Күй құдіретін танытты

Елбасымыздың шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, биыл елімізде Ұлттық домбыра күні тұңғыш рет тойланды. Рухани шараға облыс орталықтары да атсалысты.
Бұл күні алматылықтар да қалыс қалмады. Жұртшылық Жібек жолы және Панфилов аллеясына жиналып, мерекелік қойылымды тамашалады. Панфилов аллеясында ұлттық муызкалық аспаптар қойылып, оны шегіне жеткізе орындаған күйшілердің суреттері ілінді. Ал көшенің екінші бөлігінде күйшілер тұрғындарға «Секіртпе», «Ортеке» сынды күйлерді үйретіп, шеберлік сағаттарын көрсетті. Мерекелік шара аясында 100 күйші қатысқан шара ұйымдастырылды.

«Ұлттық домбыра күні» мерекесі сондай-ақ Қызылжар өңірінде кең көлемде атап өтілді. «Рахмет», «Семейный» ірі сауда орталықтарының маңына жиналған жұртшылық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасын қызыға тамашалады. Ал «Абылайхан резиденциясы» мұражай кешеніне келушілер назарына осыдан 300 жыл бұрын жасалып, көненің көзіндей ыстық көрінетін домбыраның тарихы ұсынылды.
Атырау облысы орталығында «Домбыра-ата көзі, баба мұра» атты фестиваль ұйымдастырылды. Фестиваль аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан көрме ұйымдастырылды, оған күй анасы Дина Нүрпейісованың, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровтың, күйші М.Дәулетовтың, Махамбет сыйлығының лауреаты С.Ғаббасовтың, ақын-жазушылар Хамит Ерғалиев, Берқайыр Аманшин, Ақселеу Сейдімбековтің, басқа да күйшілердің домбыралары қойылды.
Семейде 500 адам бір сәтте қосылып, күй тартқан домбыра фестивалінде Құрманғазы мен Динаның, Тәттімбеттің күйлері орындалды. «Киелі домбыра үні» атты көрме ұйымдастырылып, күйшілер арасында «Домбыра-party» сайысы ұйымдастырылды.
Қызылорда облысындағы «Жыраулар үйі» алаңында «Ақ домбыра қолға алып» атты мерекелік шара жоғары деңгейде аталып өтті. Ал қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Ұлттық домбыра күні облыстық білім басқармасы бастамасымен «Жібек жолы» ойын-сауықтыру орталығында болды. Мерекелік іс-шара бағдарламасында домбырашылар ансамблдерінен қазақ күйшілерінің шығармаларынан попурри, термелер, күйлер, трио ансамблдерінен әндер орындалды.
Түркістан облысының орталығында Қ.А.Ясауи кесенесінің алдында «Ұлттық домбыра күні» мерекесінде 1500 домбырашы Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», Түркештің «Көңілашар» күйлерін орындады. Ұлттық дәстүр мен өнерді жаңғыртып, дәріптеуге жол салатын бұл мереке қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесімен бастау алды. Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи кесенесі алдында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестірінің концертімен жалғасып, мерекелік күн «Күй құдіреті» күйшілердің облыстық байқауымен қорытындыланады.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Домбыра – халық мұрасы» атты іс-шара өтті. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әбдімомын Желдібаев пен ҚР Мәдениет қайраткері Аман Малдыбаев бастаған 300-ге жуық домбырашы қатысты. Салтанатты мерекеде Әбдімомын Желдібаевтың халқымызға белгілі «Ерке сылқым» күйі, Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз», Құрманғазының «Балбырауын» күйлері орындалды.
Қостанай қаласының іргесінен ағатын Тобыл өзенінің бір қойнауынан өткен жылы салынып, пайдалануға берген Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы демалыс паркінде Ұлттық домбыра күні мерекесінің құрметіне Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Домбыра-думан» атты концерт өтті. Оған облыс өңіріндегі домбырашылар мен дәстүрлі әншілер, өнер ұжымдары қатысты. Қоңыр домбыраның шанағынан төгілген күй мен күміс көмей әншілердің әні құлақ құрышын қандырды.
Ал Ақмола облысының Біржан сал ауданында «Домбыра» кіші композициясы орнатылды.
Қарағандыдағы кеншілер мәдениеті сарайының алдында Тәттімбет атын­да­ғы академиялық халық аспаптары оркестрі мен «Арқа сазы» фоль­клор­лық ансамблі және қаладағы өнер мектептерінде оқитын жас домбы­ра­шылар өнер көрсетті. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Дүйсен Үкібай дирижерлік етті.
Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында қасиетті қара домбыраға еңселі ескерткіш орнатылды. Биіктігі 7, ені 2 метрлік еңселі ескерткішті семейлік жас мүсінші Нұрбол Қалиев жасап шығыпты. «Ескерткішке тапсырыс аяқ астынан түсті. Қысқа мерзімнің үшінде 3 нұсқасын дайындадық. Соның ішінде киелі емен ағашын жарып шыққан мүсінге таңдау түсті. Қазақ шежіресін де ағаштың тамырындай етіп таратады. Еменді сондықтан таңдадық», — деді ескерткіш авторы.
Батыс Қазақстан облысы Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды күй тарландарының туған жері саналады. Ұлттық домбыра күнінде Орал қаласындағы салтанат Құрманғазы мен Дина ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Одан кейінгі мерекелік шара Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті алаңында жалғасты.
Сонымен қатар, Астана, Қостанай, Семей, Түркістан сияқты бірқатар өңірлерде 1 шілде күні туған нәресте­лерге домбыра сыйға тартылды.
Ұлттық деңгейде өткен Ұлттық домбыра күні жыл с айын жалғасын тауып, қазақтың бренді әлемге әйгілі бола бергей.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.