Қандай мамандық таңдайсың, жас түлек?..

Биыл елімізде 147 мыңға жуық оқушы мектеп бітірді. 102 мың 442 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге ниет білдірген. Оның 6 мың 985-і «Алтын белгіден» үміткер. Ал Алматы қаласы бойынша 9,1 мың оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды.

Біз биылғы мектеп бітірушілерден қандай мамандық иесі болғысы келетіндерін сұрастырған едік. Енді олардың ой-пікірлерін тыңдап көрелік. Мәселен, Алматы қаласындағы №128 мектеп-лицейінің түлегі Айнұр Құттыбай туризм саласы арқылы ел экономикасына үлес қосуды мақсат етіпті.
– Бәрімізге белгілі еліміз табиғи кен байлықтарына бай. Сонымен қатар ғажайып табиғатымызды да Қазақстанның экономикалық дамуына пайдалануымыз қажет деп есептеймін. Әлемде әрбір жетінші адам туризм саласында қызмет етеді екен. Біз де экономикамызды осы арқылы дамыта аламыз. Ол үшін менің көптеген идеяларым мен ­дайын жобаларым бар. Соны әрі қарай іске асырып, елімнің көркеюіне үлес қосқым келеді, – дейді Айнұр Құттыбай.
Алматы облысы Шарын орта мек­­­тебінің түлегі Жанерке ­Нұр­дау­летова­ның таңдауы басқаша екен. Ол ұстаздықты құп көреді.
– Мамандық таңдау бұл өмірдегі ең маңызды кезеңнің бірі. Мамандық таңдар алдында «ол маған не үшін керек?», «мен өмір бойы осы кә­сіппен жұмыс істей аламын ба?», «бұл мамандықтың қыры мен сыры қандай?» деген сұ­рақтарға жауап іздеп, ойланған дұрыс. Адам жан дүниесіне, жүрек қа­лауына сай келетін істе ғана зор табысқа жете алады. Мен мұғалім мамандығын таңдап отырмын және қателеспегеніме сенімдімін, – дейді Жанерке Нұрдаулетова.
Мұғалім демекші, бүгінде жалпы білім беретін мекемелерде «көбіне қыз-келіншектер сабақ береді, ер мұғалімдер азайып кетті» деген пікірдің бар екені рас. Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнін терең­детіп оқытатын Республика­лық ­да­рынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі Марат ­Әбді­раманхан осы пікірге қатысты өз ойын білдірді.
– Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берсем деймін. Бүгінде мектептерде ер азаматтың қызмет етуі сирек кездесетін жағдай. Білім беру мен бала тәрбиесінде ер адамның рөлі зор деп білемін. Баланы болашағымыз десек, олардың бойына ең алдымен қазақылықты сіңіруге тиіспіз. Сол үшін бала өз тілі мен төл әдебиетінен сусындауы тиіс, – дейді ол.
Осы мектептің түлегі Ерқанат Еркінұлы техникалық бағыттағы ма­­ман­дықтарды қалайды. Халық қалау­лысы – депутат болудан да кетәрі емес.
– Бүгінгі таңда техникалық бағыт­тағы мамандықтар сұранысқа ие деп ойлаймын. Ал өзім заңгер бола­мын деп шештім. Азаматтардың құқығын қорғап, Қазақстан Респуб­ликасының Заңына адал қызмет еткім келеді, – деді Ерқанат.
М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектептің түлегі Зәйтүн Малбағардың арманы психолог болу.
– Қазіргі кезде Қазақстан бойын­ша психолог мамандар өте аз. Дамыған елдерде қарапайым адамдардан бас­тап, мықты мамандар, танымал кәсіпкерлер, тіпті саясаткерлерге дейін психологқа барып, кеңес алуды әдетке айналдырған. Ал бізде, керісінше, мұны ұят санаймыз. Бұл дұрыс емес. Бағыт-бағдар, ақыл-кеңес алуда психологтың көмегі зор, – деді ол.
«Болашақта сіздердің әріптес­теріңіз болғым келеді» деген оқушылармен де пікірлестік.
– Мен журналист мамандығын таңдадым. Себебі журналист қоғамның қозғаушысы, жаршысы іспеттес. Болашақта өзекті мәсе­ле­лерді шешуге үлес қосатын, қара қылды қақ жаратын мықты тілші болғым келеді. Бұл алматылық түлек Мағжан Жұмағұловтің сөзі.
Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев: «Болашақта мүлдем жаңа маман­дықтарға қажеттілік туады. Роботтар жұмыс істей бастайды. Қазір ғылым инженерия мен биология саласын дамыту үшін жұмыс істеуде. Әзірге барлық компьютерлер адам миын алмастыра алмайды. Бірақ жасанды интеллект бар. Барлық қиын жұмысты компьютерлер мен роботтар атқарады. Біздің мамандық т­уралы барлық түсініктеріміз өзгереді. Сондықтан біз қаласақ та, қаламасақ та жұмыс орын­дары қысқара бастайды» деп атап көрсеткен еді.
Айта кетейік, 2009 жылдан бастап Қазақстанда 89 мамандық жаңадан ашылған. Оның ішінде бакалавриатта – 15, магистратурада – 13, резидентурада – 50, докторантурада 11 мамандық пайда болған. Сәйке­сінше, қазір бізге етене таныс маман­дық­тар болашақта қажет болмай қалуы мүмкін. Сондықтан түлектердің мамандық таңдауда қателеспеулерін тілейміз.
Өйткені ХХІ ғасырда маман­дықтардың түрлері көбейді. Олардың ішінен өзіңнің білім-білігіңе сайын таңдау қаншалықты маңызды болса, сол мамандық арқылы өмірде белгілі бір жетіс­тіктерге жету, қоғамда өз орныңды тауып, еліңе қызмет ету де сондай маңызды. Жасыратыны жоқ, көптеген оқушылар мектеп бітір­генге дейін қай мамандықты таң­дайтындарын нақты айқындай алмай жүреді. Демек, бұл мәселеге жан-жақты зер салуымыз керек.

Ақбота ҚУАТОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Шуақ

    Ең бастысы, түлектеріміз мамандық таңдауда қателеспесе екен. Мамандық олардың болашақ өмірлерін құруға негіз болады.

  2. сымбат

    Қай мамандық болмасын, еліміздің гүлденуіне септігін тигізсе, бастысы осы.

  3. Ермек

    Балалардың оқуға, білім алуға деген ынтасы жаман емес сияқты. Ынта мен талап болса, мамандық та таңдалар.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.