Маңғыстау облысы

Күшікбай – құдық. Қарақия ауданы. Антропогидроним.
Кіндікті – құдық, қоныс. Қарақия, Маңғыстау ауд-да. «Су кіндігі – «қазып келе жатқандағы мол су көзінің орны» (Ә.Спан, Ж.Дүйсенбаева, 218). Мағынасы: «мол су көзді құдық».
Кішкенеқұм – қыстау. Мұнайлы ауданы. Атау кішкене (сын есім) және құм (зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы: «көлемі кішкене құмы бар қыстау».
Кішкентай түйесу –тұзды құдық. Түпқараған ауданы. Мағынасы: «суы аз, түйе суарылатын құдық».
Кіштің – аңғар. Түпқараған ауданы. Көнетүркі тілінде кіш- «кіші, кішкентай, аз» деген мағына берген (А.Т.Кайдар, 214). Атаудың мағынасы: «кішкентай аңғар болуы» мүмкін.
Кіші ағашты – бұлақ. Маңғыстау ауданы. Атау кіші (сын есім) және ағашты (сын есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы: «қасында ағаш өскен, суы аздау бұлақ».
Кіші ақмая – Маңғыстау ауданындағы дөң. Атау кіші (сын есім) және ақ (сын есім), мая (зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы: «маяға ұқсас аласалау дөң».
Кіші кеңдірлі – құдық. Қарақия ауданы. Атау кіші (сын есім) және кендірлі (сын есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы: «кіші аңғардан қазылған құдық».
Кіші керт – шатқал. Маңғыстау ауданы. Атау кіші (сын есім) және керт (зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Керт – дөңес жер, тік жар, құлама жар» (Туркм.-русский словарь, 393) деген сөз. Сонда атаудың мағынасы: «кішілеу тік жарлы дөңес жер».
Кішіқаратүйе – құдық. Бейнеу ауданы. Атау кіші (сын есім) және қара (сын есім), түйе (зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы: «суы аз құдық».
Кіші қырғын – қорым. Қарақия ауданы. Атау кіші (сын есім) және қырғын (зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Ел аузындағы деректе, Қырғын аталатын жер, бір жылы қарашешек індетінің отыздың үстіндегі адамды бір түнде алып кетуіне байланысты қойылған» делінеді (М.Нығметуллаев, Т.Кезбаев, 43). Мағынасы: «көлемі шағын қорым».
Кіші сор – қоныс. Бейнеу ауданы. Атау кіші (сын есім) және сор (зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы: «өсімдіктері өте сирек, кішкене тұзды ойпаң».
Кішітеріскенді – құдық. Маңғыстау ауданы. Атау кіші (сын есім) және теріскенді (сын есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы: «теріскен көп өскен жерден кейін қазылған құдық».
Кішішетпе – бұлақ. Маңғыстау ауданы. Атау кіші (сын есім) және шетпе (зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Шетпе атауы жөнінде түрлі этимологиялар қалыптасқан. Мәселен, Е.Қойшыбаев: «шет және аффикс -пе: калың өскен шетен ағашы» десе (Е.Қойшыбаев, 252), Костенко мен Е.Өмірбаев «Ожувут степи» кітабында Шетпе атауы түрікменнің осы аттас тайпасының аты дейді: «…XIII ғасырдан бері осы жерді моңғол шапқыншылығынан ығысқан түрікменнің «шетпе» руы мекендеді (А.Костенко, Е.Өмірбаев, 121). Ал С.Қондыбай: «Шетпе сөзіне дыбыстық өзгеру жағынан ең жақын келетін сөз – «жетімек» атауы. Яғни «жетімек» – «джетмек» – «четпек» – «шетпе (к)» өзгеруі тілдің заңдылығына толық сәйкес келеді» деп көрсетеді. Жергілікті баспасөз беттерінде: «Шетпені ең соңғы мекендеген түрікмендер еді. Әсіресе түрікменнің сегіз арыс Сейілхан дейтін руының тарамдары мекендеген. Ол кезде түрікмендер Шетпені «Чешме» деп атайды екен. Бұл түрікменнің бұлақ көзі деген сөзі» деген мәліметтер кездеседі. Шетпе деп бұлақ та аталады. Шетпе топонимі түрікмендік емес, парсының чешме – «қайнар көз, бұлақ деген сөзінен пайда болған. Атаудың мағынасы: «суы аз қайнар көз, бұлақ».
Кіші шұқыр ой – Маңғыстау ауданы. Атау кіші (сын есім) және шұқыр (зат есім), ой (зат есім) сөздерінің бірігуі аркылы жасалған. Мағынасы: «кішілеу қазылған, ойылған жер».

«Маңғыстау облысының топонимиясы»
кітабы бойынша дайындаған
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.