Ақ халатты абзал жандар еңбегі бағаланды

Маусым айының үшінші жексенбісі ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі ретінде аталып өтіп келеді. Айтулы күнге орай Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында салтанатты жиын өтті. Жиынды ашқан орталық директоры Риза Боранбаева барша дәрігерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Дәрігер болу – ең жауапты да мәртебелі, абыройлы қызмет. Адам­заттың саулығы үшін, әсіресе жас ұрпақтың амандығы үшін алаңдап, дертке шипа іздеп, ауырған жанның көңіліне кірбің түспеу жолында атқарып жүрген олардың еңбектерінің бағасы өлшеусіз. Денсаулық сақ­шы­лары ұрпақ салауаттылығы үшін талмай қызмет атқарып келеді. Орта­лық қызметкерлерінің барлығы өз маман­дығына адал жандар деп білемін. Ұрпақ саулығы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді орталық басшысы.
Салтанатты жиын барысында ден­саулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін бір топ ақ халатты жандар ҚР Ден­саулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хат­тарымен марапатталса, ең үздіктері «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілеріне ие болды.
Атап айтқанда, бар өмірін балалар денсаулығын нығайтуға арнап, 36 жыл­дан бері Педиатрия орталығында қызмет жасап келе жатқан күрделі со­матика бөлімшесінің дәрігер-пульмонологы Татьяна Маршалкина «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, директордың педиатрия жөніндегі орынбасары ­Ляззат Манжуова «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін омырауына тақты. Ал Пульмонология бөлімшесінің мейірбикесі ­Шахинур Мухамеджанова «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды.
ҚР Денсаулық сақтау ісіне қос­қан үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін берілген Құрмет грамоталарымен клиникалық-диагностика бөлімшесінің күндізгі стационар бөлімінің мейірбикесі Света ­Айдарханова, клиникалық-диагностика зертханасының дәрігер зертханашысы Гүлсім Калканова, сүйек кемігін трансплантациялау бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Тулебаева марапатталса, министр­ліктің Алғыс хатымен аферез және гемопоэздік өзектік жасушалардың сапасын ба­қылау зертханасының дәрігер-трансфузиологы Аида Қуанышбаева, ересек жастағы балаларға арналған гематология бөлімшесінің шаруабикесі Кенжегүл Сыбанкулова, Пульмонология бөлімшесінің тазалықшысы-буфетшісі Мехирбан Зайналова марапатталып, ерен еңбектері бағаланды.
Жиында, сондай-ақ Клиникалық-диагностика бөлім­шесінің аға мейірбикесі Курбанбуви Зиямова, пульманология бөлімінің мейірбикесі Айгүл Тлешева, №3 гематология бөлімінің мейірбикесі Ардақ Қабықбаева, жан сақтау бөлімінің мейірбикесі Гүлжан Қалқаева, кардиоревматология бөлімінің мейірбикесі Еңлік Оразбаева арнаулы аталымдар бойынша дипломдармен марапатталып, ерекше сый-құрметке бөленді.
Мереке күні қарсаңында Педиатрия орталығының қызметкерлері, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Бостандық ауданы филиалы мен «Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Алматы филиалының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Бүгінгі таңда қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мем­лекеттік саясатының басым бағыт­тарының бірі болып отыр. Елімізде денсаулық саласын дамыту, балаларға заман талабына сай, қол­жетімді және сапалы медици­налық көмек көрсету жолында бар мүм­кіндіктер жасалынуда. Бұл ретте өзінің өмірі мен қызметін кішкентай нәрестелер мен балалар денсаулығына арнаған Педиатрия орталығының дәрігерлер қауымы өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, Гиппократ антына адалдық танытып келеді.
Адам жанының арашашысы – ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық. Өйткені олар тәулік бойы тыным таппастан адамдарға қызмет етіп, өмір мен өлім тайталасына түскен жандарға, сан мыңдаған сәбилер мен балаларға жаңа өмір, жарық күн сыйлап жүрген жандар.

Смайыл Базарбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.