Сәуiр бұлтындағы суреттер

Айнала кезiп аспаннан тұрақ таба алмай,
Сәуiрдiң желi сауда iстеп жүрген сараңдай.
Алатауға әкеп телегей бұлтты тоғытты,
Адамнан безiп, аспанға қашқан Аралдай.

Бұлт болып кеткен көп марқұм бiр сәт аялдап,
Жабырқап жүрген жанымнан жұмбақ жай аңдап,
Шақырады көкке: «Нең қалды ендi жерде,– деп.–
Кiмiң бар сонша қимайтын артқа алаңдап?».

Заңғарға шығып зар-мұңын айтып зарыққан,
Бу болып ұшып төбемнен таныс ғарыптар,
Мен ғана бiлер бiр тiлмен сөйлеп күңiренiп,
Бiр менi ғана айнала шарлап қалықтар.

Әнекей әкем. Аспанда басқа жол қалмай,
Тұра қап тоқтап: «Балам-ау, балам сормаңдай!
Күдерiңдi үзсең жақыннан, жаттан түгелдей,
Не керек бәрi, қасыма кел» деп тұрғандай.

Көтермей басын ордалы ой мен наладан,
Еңсесiн басып мен жайлы қайғы қамаған,
Мұңайып отыр, ошаққа сүйеп маңдайын,
Өмiрiнiң көбi өксумен өткен жан анам.

Көре алмай менi көкшулан бұлтты көшкiннен,
Мұңайып отыр, үстiнде камзол ескiрген.
«Анамды жерге бiр сәтке түсiр, түсiр» деп,
Құлындай қазiр шыңғырсам, ей, бұлт, естiр ме ең?

Қауышып жатса, аспанды керуен көш басып,
Бiреулер мәңгi жатады екен қоштасып.
Ойнақтап келiп от шашып бiр бұлт өткенде,
Күл болып кеттi күлiмдеп тұрған қос ғашық.

Бұзуға хал жоқ бұлыңғыр өмiр қабағын,
Үнемдеп ұрттап шамалы-ақ қалған шарабын.
Түңiле қарап түбi жоқ мына тасқынға,
Кешегi жiгiт өзiм де кетiп барамын.

Өмiрдiң сынын өткерген жоқпын бекерге,
Асықпай жүрсем бiр күнi әлi-ақ жетем деп,
Арманның бәрi ақ қаншық бұлттай сонау бiр
Адастырып менi, келмеске кеткен екен де!f

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Оқырман

    Керемет өлең!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.