Ата-аналар бейжай қарамаса деймін…

«Ана тілі» газетінің №21 (1465) 24 мамыр күнгі санында журналист А.Қуатованың «Бала күтуші баланың бабын таба ала ма?» атты мақаласы жарияланған болатын. Аталған мақала қазіргі қоғамдағы отбасы мәселесіндегі өзекті жайтты қозғауымен құнды деп есептеймін. Иә, бүгінде көптеген ата-ана жұмыс істеп, ақша табу үшін өз баласын бала күтушіге бақтыратыны жасырын емес.

Бала күтуші қаншалықты тәрбие бере алатынын мен білмеймін, бірақ әрбір бүлдіршін өз анасының мейірімін сезініп, тәлімін көріп өскені дұрыс деп ойлаймын. Бала күтуші дегеніміз қайткенмен отбасы үшін бөтен адам ғой. Оның көзқарасы, дүниетанымы да басқаша. Әрине, сәбиге мейіріммен қарайтын бала күтушілер де болады. Бірақ бәрібір де ананың аты ана ғой.
Аталған материалда автор: «Елімізде мектепке дейінгі бала тәрбиешісі мамандығы бар, бірақ бала күтуші мамандығы жоқ екені анық. Десек те, бұл мәселемен айналысатын арнайы агенттіктер ашылып, жұмыс істеуде. Демек, сұраныс бар. Зерттеп қарасақ, еліміздегі бала күтушілер 30-40 жас аралығындағы қыз-келіншектер екен» деп жазады. Ойлап қарайықшы, өзі тұрмысқа шықпаған, бала таппаған қыз өзгенің баласын қалайша бақпақ? Ондай адамға әлі оң-солын танып үлгермеген бүлдіршінді қалай сеніп тапсыруға болады?
Мақалада психолог мамандардың бала күтушісі тәрбиелеген баланың психологиясы туралы да сөз етіліпті. Бұл орынды айтылған. Олай дейтін себебім, мен өзім кейде демалыста балаларымды туыстарыма апарып тастаған жағдайда, аз ғана уақыттың ішінде баламның менен алыстап қалатынын сезем. Өйткені әрбір бала анасының жанында болғанын қалайды. Аздап болса да өзге ортада қалдырғаныма ренжіген мінез танытады. Ал таңнан кешке дейін балабақшада, одан күндіз-түні күтушісінің жанында болатын баланың халін тіпті елес­тете алмаймын. Бұл олқылықты толтыру мүмкін емес екенін әрбір ана түсінуі керек деп ойлаймын.
Сондай-ақ аталған мақалада «Ана ­капиталы» мәселесі өте дұрыс қозғалған. Заң жүзінде бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан ана үш жыл үйде отыруы керек. Ал мына заман үш жыл бойы жұмыс істемей, ақша таппай тіршілік етуге мұрша бермейді ғой. Сондықтан да мақалада көтерілген «Ана капиталы» мәселесін алдағы уақытта тағы да жеке тақырып ретінде қозғау керек деп ойлаймын. Ана мен баланың бар жағдайын жасап қойсақ, халық саны да арта түсері сөзсіз. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарамағанымыз абзал.

Фарида САТЫЛХАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.