, көктемде қары түріліп ерте кететіндіктен, жері ықтасын, шұрайлы, қыста жылқы жұ­тамайтындықтан солай аталған болуы керек.
Жаңа қоныс – Жыланшық жері аталарымызға жайлы да құтты мекен болады. Абыз атамыз ұзақ жасағандықтан осы жаңа қонысты өз көзімен көріп, көшті өзі көшірісіп келген, сонда ғұмыр кешкен.
Ал енді абыз атамыздың сүйегі Жыланшық өзенінің ортасындағы қо­нысынан алыста, сонау Қоңыраулы өзенінің бойында қалу себебі – ол кезде Қызбел тауы мен Қоңыраулы өзенінің бойына әлі қыстаулар салына қоймаған, тек жаз жайлау болған. Қазақ халқының жоңғар қалмақтарымен жүз жылға созылған соғысынан кейін жаңа ес жиып, жаңа көбейіп келе жатқан кезі. Бос жатқан жерлер әлі баршылық болған. Абыз атамыз сол жақтағы жаз жайлауда, қоңыр күзде Жыланшықтағы қыс қыстауына қайта көшіп келе жатқан жолда кенеттен қатты ауырып қалады. Көш тоқтап, түйелерден жүктер түсіріліп, қос тігіліп, керегеден жаппалар жасалып, бірер күн ерулеп жатады. Аурудың беті бері қарамайды. Сонда өзіне ажал жеткенін сезіп білген Назар абыз атамыз:
– Маған топырақты осы жерден Қызбел тауының етегі мен Қоңыраулы өзенінің жағасынан бұйыртып тұр. Мына менің дәл жамбасым тиіп жатқан жерге қойыңдар. Қазір елсіз болғанмен, түбі қалың елге қоныс болғалы тұр. Бір жағы ағысы қоңыраулатып жатқан арналы өзен, бір жағы қыста малға пана қалың қопа, басқа жағы жалпақ шүйгінді шабындық, шұрайлы құйқалы жер екен. Еліне құт қонып, береке орнайды. Жапанда жалғыз төбешік боп қалды деп қамықпаңдар, – деп көз жұмыпты жарықтық әулие. Айтқаны айтқандай келіп, Қызбел тауы етегі мен Қоңыраулы өзені бойы кейін қалың елді мекендерге, құтты қоныстарға айналған.
Көшіп келе жатқан елі абыз атаны сол өзі өсиет еткен, ауырып жамбасы тиіп жатқан жерге арулап қойып, жетісін беріп, елге бет түзейді.
Басына там салғанша белгі болсын деп атан түйенің ортан жілігін қадап кетеді. Жайлаудан ел көшкенде бұл маң мүлдем құлазып қалады екен. Назар абыздың жалғыз ұлы Төртқара, оның сол кезде ержетіп азамат болып атқа мінген төрт ұлы Кешубай, Медет, Жылгелді, Бигелді және басқа ағайын, туған-туысқандары жапан далада жат жерде жалғыз төмпешік боп қалып бара жатқан атақты әулие абыз аталарын қимай, көздерінен ыстық жас парлап, арттарына қарай-қарай аттанады. Көш қозғалып, қыр асқанша әйелдердің жоқтаулары басылмайды.

ІІІ
Сөйтіп, Назар абыз әулиенің сүйегі Қызбел жерінде қалады.
Өткен ғасырдың аяғына қарай ғана Назар абыздың басына шикі кірпіштен төрт құлақты там салынады. «Қызбелде» болып, ауыл қарттарынан сұрастырғанымызда, 71 жастағы Ахат қария Назар әулие жөнінде былай деп сыр шертті:
– Бұл ел Назар әулие деп қана біледі. Атақты абыз болғанын, руын, тегін білмейді. Әйтеуір, сапарда жол жүріп келе жатып қайтыс болған екен деп аңыз етеді. Ал әулиелігіне ешкім шек келтірмейді. Адамдар басына түнейді. Аурулар, Алла мен аруақтан бала сұрағандар және басқа медет тілегендер келеді.
Тамнан бір шақырымдай жерде ертеректе Смағұл Айранбайұлының салдырған үйі болыпты. Бірақ ол жер Назар атанып кетіпті. Сол қыстауда Қуаныш Қайыров есімді жігіт «Назар» атты шағын шаруа қожалығын құрыпты. Назар абыз бабамыздың аты бұл елде мұнша сақталып құрметтелуі көңілімізді қатты тебірентті.
Назар абыз әулие бабамыздың үшінші және төртінші ұрпағынан үш қажы шыққан. Олар – немересі Бигелдінің баласы Бектұр қажы, шөбересі Дүзелден туған Махамбет қажы мен Барлыбай қажылар. Бектұр қажы – менің атам Сомжүректің әкесі. Бектұр Меккеге қажылық сапарға аттанған жылы әжеміз Ажарсұлу менің әкеме жүкті екен. Аттанып бара жатып: «Ұл туса, атын Әбдірахман қойыңдар, қыз туса, өздерің қойыңдар», – деп тапсырыпты. Бұл – 1894 жыл. Махамбет қажы мен Барлыбай қажы да шамасы сол жылдары қажылыққа барып келген.
Олардың қажылық сапарға Назар абыз әулие атасының басына барып түнеп, сиынып, тәу етіп, дұға бағыштамай аттануы мүмкін емес. Ол үшеуі әулие басына тамды не қажыға барар алдында, немесе аман-есен барып келген соң салдырған деуге болады.
Бүгінде Назар абыз әулие ба­бамыздың сегізінші, тоғызыншы ұрпағы өсіп таралуда. Қызыр баба Назарға наразы болып, оның ұрпағының көбеймеуіне жетінші атаға дейін ғана шектеу қойған дедік. Енді Назар абыз ұрпағы көбейіп, көгеріп-көктеп, жақсы тамыр жаяды деген үміт-сенімдеміз.
Абыз атамыздың аруағына ұзын қыпшақтың он сан рулары сиынған. Жорықтарда Амангелді батыр мен Кейкі батыр да сиынып жүрген.
Әкем Әбдірахман Назар абыз ата­сының аруағы талай жерде қолдап, ажалдан аман қалғанын жиі айтатын. Ол – 1916 жылғы Әбдіғапар мен Амангелді бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне басынан аяғына дейін қатынасқан адам. «Бірде, – дейді әкем, – барлауға баруға әр рудан бірнеше сарбаз шығаруға бұйрық берді. Бізден мені жіберді. Зеңбірек, пулеметтермен мұздай қаруланған патша әскеріне төтеп бере алмай, қаша ұрыс салып, шегініп келе жатқанбыз. Сол жылы қыс қатты, қар аса қалың жауған еді. Қардың қалыңдығынан ат көсіліп шаба алмайды. Торғай бойындағы қыстаулар бос қалған. Ел Қараторғай, Сарыторғайға қарай, қопаларға күні бұрын көшіп кеткен. Сол иесіз қыстауларға келіп, үй төбесіне шығып, пештің мұржасының тасасынан патша әскерінің қай шамада келе жатқанын қарап бақылаймыз. Барлауымыз – сол. Сөйтсек, қарсы әскерлер де барлаушылар жіберген екен, оларды біз байқамай қалыппыз. Бір тасадан шыға келіп, винтовкаларынан ата бастады. Жалма-жан аттарымызға міне қаштық. Олар соңымызға түсіп қуып келеді. Менің астымдағы семіз айғыр еді. Омбы қарға малтығып, барлығып шаба алмай, соңында қалып қойдым. Оқ бірде оңымнан, бірде солымнан қарға дыз етіп қадалып келеді. Аузымда – Алла мен Назар абыз атамның аты. Амангелді мен Кейкі батыр мергендерімен тасада жатқан сайға да таяп келем. Олар менің соңымда өкшелеп келе жатқан қуғыншыларды атайын десе, оқ маған тиюі мүмкін. Амангелдінің амалы құрып тұр екен. «Аттан секір» деген даусы саңқ етті. Болдырған аттан секіріп түсіп, сайға домалап кеттім. Сол кезде Амангелді мен Кейкі қатарласа атып, жау барлаушыларын жайратып салды. Мойнымда қалың түбіт шалма болатын. Кешке қоналқыда соны мойнымнан шешкен кезде еденге 2-3 винтовка оғы домалап түсті. Абыз атамның аруағы мені ажалдан арашалап, жау оғын дарытпай, тигенін денеге өткізбей қаққанын ұқтым. Қасымда тұрғандар «ажалдан әуелі Құдай, сосын абыз атаңның аруағы сақтаған екен» десіп жатты.
Міне, осылай әкемнің Назар абыз әулие атасы туралы, оның көзі тірі кезіндегі көрегендіктері мен аруағының кімге қалай шапағаты тигені жөніндегі әңгімелері жалғаса беретін.
«Қызбел» ақсақалдары әулие атамыз жөнінде маған тағы мынадай әңгіме айтты. «Қызбелдің» №4 бөлімшесінің орталығы Шобаннан 18 шақырым жерде, Теке өзені бойында Оспан қожа әулиенің тамы бар. Ол кісі көзі тірісінде Назар әулиені құрмет тұтып, басына тәу етіп, дұға бағыштап тұрған.
«Қызбел» киелі жер демеске болмайды. Бір емес, атақты екі әулиенің сүйегі жатқан жердің елінде бірлік пен береке бола берері сөзсіз. Кімге де болса, құт мекен екені айдан анық.
Міне, Назар абыз әулие туралы бүгінгі көнекөз, қария-ақсақалдардың әңгімелері осындай сыр шертеді.

Жұма-Назар Сомжүрек,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын

Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.