Өнер ұжымының өрісі кең

Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының Алматы қаласындағы гастрольдік сапары аяқталды. Астананың 20 жылдығы мен  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған өнер сапары­ның шымылдығы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт» атты драмасымен жабылды. 

Салтанатты рәсімге Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, Қазақстан­ның Еңбек Ері, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов, Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы­ның басшысы Саламат Сабыр және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың арнайы сәлемін ­жеткіз­ген Ә.Нәутиев өз сөзінде ­Махамбет атын­дағы театрдың құрылғанына биыл 80 жыл толғанын және мерейтой қарсаңында академиялық мәртебеге ие болғанын атап өтті. «Осы жылдар ішінде өнер ұжымы көптеген белестерден өтті.Кешегі ел басына түскен қиын кезең­дерде еңбек адамдарының ортасынан табылып, ел еңсесін көтеруге атсалысты. Осыдан 80 жыл бұрын театр шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасымен ашылса, биылғы академиялық атақ алғаннан кейінгі бірінші сапарын Алматыдағы ұлы жазушы атындағы театрда бас­тап отырғаны тегін емес. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек» дей келе, облыс әкімінің орынбасарытеатр ұжымын құшақ жая қарсы алған М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына және Алматы жұрт­шылығына алғысын айтты. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Махамбет театрының мерейтойы алдағы уақытта халықаралық дең­гейде аталып өтетінін жеткізді.
М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театры­ның көркемдік жетекшісі, қазақ театрының бүгінгі абыз ақ­сақалы Асанәлі Әшімов атырау­лық әріп­тестерінің өнеріне деген шынайы ризашылығын білдірді. «Алматы сияқты мәдениет пен руханият ордасында өткен мұндай жүздесулердің жөні бөлек. Бес күн бойы еліміздегі маңдайалды театрлардың бірі саналатын ұжым­ның өнерін тамашаладық, қойылымдар туралы пікір алыстық. Жаңа буынның өнеріне тәнті бол­дық. Облыс басшылығы өзінің театрға, жалпы мәдениет саласына деген ықылас-ниеті жоғары екенін көрсетті. Бұл өте жақсы үрдіс. Алда әлі талай кезде­семіз. Өнерлеріңіз өрге жүзсін» деп, әйгілі актер театр ұжы­мына шығармашылық табыс тіледі.
Еліміздің экономикалық қуатын еселеп отырған мұнайлы өңірдің өнері мен мәдениеті де қатар дамып келеді. Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық акаде­мия­лық Қазақ драма театрының директоры Берік Жаменов атап өткендей, биылғы жылды жемісті бастаған театр ұжымының құрамы жастармен, жаңа режиссерлермен толығып, жақсы жетістіктерге жетуде. Гастрольдік сапар кезінде қойылған спектакльдердің тың, тосын форматы, суреткерлік сәтті шешімдері соның дәлелі. Осы бес күн ішінде көрсетілген Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» тарихи драмасы, Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» және «Мәңгүрт» драмалары, Есенжол Домбаевтың «Келін» мұңды комедиясы сынды қойылымдар ұлттық, адами, рухани құндылықтардың мәнділігі мен мәңгілігін тағы бір ұқтырып, театрдың бағыт-бағдары айқын, мақсат-мұраты биік екенін айқын аңғартты. Бұл туындылардағы әлеуметтік, философиялық астары мол көріністер қазіргі заман шындығымен ұштасып жатыр. Сондықтан да алматылық талғампаз көрермен ­Махамбет театрының әрбір қойылымынан өзіндік ой түйді, рухани ләззат алды. Сахна өнеріндегі жаңа әрі талантты есімдермен танысты.
Осылайша, атыраулық театрдың гастрольдік сапары өз мәресіне жетті. Ұлтымыздың қасиетті рухани уызы – әдебиет пен өнерді ұштастырған театр өнерінің тағылымы қашанда зор. Республикамыздың байырғы өнер отауларының бірі — ­Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ ­драма театрының Алматыдағы гастролі осындай елдік мүдде бірлігін, өс­келең өнер өрісі мен рухани бауыр­малдық өнегесін паш етті.

Дина Имамбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.