Өзімшіл ене өз қамын ойлайды…

«Ана тілі» газетінің №21 (1435) 24-30 мамыр 2018 жылғы санында журналист Д.Төлебаевтың «Кел, келінім» жастарға қандай тәрбие береді» атты мақаласы жарық көрді. Осы мәселе көптен бері ойымда жүргендіктен үн қосуды жөн санадым.

Мақала авторы айтқандай, расымен де қазіргі таңда әртүрлі әлеуметтік тақырыптарды қоз­ғайтын шоу-бағдарламалар көбейіп кетті. КТК телеарнасында жүріп жатқан «Кел, келінім» реалити-шоу бағдарламасын жиі көремін деп айта алмаймын, бірақ қолым қалт еткенде қазіргі жастардың ой-өрісін, тәрбиесін байқап көру үшін қарайтыным бар. Жобаның мақсаты бойынша, енесі мен баласы өздеріне лайық келін таңдайды. Таңдап қана қоймайды, оны сыннан өткізеді, әртүрлі тапсырмалар береді. Келіндер де жігіттерге өздерінің талаптарын қояды. Мақалада бұл жөнінде айтылғандықтан, ол жағына көп тоқталып жатпай, өзімді толған­дыр­ған мәселеге бірден көшейін.
Жалпы ене мен келін, отба­сылық құндылықтар жиі талқы­ланатын өзекті тақырып екені рас. Мәселен, «Кел, келінім» бағдарламасына қатысушылар маған жалғысбасты аналардың балалары сияқты көрінеді. Ішкі түйсігім солай дейді (қателесуім де мүмкін). Бұл орайда айтайын дегенім, қазір көптеген аналар өздеріне ыңғайлы келін іздейтіні жасырын емес. Олардың талабы бойынша, келін алдымен баласына емес, өздеріне ұнауы керек. Меніңше, бұл дұрыс ұстанымға жатпайды. Яғни аналардың бойын­да тек қана өздерінің жағдайын, ертеңгі өмірін ойлауға байланысты эгоистік көзқарас жатыр ма деп ойлаймын. Жақсы келін таңдау арқылы «өзім бақытты болсам» деген пиғыл байқалып қалады. Қарап тұрсақ, мұндай мысалдар өмірде аз емес. Көптеген жалғызбасты аналар бар. Күйеуінің айтқанымен жүріп-тұрғысы келмей, еркін тірлік кешуді қалап, ажырасып кетеді. Бір баласын бағып-қағып өсіреді. Оған да ертең өзінің көзқарасын таңады. Айтқанын орындатады. Қандай қызға үйленеді, кіммен отбасын құрады, осы жағына дейін араласады. Сонда әлгі баланың өз қалауы, таңдаған қызына махаббат сезімімен қосылуы қайда қалады? Аналар бұл жағын неге ескермейді?
Мұндай аналардың баласының тағдырына, өміріне, тіпті жар таңдауына араласып, тым белсенді болып жүрулерін өз басым қаламаймын. Жақсы тәрбие берсін, оқытсын-тоқытсын, бірақ барлық мәселеге кірісіп, «менің айтқаным болады» деген ұстаным жақсы емес. Бұл – баланың тұлға болып қалыптасуына кері әсер етеді. Ертең ол ер азамат ретінде өз бетінше шешім қабылдай алмайтын болады. Өз өмірін өзі дұрыс ұйымдастыра алмай, жолынан адасып қалуы да ғажап емес. Соңында кінәлі анасы емес, тағы да өзі болып шығады. Менің бұл мақала жазудағы мақсатым, біреуді сынау емес. Осындай ұстанымда жүрген аналарға азды-көпті ой салу. Бір жағынан, аты аталған телеарна «Кел, келінім» бағдарламасын эфирге шығару арқылы қоғамның осындай жаралы жерін көрсетіп отыр. Екіншіден, бұл бәрімізді ойландыратын, сондай-ақ бәрімізге ой салатын мәселе болуы тиіс. Тағы бір айтайын дегенім, біз жас ұрпақтар тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек. Қазақ халқының дәстүрлі тәрбие мектептері, сол арқылы қалыптасқан құндылықтарды кеңінен насихаттауға күш салғанымыз абзал. Жаһандану ­заманында бұл мәселе өте өзекті деген пікірдемін.

Айтуған Дәулет

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Мөлдір

    Шаш жұлысып, ұрсысқан қазақ қыздары халқымыздың, ата-аналарының атына кір келтіріп жүр. Мұндай бағдарламаларды эфирге қалай шығарып жүр?!

  2. Рауан

    Бұл бағдарламаға қатысқан қыздарды ертең қалай келін қылып алады екен? Түрлі өнерлерін көргеннен кейін келін қылғысы келетін отбасылар болмайтын да шығар.

  3. Санжар

    18 жастағы қыздарға не жоқ?! Бұл рейтинг пен атын шығару үшін құрылған бағдарлама сияқты. Оған келген қыздар да танылу, кез-келген жолмен көрінуді мақсат еткен.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.