Менің атам – майдангер

«Ерлік – елге мұра» деген ұлағатты сөз бар. Кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып, жауды жеңген ардагерлеріміздің ерлігін қанша ұлықтасақ та, жарасымды. Бұл ретте мен өзімнің атам, соғыс ардагері Адырбай Абдимәуленұлы туралы айтсам деймін. 

1920 жылдың 5 қаңтарында Қы­зылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1941 жылы 21 жасында майдан алаңына аттанады.108 атқыштар дивизиясының құрамында болған атам Сталинград үшін шайқаста 102 рет ұрысқа қатысқан.
Ұлы Отан соғысында 1942 жылғы 17 шілдеден бастап 1943 жылғы 2 ақпанға дейін Сталинград қаласын (қазіргі Волгоград қаласы) қорғау және Дон мен Волга өзендері аралығындағы неміс-фашист әскер­лерінің ірі стратегиялық тобын талқандауға атсалысқан. Жауынгер Адырбай Абдимауленұлы снарядты жару барысында, оның жанғанына қарамастан, суық қаруды жауға қарай лақтырып, оң қолынан жараланып, жанбас сүйегі мен аяғына зақым келеді. 1944 жылы үш ай көлемінде госпитальда емделіп, ­наурыз айында үйіне оралды.
Соғыстан оралғаннан кейін Адырбай атам оң қолына қара қолғап киіп жүрген. Сол себептен де ауыл ақсақалдары, оны «Қара қол» деп атап кеткен екен. Неміс басқыншыларымен талай рет бетпе-бет шайқаса жүріп, ел тыныштығын сақтап қалғаны үшін Ұлы Отан соғысы орденімен және ерен ерлігі үшін бірнеше медальдармен марапатталды.
Атам 1945 жылы шаңырақ кө­теріп, 8 ұл 3 қыз сүйген. Үкімет ерен еңбегі үшін Жаңақорған ауылы­нан екі қабат үйді сыйға тартады. 1980 жылға дейін мал шаруашылығы саласында фирманың меңгерушісі, зейнетке шыққаннан кейін, сол фирманың бастығы болып жұмыс ат­қарды. Атам 1998 жылы 13 жел­тоқ­санда, 78 жасында дүние салды.
«Соғыстың қасіреті ешқашан ұмытылмайды. Біз көргенді кейінгі ұрпақ көрмесін деймін. Тәуелсіз ел атандық. Шүкір, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Бақытымыз ұзағынан болғай деп тілейік» деген атамның сөзі мәңгі есімде қалды. Мен атамды мақтан тұтамын. Оның ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі. Жылдар жылжып, уақыт сырғыған сайын біздің ардагерлерге деген құрметіміз арта түсетіні анық. Бұл ерлік мәнін жоғалтпайтын өшпес даңқ. Олай болса, Жеңістің тағылымын жан-жақты насихаттауымыз керек.

Жанар АДЫРБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.