Бұқаралық спортқа бетбұрысымыз қалай?

ХХІ ғасырда әр ұлттың, әрбір халықтың бәсекеге қабілеттілігі оның білімімен, интеллектуалдық деңгейімен, түрлі салалардағы жаңашыл көзқарасымен өлшенетіні белгілі. Осы айтылғандармен қатар өзіміз көп ескере бермейтін бір мәселе бар. Ол, әрине, денсаулық мәселесі. Мақал-мәтелдерге жүгінетін болсақ, халқымыз «Тәні саудың – жаны сау», «Бірінші байлық – денсаулық», «Артық байлық не керек, ден сау болса болғаны», «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деп, денсаулықтың орнын адам өмірінің ең маңызды дәрежесіне қояды. Өйткені денсаулық қай заманда да, қай ғасырда да өзінің құндылығын жоймаған. Себебі адам ғұмырының өлшемі де, тіршілік көзі де осы құндылыққа тікелей байланысты. 

Иә, зерттеп қарасақ денсаулық туралы аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Теледидарды қоссақ та, газет-журналдарды оқысақ та, осы саланың білікті мамандары ақыл-кеңестерін айтып, пікірлерін білдіреді. Денсаулықты нығайту, сақтау туралы ақпараттың көптігі сонша, оған назар салып, мән беріп жатқанымыз да шамалы. Бір қарағанда бәрі де түсінікті сияқты: денсаулықты сақтау керек, жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануымыз керек. Бұл пікірмен көпшілігіміз келісеміз. Теріске шығармаймыз. Алайда солай екен деп халықтың денсаулығы нығайып, науқастар саны азайып кеткен жоқ. Неліктен олай деп бір сәт ойланатын болсақ, әрине, көптеген факторларды алға тартуға болады. Ол экология, ол дұрыс тамақтанбау, тағысын тағылар. Дегенмен, мәселенің барлығы осы айтылған дүниелерге ғана қатысты десек, қателескен болар едік. Ең бастысы, әр адамның өз денсаулығына жеткілікті түрде мән беріп, жауапты қарауға үйренуінде жатыр.
Бізде халық арасында «адам сырқаттанса немесе денсаулығы сыр берсе, аурухана, емханалар емдейді» деген көзқарас қалыптасып кеткен. Өз денсаулығын нығайту үшін ешқандай әрекет жасамай, денсаулықты сақтауды емханаларға ғана тапсырып қойып жүре беру түбегейлі қате көзқарас екенін түсінетін кез келді. Дүниежүзінің дәрігерлері адам денсаулығының 90 пайызы оның өз қолында екенін баяғыда-ақ дәлелдеген. Керек десеңіз, әр адамның денсаулығы оның бойындағы тек қана өзіне тиесілі баға жетпес капиталы. Біз белгілі бір дәрежеде қымбат дүние-мүлкіміз болса, оны барынша қадірлеп ұстауға, сақтауға тырысамыз да, ал одан да зор байлық болып саналатын – денсаулығымызды қадірлеп, қастерлеп ұстауға ынта-жігеріміз жете бермейді. «Ауырсам дәрігерлер емдейді ғой» деген түсінікпен жүреміз. Осы бір жылдың ішінде яки бір айдың, бір аптаның ішінде денсаулығымызды нығайту үшін не істедік деп өз-өзімізге есеп беретін болсақ, күмілжіп қалатынымыз рас. Оның орнына денсаулыққа кері әсер еткен дүниелерді атап бере алатынымыз шындық. Тамақтануда, ұйықтауда белгілі бір режим сақтамадық, бәлкім артық салмақ қостық, дене жаттығуларымен жүйелі шұғылданбадық, оған жан-тәнімізді қинамадық, жаяу жүрмедік, табиғат аясына шығып, таза ауа жұтпадық, кешкісін далаға серуендеп қайтудың орнына теледидар алдына жайғастық, т.б.
Мамандардың айтуы бойынша, адам денсау­лығы 100 немесе одан да көп жылдарға жеткілікті болатындай уақытқа жететін табиғи ресурсқа жатады екен. Осы жылдар ішінде ол белсенді өмір сүріп, өзінің әлеуетін толыққанды пайдалана алатын мүмкіндікке ие. Мысалы, тарихқа қарайтын болсақ, әлемде 130,150, 200 және одан да көп жыл өмір сүрген адамдар қаншама. Бұған ешқандай таңғалуға болмайды. Демек, адам өмірінің ұзақтығы оның денсаулығының тіршілік етуіне мүмкіндік сыйлайтын қалыпты дәрежеде болуында жатқаны анық. Сонымен қатар біз денсаулық туралы ата-бабамыздан келе жатқан халықтық білімдерден айырылып қалғанымыз анық. Олай дейтін себебіміз, денсаулық мәселесіне көбінесе қазіргі заман медицинасының, дәрі-дәрмектердің тұрғысынан ғана зер саламыз. Өзіміздің ағзамызды жеткілікті дәрежеде тани бермейміз. Халықтың денсаулық туралы бағзыдан келе жатқан ұғым-түсініктері жөнінде дәстүрлі емші Ерхан Мәдіғалиевтің пікірін білген едік, ол кісі Гиппократтың сақтар, яғни біздің ата бабаларымыз туралы айтқан мынадай бір сөзін келтірді: «Сақтар өз денсаулықтарын жылқы малын күткендей күтеді. Яғни алыс жолдан немесе жорықтан келгенде су да, тамақ та ішпей, ұйықтап қалады». Гиппократтың осы сөзін тарқатып беруін сұрағанымызда, Ерхан Мәдіғалиев адамның бойында ыстық пен суық болатынын, ыстықтың мөлшері шамадан асып тұрғанда су да, тамақ та ішеуге болмайтынын айтты. Яғни өзіміз үшін үйреншікті әдетке айналып кеткендей, даладан келе салып бойдағы ыстық басылмай салқын су ішу денсаулықты бұзады. Қазақтың алыс жолдан келген жылқыға бірден су бермей, оны белгілі бір уақыт аралығында суытып алуының сыры да осында екен. «Біз шын мәнінде, денсаулық туралы халқымыздың дәстүрлі дүниетанымынан қол үзіп қалдық» дейді емші. Сонымен қатар халық емшісі мына бір пікірін де қоса кетті: «Адамның өз-өзіне деген сенімі күшті болуы керек. Рух жоқ жерде сенімділік болмайды. Қазір біз рухымыздан айырылып қалдық. Ал рухтан, сенімділіктен айырылған адамның денсаулығы да осал болады. Ондай адам өзгені кінәлағыш келеді. Ауырса да, жұмыс таппаса да сонысын өзгеден көруге даяр тұрады. Сырқаттанса жазылып кететіне сенбейді. Содан келіп адамның психологиясы өзгереді» дейді.
Тақырыбымызға денсаулық мәселесін арқау етіп отырған соң мұндағы негізгі мақсат – адамның өз денсаулығына деген көзқарасын өзгерту. Нақтылай айтқанда, денсаулық мәселесінде біз өмір салтымызды өзгертуіміз керек. Мысалы, бүгінгі жастарымыз ата-бабамызда болмаған тағам­дарға үйірсек болып кетті. «Хот-дог», «чипсы», «сэндвич» тәрізді каллориясы көп және ағзаға пайдасы аз тағамдарды жиі пайдаланады. Сонымен қатар құлағымыз жиі шалатын, күнделікті естіп жүрген «бұқаралық спортты» дамыту жайы да қалыс қалып келеді. «Бұқаралық спорт» деген әлем­нің дамыған елдерінде кең тараған ұғым. Оған ең біріншіден халықтың өзі мүдделі. Қолдары қалт еткенде спорттық алаңдардан табылады, бірігіп жүгіреді, жарыстарға қатысады, сол арқылы балаларын, жас ұрпақты да белсенді өмір сүруге тәрбиелейді.
Қайбір жылы сонау Жапониядан Қазақстанға саяхаттап келген қарияларды кездестіріп, тілмаш арқылы әңгімелесудің сәті түсті. Көбінің жасы тоқсанды алқымдаған, тіпті арасында тоқ­саннан да асып кеткендері бар. Солар жылына болмаса да, екі үш жылда бір еліміздің табиғатын тамашалауға келіп жүреді екен. Ақсу- Жабағылыдағы қызғалдақтарды қызықтайды, Маңғыстаудың ғажайып табиғатын тамашалайды. Бұл орайда айтайын дегенім, жапон қарияларының мықтылығы. Өздері жүріп тұрады, тау-тасқа шығады, бірнеше шақырымдарды шаршамай-шалдықпай жаяу еңсереді. Қалай қызықпайсың! Олардың денсаулығы біздікінен артық жаратылмағаны белгілі. Бірақ дұрыс күтіне білудің арқасында, сауатты тамақтанып, салауат­ты өмір салтын ұстанғандарының нәтижесінде әлі де сергек күйлерін сақтап келеді. Жан мен тәннің үйлесімді болуын жақсы меңгерген. Өйткені олар тек қана тән саулығын ғана емес, жан саулығын да, яғни рухтарын да биік деңгейде сақтай біледі. Спорт, дене жаттығуларымен жүйелі шұғылданады екен.
Өкінішке қарай, біз мықты денсаулыққа кепілдік беретін «спорт философиясын» он­шалықты жақсы түсіне алмай келе жатқан ха­лықпыз. Спортты міндетті түрде чемпион болу, сол саланың мықтысына айналу деп қабыл­даймыз. Шындығында, спорт – адамның өмір бойы жан серігіне айналуы керек құндылық емес пе? Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өмірін, денсаулығын сақтауға мүмкіндік беруші құндылықтың бірі де бірегейі – спорттың кереметтілігі сонда, ол жас талғамайды, онымен әрбір адам кез келген жерде шұғылдана береді. Керек десеңіз, бала кезде мектеп қабырғасынан үйренген дене жаттығуларын жасауымыздың өзі нағыз спорт. Осындайда бір тәжірибелі жаттықтырушының айтқан мына сөзі еске түседі: «Қазақтың «дене шынықтыру» деген сөзі бар. Қандай жақсы сөз! Осының мәнін енді түсіндім. Әр адам денесін шынықтыруы керек. Отырып тұру арқылы, жүгіру, қандай да бір жаттығулар арқылы… Ал оның аржағында денсаулықты нығайту мәселесі тұр. Бүкіл спорттың философия­сы осы сөзде жатыр» деген еді. Келісуге болатын пікір. Спортпен шұғылдану үшін міндетті түрде үлкен кешендерге, бағасы қымбат жаттығу залдарына барудың қажеті шамалы. Бар болғаны спорт өмір салтымызға айналуы керек.
Мысалы, Бразилияда футбол әлдеқашан өмір салтына айналып кеткен. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін футбол десе, ішкен асын жерге қояды. Бұл да сол елдегі өмір салтының бір көрінісі іспетті. Ал біздің өмір салтымыз не? Өмір салтымыз әртүрлі, олардың ішінде спортқа қатыстысы шамалы. Демалыс күндеріміз той тойлаумен, ойын-сауықпен, қонаққа барумен өтіп жатады. Той тойлаған жақсы, бірақ өзіңді өмір бойы алып жүретін денсаулық мәселесіне де бір сәт назар аударып қойғанымыз одан да жақсы.
Бір таңғаларлық мәселе бар. Біз денсаулықты сақтау жолдарын білсек те, оны орындауға салғырт қараймыз. Кейде денсаулықты бүгін бұзсақ күні ертең өз қалпына келе қоятындай қабыл­даймыз. Теріс әдеттерге бой ұрып, денсаулыққа зиян келтіретін небір тәуекелдерге барамыз.Денсаулық күн сайын, жыл сайын өз қуатын жо­ғалтып, мөлшерін азайта беретін маңызды құндылық екен.
Қозғап отырған тақырыбымыздың соңын халқымыздың «Ауру – астан» деген мақалымен аяқтауды жөн көрдік. Шын мәнінде, біз дұрыс тамақтануға көп мән бермейміз. Тамақтану мәдениеті кемшін соғып тұр. Мысалы, биоло­гия­лық тұрғыдан бір-біріне сәйкес келмейтін тағамдарды қатар пайдалана береміз. Тағамның калориясы, ондағы майлар мен көмірсулардың мөлшері қандай, бұл жағынан да хабарымыз шамалы. Қай кезде тамақтану керек, қай кезде тамақтанбау керек екенін, өз ағзамыздың ерекшелігін, оның не қалап тұрғанын да жақсы біле бермейміз. Біркелкі тамақ емес, құнарлы, әртүрлі дәрумендерге бай тағамдарды пайдалануды да есімізден шығарып аламыз. Ойлап қарасақ, ағзаны қалыпты деңгейде ұстау – үлкен өнер. Оны жетік меңгермесек те, қыр-сырын танып білуге ұмтылудың еш айыбы жоқ. Бұл орайда денсаулығымызды нығайтуға қатысты жасаған әрбір қадамымыз маңызды рөл атқаратынын ұмытпайық. Әрине, бұл мақаламыздан «көпшіліктің барлығы дерлік осындай екен» деген ой тумауы керек. Арамызда денсаулығын күте білуде үлгі етерлік азаматтар баршылық. Тек олардың қатары көп болғанын қалаймыз…

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Mrbiskot

    Thanks a lot for the article post.Much thanks again. Fantastic.

  2. Саян

    Расында да, біз бос уақытымызды спортпен шұғылдануға емес, той-томалақ пен қонақ күтуге жұмсаймыз.

  3. Мөлдір

    Өз денсаулығымызды ең соңғы орынға қоятын халықпыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.