Мәдениеттану маманын даярлау маңызды

Қазақстан Республикасының Президенті  Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің оқу жүйесіндегі мынадай инновациялық міндетті атап көрсетті: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз Жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелестікке қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады». 

Қойылған міндетті орындау бағы­тын­да әлемге танымал антрополог Алан Бэрнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» атты оқулығы (аударған Ж.Жұмашова) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану және мә­дениеттану кафедрасында ғылыми редакциядан өтіп, биыл баспадан шықты.
Кез келген пәнді жете түсіну үшін оның тарихын білудің маңызы зор. Алан Бэрнард антропология пәнінің қалыптасуындағы көзқарастардың даму тарихын зерттеп, теориялар мен мектептердің шығу тегін талдап, түрлі идеялар төңірегіндегі пікірталасты сараптап, жүйелеген. Бұл оқулық – сол жұмыстың нәтижесі. Кітап мазмұны антропология ғылымының қалыптасу тарихын, ондағы эволюция теориясы туралы тұжырымдарды, диффузионистік және тарихи-мәдени аймақтар теорияларын, функционализм және құрылымды-функционализм, әрекетке негізделген ­теорияларды, процессуалдық және маркстік көзқарастағы зерттеулерді, релятивизм, структурализм мен постструктурализмнің түрлі салаларын және енді ғана қалып­тасып жатқан интерпретациялық және постмодернистік көзқарастарға қатысты тақырып­тарды кеңінен қамтыған. Бұл оқулық антропология тарихы мен теориясын меңгеруге ден қойған студенттер мен жас мамандарға арналған және елімізде мәдениеттану пәнін жетілдіру үшін ауадай қажет.
Қазақстанда оқытылатын мәде­ниет­тану пәнінің негізгі міндеттеріне тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мәдени дамуының дербестігін қамтамасыз ету, ұлттың мәдени сұраныстары мен талаптарын қанағаттандыру саясатын жүргізу жатады. Қазіргі кездегі өркениет қоршаған ортаны, әлеуметтік сипаттағы тұрмыстық жағдайды қайтарымсыз түрде өзгертуде. Осы тұрғыда мәдениет көбінесе қоғамдық жаңару бастауы, шығармашылық өмірді қалыптастыру факторы ретінде көрініс табады. Мәдениетті адамды өзін-өзі жүзеге асыру құралы ретінде қарастыру арқылы, ондағы тарих пен адамға айтарлықтай әсер ететін импульстерді анықтай аламыз. Әлемге танылудың эвристикалық құралы идеология, экономика немесе саясат емес, мәдениет болып табылады.
Мәдениеттану мамандарын дайындау­да жетекші рөл атқаратын антропология курсы өз ішінде әлеуметтік немесе мәдени антропологияны, антропологиялық лингвистиканы, ежелгі археологияны және биологиялық немесе физикалық антропологияны қамтитын пән. Антропология пәнінде теория зор мәнге ие. Ал теория мен тәжірибе өзара тығыз байланысты. Бұл мақалада біз антропологияға қатысты негізгі мәселелерге шолу жасаймыз. Әсіресе түрлі ұлттық дәстүр ықпалымен пәнге берілген анықтамаларға, теория мен этнографияның өзара байла­нысына, синхрондық және диах­рондық тұрғыдан зерттеу­дің айыр­машылықтарына және пән тарихын тарихшылар мен антро­пологтардың қалай қабылдай­тынына мән беріледі.
Мәдениеттану пәні мәдениет философиясы пәнінен шығарылады. Басқа жағдайда, мәдениеттану өркениеттік ықпал негізінде пайда болатын, теория ретінде қаралады және оның пәні цивилиографияға (өркениет философиясы) жақын тұжырымдалады, әдістеме құралы ретінде мәдениет пен өркениет дамуының пайда болуы мен заңдылықтарын зерттейді. Оның өзі кешенді ғылыми пән болып әрекет етеді және әлемдік, отандық мәдениеттің теориясы мен тарихын, әлеуметтік мәдениет­тануды, көркемдік және өнегелі мә­дениеттің теориясын қамтиды.
Қазіргі заманда мәдени антропология мәселелерінің өзектілігі мен ­ау­қымдылығын арттыратын бірнеше мәдени-әлеуметтік факторларды атап өтейік. Алдымен, осы факторлардың арасында ғаламдану үдерісінің рөлі ерекше екендігіне назар аударған жөн. Әлемдік қауым­дастықты құрап отырған ұлттық мемлекеттер мен аймақтардың бір-біріне өзара тәуелділігінің артуы, олардың жалпыға ортақ экономикалық, саяси және мәдени ережелері бар бір жүйеге бірте-бірте тартылуы, интеграциялануы дендеп бара жатқан ғаламданудан (глобализация) тыс қала алмайтынымызды белгілейді. Жаһандану жөніндегі түрлі көзқарастар болса да, күшті ел әлсіз елге басымдық көрсете алмайтын, барша адамзат жатырқамайтын мәдени ғаламдастыру негізінде жергілікті ұлттық дәстүрлер мен ерекшеліктерді сақтай отырып, өзге өркениеттен, өзге мәдениеттен талғап-таңдап, іріктеп, әлемдік мәдениетте лайықты орны бар, біртұтас ұлттық мәдени кеңістік қалыптастырған ләзім. Осыған сәйкес, Қазақстанда мәдени-саяси даму моделіне бағытталған жалпы мемлекеттік саясаттың құралына енетіндер:
— қоғамның жан-жақты дамуының алғы шарты болып табылатын мә­дениет тәуелсіздігін сақтау;
— қоғамның негізгі субъектісі мен объек­тісі ретіндегі адамның жеке тұл­ғалық құндылықтары мен шы­ғармашылық дамуын бағалау және т.б.
Мәдени антропологиялық зерттеулер ұлттық мәдениетті жасаушылардың ментальдік ерекшеліктерін есепке ала отырып, кез келген ұлт мәдениетінің өзіне ғана тән сипатын ашып көрсе­туде қомақты табыстарға жетіп отыр. Мысалы, орыс биінің, аргентин тангосының, негр музыкасының терең ұлттық мәнін осы тамаша рухани дүниелерді өмірге келтірген халықтың ұлттық мінезін ескергенде ғана толық түсінуге мүмкіндік алған болар едік. Мәдениеттанушылардың бұл орайдағы бас­ты мақсаты – дүниежүзілік және ұлттық деңгейдегі тарихи-мәдени процестерді тарихи шындық тұрғы­сынан түсіндіріп қана қоймай, оларды болжай әрі басқара білу. Ең бастысы – мәдениеттану ғылымы мәдениеттің қайнар бұлағынан сусындай білуі қажет. Адамзат баласы өз шешімін таппаған көптеген мәселелерге бел­шесінен батуы қазіргі заманға мәдениеттің көп жағдайларда өз ­бастауын ұмыта бастағанынан да болуы керек. Ендеше, адамзаттың мәдени жаңғыруына мәдениеттану пәнінің қосар үлесі де қомақты екенін де ескерсек, әлі де болса буыны бекімеген жас ғылым саласының болашағы зор болатынына күмән келтіруге болмас.
Қазақстан бүгінгі ғаламдану дәуіріне аяқ басар тұста жаһандану желеуімен кіріп жатқан діндік, ділдік азғындауға ұшырататын көп­теген мәдени өркениеттер шырмауында қалып отыр. Әлеуметтік құрылымдағы, дүниетанымдағы, демек, мәдениеттегі берекесіздік – жас мем­лекеттің жаңа іргетасы қаланып жат­қан кезге тән құбылыс. Бүгінгі таңда басқа да мемлекеттер сияқты мәдени өр­кениеттің аясындағы ұлт дәстүріне негізделген жолмен немесе бұқаралық мәдениеттер үрдісімен жүру сондай-ақ, өзге мәдениеттерге ұқсамайтын ұлттық төл мәдениеттің өзегінен бүгінгі өмір ағымына сай мәдениет үлгісін қалыптастыру жолын таңдау да жан-жағына қарай бастаған тәуелсіз елдің бірден-бір стратегиялық құралы болады.
Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне байланыс­ты. Білім беру саласында «Назарбаев университеті», «Интеллектуалдық мектептер» секілді жобалар ерекше басымдыққа ие болмақ. Ендігі жерде экономикамызды жеделдете жаңғыртып, инновациялық-индустриялдық экономика деңгейіне жеткізу үшін ұлтымыздың әлеуетін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын Алан Бэрнардтың «Антро­пологияның теориясы мен тарихы» оқулығы сияқты білім көздері арқылы интеллектуалды төңкеріс қажет. Сонымен, біз білімді капиталға айналдыру технологиясы арқылы екі бірдей мәселені шешуге болатынын анықтадық. Біріншіден, адами капиталды дамытудың негізгі жолы білім жүйесін жетілдіріп, бәсекеге қабілетті маман дайындай аламыз. Екіншіден, білімді капиталға айналдырудың технологиясы арқылы кәсіпкер маман даярлауға мүмкіндік бар.

Тұрсын Ғабитов,
философия ғылымының
докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.