ҰБТ – әлеуметтік маңызды мәселе

Биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусымда басталады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жуырда өткен Үкімет отырысында хабарлап айтты.
Министр Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 15-рет өткізілгелі тұрғанын мәлім етті. Осы жылдар ішінде ҰБТ-ға 1,5 миллионнан астам мектеп бітіруші қатысқан. 2017 жылға дейін ҰБТ бір мезгілде үш функцияны орындаған екен. Атап айтқанда, мектептегі 11 жылдық оқуды аяқтау қорытындысы ретіндегі бітіру емтиханы, ЖОО-ға түсу емтиханы және түлектерге гранттарды тағайындау механизмі рөлін атқарды. Ерлан Сағадиев тестілеудің бұл форматы 2017 жылы өзгергенін айтты.

– Қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі. Ал ҰБТ одан бөлек ұйымдастырылады, тиісінше ол ЖОО-ға түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалды, – деді. Сонымен министрдің хабарлауынша, қорытынды аттестаттау, яғни мектеп бітіру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткізіледі. Емтихан 5 пән, оның ішінде 4 міндетті және 1 таңдау пәні бойынша жүреді. Барлық емтихандар ауызша, жазбаша және тестілеу түрлеріне бөлінген. Бітіру емтихандарының материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы дайындады және арнайы байланыс желісі арқылы барлық облыстық білім басқармаларына биылғы 25 мамырға дейін жеткізеді. ҰБТ болса, 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 ҰБТ өткізу пунктінде өтеді. Барлық тест сұрақтарының саны – 120. Жинауға болатын жоғары балл – 140. Жоғары оқу орындарына түсуден үміттену үшін «табалдырықты», шекті балл – 50. Ұлттық мәртебедегі университеттерге түсу үшін кемінде 65 балл жинау қажет. Министр өз сөзінде 2018 жылы ҰБТ форматы өзгермейтінін айтты. Биыл тест сұрақтарының базасы 50%-ға жаңартылғанын, тест сұрақтары функционалдық сауаттылыққа, яғни әрі қарай білім алуға қабілетін, логикалық ойлау деңгейін, базалық түсініктерін анықтауға бейімделгенін жеткізді.
Е.Сағадиев баяндама барысында биыл ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген мектеп бітірушілердің саны 102 442 оқушы екенін хабарлады. Бұл – жалпы бітірушілердің 70%-ы. Бір қуантарлығы, соның ішінде 77 мыңы немесе 76%-ы – қазақ тілінде, тек 25 мыңы немесе 24%-ы ғана орыс тілінде сынақ тапсырмақ. Демек, қазіргі түлектердің кем дегенде төрттен үші мемлекеттік тілді жетік біледі. Министр өткен жылмен салыстырғанда қазақ тілінде тапсыратын балалардың саны 5%-ға өскенін мәлім етті. Биыл бітірушілерге алғаш рет ҰБТ-ны ағылшын тілінде де тапсыру мүмкіндігі беріліп отырғанын жет­кізді. Мәселен, түлектердің ҰБТ-ға дайындығы үшін сынамалы онлайн тестілерінің функционалы жетілдірілген. Енді одан үйде отырып-ақ өтуге болады екен.
Сонымен қатар тест тапсырушыларға арналған жағдайды жақсарту мақсатында биыл біраз жаңалықтар енгізілетіні хабарланды. Біріншіден, әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, бейіндік пәндердің комбинациясы бар ақпараттық парақша беріледі. Екіншіден, оған қандай мамандықтарға баруға болатыны туралы мамандықтар тізімі ұсынылады. Үшіншіден, ҰБТ-ға дәлелді себеппен қатыса алмаса, ҰБТ-ны келесі лекте тапсыру не КТ тапсыру мүмкіндігі бар. Төртіншіден, ерекше білім алу қажеттілігі бар балалар жеке көмекшімен, сурдоаудармашы мамандармен қамтамасыз етіледі.
Бұған қоса, Қазақстан бойынша тегін қоңырау жасауға болатын бірыңғай call-орталық іске қосылмақ. Биылдан бастап, Алтын белгіге ие болған түлектер білім беру гранттарын тағайындау кезінде тек балдары тең болған жағдайда ғана басым құқыққа ие болмақ. Ерлан Сағадиев өз баяндамасында ҰБТ-ға байланысты осындай жаңалықтарымен бөлісті.
Мәселені талқылауды қорытқан Премьер-министр Б.Сағынтаев БҒМ-ге әкімдермен бірлесіп, барлық ықтимал сын-тегеуріндерді ескере отырып, талдау жүргізуді және ҰБТ-ны тиісті деңгейде өткізуді тапсырды. Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰБТ қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауға міндеттелді.

Дәукен ЖҰМАТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Данияр

    Биылғы ҰБТ-да өзгешеліктер бар екен. Олар біздің балаларымыз үшін тиімді ме, жоқ па?..

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.