Қызыл үй – құтты қоныс

Құм Нарынның қақпасы атанған Қызыл үй елді мекеніне мамыражай мамыр айының орта тұсында төңіректегі ауыл-аймақ жиналды. Оған себеп –  «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған «Менің ауылым» жобасы еді.

Совхоз тарағалы бері мұндай жиынды көрдік пе, көрмедік пе? Есімізде болмас. Бұл да «Рухани жаңғырумен» бірге өзгерген ой-сананың шапағаты.
Өткенсіз бүгін жоқ. Шежіресіне зер салсақ, 1930 жылдары қазіргі Тұщықұдық ауылдық округі аумағында Жамбыл, Тұщықұдық, Бабан, Айбас, Бегайдар ауылдық кеңестерінде бірнеше ауыл шаруашылығы колхоздары болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында мал шаруашылығында қол жеткізген жоғары көрсеткіштері үшін КСРО Мемлекеттік Комитетінің Қызыл туын екі рет жеңіп алып, мәңгілік ескерткішке сақтап қалған аудан еңбекшілерінің табысында тұщықұдықтықтардың да қосқан үлесі зор. 1954 жылы колхоздар біріктіріліп, ал 1957 жылы Чапаев атындағы совхоз шаңырақ көтерді. Алғашқы жылдары шаруашылықта 8 мал фермасы болды. Дала төсі төрт түлік малға ­толып, мал басы 80 мыңға дейін жетті. Совхоз директорлары қызметтерін атқарған Сапа Ахтанов, Идеят ­Оспанов, ­Жанай Беркалиев, Сүндет ­Дауылбаев және басқалардың есімдері ел есінде қалды. Жылқышылар Сақтай Қалешов, Тілекқабыл Симатов, Иса Арынғазин, Жантемір Біләлов, түйеші Серік Махатов, Ыбырай Қазиев, ­шопандар Ақберген Абдолов, Сәрсен Сапаев, Нұралы Шеруенов, Мұхси Досқалиев, Шамар Қарақойшиев, Ғибрат Қабдырашиев, Уахит-Хамит Жұмашевтар, Жарас Әбілов және басқалар мал өсірудің майталман шеберлері болғанын мақтаныш етеміз.
Орталығы Қызыл үй болған №2 ферманы табан аудармастан 25 жыл басқарған Хатима Дайырова мен шопандар жеткен жетістіктер бүгінгі және келер ұрпаққа өнеге. Дайырова сол кездегі ең жоғары награда – Ленин орденімен марапатталса, шопан Батан Ыбыраев КСРО Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, ал Шәріп Сыдихов Қазақстанның еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері атанды.
Тарихқа жүгінсек, Қызыл үйдің іргетасының қаланғанына биыл 105 жыл болды. Патша әкімшілігінің нұс­қауымен 1913 жылы осы жерде қызыл саздан басылған тастан кеңсе са­лы­нып, Қызыл үй атауы содан бас­талыпты.
1960-шы жылдардың басында Қызыл үйде ашылған мектептің негізін қалағандар – директор, ұстаз болған Қойтанов Қаженбай, Жүнісов Мұқыш, Мұхитова Хамима, ­Неталиев Мағаз және басқалардың алдынан өткен қаншама шәкірттер арасынан елге қызмет еткен мамандар шықты?! Қазақстан Қарулы Күштері құрылымдарында басшылық лауазымда болған, ауған соғысына қатысқан полковник, Исатай ауданының құрметті азаматы атағын алған ­Мереке Мұханбетов, Алматы қаласындағы «Сардар» баспасының директоры, қаламгер Әділ Қойтанов.
…Шараның өтуіне оралайық. Бағдарламаға сай елді мекенге таза ауыз суын жеткізу үшін өткен жылы су құбырын тарту, су тарату қондырғысы салу үшін құрылыс жұмыстары басталса, осы күні нысандарды пайдалануға беру рәсімі өтті. Аудан әкімі Марат Мурзиев пен облыстың құрметті азаматы Нұржиян Абдолова керме жіпті қиды.
– Ауыл тұрғындары ауыз суды 40 шақырым жердегі округ орталығынан автокөлікпен тасып ішіп келді. ­Жауын-шашынды күндері, қыс кезінде жол қиындығы көп кездесетін. Енді, міне, бәрі артта қалды. Енді ауылды тал – терек отырғызып, көріктендіруге де мүмкіндік туды, – деді аудан басшысы. – Негізгі мектеп шаруашылық әдіспен салынған мектепте оқып келсе, елді мекенде салынып жатқан екі қатарлы 80 орындық мектеп жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Табиғи газ тарту үшін жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда.
Бұдан 55 жыл бұрын, 1963-64 оқу жылында Қызыл үй бастауыш мек­тебінің табалдырығын аттаған шәкірттер ауыл тұрғындарына күт­пеген сыйлық ұсынды, ол – ауылға кіре беріске «Бұл жерде Қызыл үй елді мекенінің іргетасы 1913 жылы қаланған» деп қара гранитке жазылған, биік тұғыр басына найза ілінген стелла-белгіні орнатуы болды.
Жиналған ел бұдан әрі Бәйге төбеге қарай ағылып, 24 шақырымға созылған аламан бәйгені тамашалады. Бәйгеге қосылған 15 сәйгүліктің ішінен суырылып шаруагер Аққуатов Меңдіқұлдың аты мәреге бірінші келді. Нарынды жайлап, мал өсірген Құрасов Саламат пен Нұреденов Мүсілімнің баптаған аттары екінші, үшінші орындарды иеленді.
«Қызыл үй – құтты мекенім» салтанатты жиынында Қызыл үйдің өткен жолы мен алдағы бағдары сөз болып, бір топ ауыл шаруашылығы ардагерлері, шаруа қожалықтарының иелері марапатталды. «Ауыл еңбегі үшін» медалі табысталды. Атакәсіпті меңгеріп, әке жолын жалғастырған шаруагерлерге Құрмет хаты тапсырылды.
«Ән-жырым саған, туған жер!» атты концерттік бағдарламада Мәде­ниет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова өзінің шығарған «Нарыным», «Менің елім» әндерін шыр­қаса, әжелер ансамблінің, «Таң­шолпан» би тобының өнері, Қызыл үй мектебінің оқушыларының құт­тық­тауы, Берікбол Қонаровтың «Тұщықұдық» әні көңілден шықты. Бір ерекшелік шараның демеушілері де, қолдаушылары да ауыл азаматтары болды. Осы шара үстінде жергілікті қаламгер Мұрат Бектеновтың Қызыл үй жайлы кітап дайындап жатқаны да хабардар етілді. Табиғаты ерекше, құмы мен құдығы, аруаналары мен сәйгүліктері өрісте жүрген Қызыл үй жергілікті туризмді дамытуға да сұранып тұр.
Көненің көзіндей, тарихтың өзін­дей болған Қызыл үй елді меке­нін­де өткізілген «Менің ауылым» жобасы ұрпақтар сабақтастығын жалғау, алыс ауылдың бағасын асыру ісіне тағы бір қозғау салуды мақсат етті.

Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,
Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі,Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Атырау облысы
Исатай ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.