Күнім өтіп барады,амалым не…

Оразбай Байбақұлы

ТАЛДАЙЫҚ

Заман бұл келетін кемелі,
Сапалы сана бар себебі.
Талқымен тазалап шығатын,
Мініміз не деген көп еді.

Ұяттың орыны бет дей ме,
Өзгеріс өреге жетпей ме.
Құбылған қулығың,
Қолыңмен
Көсетіп қояды от кейде.

Беліңді буынып бекемдеу,
Артық па,
Арманға жетем деу.
Мен тұрмақ мыңдардың міндеті,
Адалдық ауылын мекендеу.

Болмыстың болмаған қарасы ақ,
Сараңға бере ме сана сап.
Жақсы мен жаманды безбендеп,
Бағалай білетін парасат.

Көретін, көздейтін алысты,
Жайсаңға жалаңыз жабысты…
…«Тапқанды» талдасақ несі бар,
Ұйқыдан оятып намысты.
***
Жетеге түсіп жемір мұң,
Үмітті қойған ұйық қып.
Көксегендері көңілдің,
Береке тұнған биіктік.

Кесірлі көшті бұратын,
Құдірет тапсаң қосып ал.
Алтынды белде тұратын,
Азулы болсаң несі бар…

Тағдыр ма,
Талай тепсінді,
Өзімді өзім емдедім.
…Армандап жүрген көп сынды,
Қыранның қызыл шеңгелін.

ТӨЗІМДІМІН

Теперішті көргенімен текті ұлың
Есігіңді сол ашады,
Епті кім.
Бұзылған жоқ,
Сіркеңді де санайтын,
Қоржындылар құрып қойған шеп бүгін.

Тар пиғылға табыла ма тегін ем,
Бәрі ішімде,
Нені көрдім, не білем.
Кісі қайда тізгіндіні тежейтін,
Астамшылдық асып кетті бәрінен.

Бұл ортаға өгеймін бе осы мен,
Қаптап кетті қағатындар төсімен.
Қайда апармақ бүтіндердің бөлшегін,
Елдің жайын шығарғандар есінен.

Ырысымды итшілікпен шайқаған,
Өткен күндері ойлай ма екен май табан.
Шикіліктер қалың елді шынымен,
«Таз» қалпына түсірмек пе қайтадан.

Қаным менің – халықтікі, –
Құлымын,
Төзімдімін,
Туады әлі ұлы күн.
…Алалықтың арбауына көнбеймін,
Осы жолда үзілсе де жұлыным.

АЙТАРЫҢДЫ АЙТШЫ МАҒАН

Қиналдық-ау…
Қысастықтан таза кім,
Есті қайда,
Естіледі азалы үн.
Бірін-бірі құлатпаса құрдымға,
Қайғырады қазағың.

Даналықты дәріптедім,
Имендім,
Ақ басымды ар алдында игенмін.
Қасақана,
Пиғылыңды білмек боп,
Намысыңа тигенмін.

Айтарыңды айтшы маған ісінбей,
Табысың ба,
Табаныңның күсіндей.
Қазақпын деу артығырақ,
Қандағы
Қасиетті түсінбей.
Қалай, қайтіп қалыңдаған сорымыз,
Шыныменен ұғындық па оны біз.
Бірлігіміз пісіп тұрған шағымда,
Былғанбаған төріміз.

Жүрегімде таныс қайғы, таныс мұң,
Ес білгелі алалықпен алыстым.
…Бүтініңді бұтарлаған пендеге,
Керегі не намыстың.

ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫМ

Еселегем еңбекті ерікпегем,
Баяғыда басталған жорық деген.
Айналдырып ойымды өзегіне,
Өмір бойы өлеңді өріп келем.
Қажырым мен қайратым аман, демек, –
Шалқаяйын шалқайсам шамамды елеп.
Түндерімді тозаңдай бұрқыраттым,
Тарықтырған түйінді табам ба деп.

Қыстау жақын,
Күрсіндім күздеуде мен,
Керек екен күдерді үзбеу деген.
Күнім өтіп барады, амалым не,
Аңсағанды әлі де іздеуменен.

Табылмады талғамның текті іздері,
Тайгасынан тағдырым өткізбеді.
Ақ бұлақтай терімді ағызсам да,
Тылсым ойлар түбіне жеткізбеді.

Арманымды атар таң елеңдетіп,
Жалғыз қалдым жартаста,
Кемем кетіп,
…Жылап тұрып келіп ем өміріңе,
Өлетұғын шығармын өлеңдетіп.

ҚАНЫ БІРГЕ ҚАЗАҚПЫЗ

Өмір солай,
Өлшемі жоқ бағаңның,
Талап қуғам,
Тағу оңай маған мін.
Рухыма,
Руынан аспаған,
Бұралқысы болады екен адамның.

Күйінгенде көбейетін кінәміз,
Шындық осы,
Шыдау керек,
Шыдаңыз.
Біліп өскен, көріп өскен бәрін де.
Қу заманның куәгері мына біз.

Саясат бар сазға біткен жылымдай,
Өткелекте үзілмепті жұлын қай.
Аңғалдық па,
Азулының азығы,
Бірікпеген білектінің құлындай.

Бабалардың кемелденген көзіміз,
Бағалайық өзімізді өзіміз.
Көлгірсіген көмектесер деймісің,
Тулағанды түзетпей ме тезіміз.

Бозала таң,
Болмай ма екен мұңды ақын,
Көздегенге қол жететін күн жақын.
Езілгенмін,
Елім жеткен еркіндік,
Түсінгенмін тірлігімнен қымбатын.

Тақымдыға тәуелді емес,
Азатпыз.
Келеді әлі ғажап көктем, ғажап күз.
…Өмірбақи ұмытуға болмайтын,
Жаны бірге, қаны бірге қазақпыз.

ТАСЫ ДА ҚАСИЕТТІ

Көңілімнен көлбеңдеген мұң қашып,
Келем әлі тауды басып, шыңды асып.
Етжүректі елжіретсін тағы да,
Сағымменен сағынышым жымдасып.

Төзімділік толтыратын кемісін,
Туған жерде бағым менен өрісім.
Тағып алғам топырағын тұмар ғып,
Қара тас та қасиетті мен үшін.

Қайда тудым,
Қайдан келдім.
Сұрама,
Көлгірсулер көз жасыма тұра ма,
Ұмытқам жоқ,
Бұл өлкені қалдырған,
Бабаларым басы бүтін мұраға.

Бағаласа тұлпар болар тайым көп,
Тасына да тамыр жаям қайың боп.
Баяғыдай бәлекетің төнсе де,
Атажұрттан айырылатын жайым жоқ.

Тағдырынан құтылыпты кім қашып,
Отырайын ойлыменен мұңдасып.
…Табандарым таңбаларын түсірген,
Қара жолды қалмаса екен құм басып.

БІЛІП КЕЛЕМ

Келсе келер қырсығың ертең қырын,
Сірі болып жетілген желкем бүгін.
Әлі жүрмін,
Аусар мен аңғалдардың,
Көмпістікпен көтеріп «еркелігін».

Жерітпейді ойлардан желекті мұң,
Еріккенге қалдырдым елек түбін.
Ұғынғанмын,
Өмірге мен сияқты
Кешірімді біреудің керектігін.

Дастарқанда жарты нан, жарты балық,
Қалаңыздың қайтеді қарты налып.
Қалам менен қағазым өз қолымда,
Отырған жоқ өктемдік тартып алып.

Мен жаяумын,
Алдымда атты пысық,
Тақымына жүргендей тақты қысып.
Жайбарақат жаппамда жатпаймын ба,
Қаңқулымен өткенше қақтығысып.

Тылсымдылық,
Түсінгем себеп тілін,
Кексеңізді кім отыр елеп бүгін.
Байқауымша әлі ешкім ұмытқан жоқ,
Мен сияқты пенденің керектігін.

Мүмкін емес күнелту күдікпенен,
Қалып қойған қамбада ілік деген.
…Бір күндері…
Белгісіз…
Оқырманым
Ұғатынын ойымды ұғып келем.
***
Сүрлеуіне соға алмадым сау іздің,
Көкігенді көрсетпеші, бұла түн,
Өмір көріп уылмаған ауыздың,
Тежегісі теріс келіп тұратын.

Ақымақтан ақпай ма екен тер деген,
Кей күндері кемірмей ме жетеңді ой.
Санадағы саңылауы солғындау,
Ойланбай-ақ оттай салады екен ғой.

ЕСЕПТІ ӨМІР

Жүйкелерді жылытатын сөз деме,
Көрмейді оны көңілдегі көз неге.
Жайлы орында жатып алған жымсыма,
Ата жауын атқызатын өзгеге.

Талас-тартыс жүріп жатыр тасаңда,
Аңғардың ба,
Әділдігің «масаң ба»,
Авторы сау,
Ойланбай-ақ от кешкен,
Аңқауларың айыпталмақ қашанда.

Зейін қойып зерттегенде әсілі,
Мақтаншақтың жоқ сияқты масылы.
Жүлдесіз-ақ жүзеге асып жатады,
Зәлімдіктің зерделенген тәсілі.

Адалдықпен апарғанда істі алға,
Кісіліктің киесі бар,
Тыс қалма,
Есепті өмір,
Еркек басты болса да,
Ақымақты айналдырған мыстанға.

Білмедімнен өзгермейтін жауабы,
Қиянаттың қылмыскері сау әлі.
…Қулық жасап құтылғанды,
Түбінде
Құтқармайтын құдайдың бар зауалы.
***
Жүйке тұрмақ сыр береді жетең кей,
Енші қайда еңсемізді көтермей.
Теке мінез,
Теріс баққан,
Үнемі
Жаулығынан жалықпайды екен ғой.

Сұңқарлықтан алар болса ақы түн,
Көңілдердің көбеймей ме таты тым.
Жорғаларың жүргізбей ме жұмысын,
Көрінгенге қор қылғанша уақытын.

Өмір деген құбылмалы, құйынды,
Шешу керек шиеленген түйінді.
Жағымпаздық жаралаған пенде көп,
Қатал тірлік қандырады иіңді.

Сәтсіздіктер сабақ болған ойлы үшін,
Кикілжіңдер…
Жан ауырады сөзім шын.
Шыңдалмасаң ауырлықтың астында,
Жеңілдіктер жетістірер деймісің.

Байыптайды баратыны қай бағыт,
Сабылмайды ақыл-ойы сай халық.
Әзәзілге арлылармен аңдысу,
Кететіндей ауруына айналып.

Қасарысып қайтпайтұғын шырайдан,
Болмыстыға берілді ме бұлай мән…
…Көзбен көргем қалатынын қор болып,
Заң түгілі қорықпаған құдайдан.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.