Голливуд фильмі қазақша сөйледі

Sony pictures студиясы «Монстрлар демалысы – 3» фильмінің алғашқы тұсаукесерінің бірін қазақ тілінде көрсетуге эксклюзивті құқық берді.

Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында «Болашақ» Қауымдастығының Корпоративтік қоры, BI Group, Marwin компаниясы және Sony Pictures студия­сы қазақ көрермендеріне «Монстрлар демалысы – 3» анимациялық фильмін ұсынды. Қазақ тіліне дубляждаған 25-ші туынды әдемі әуенмен әрленіп, жарасымды әзілмен көмкерілген. Негізгі идеясы жақсылық пен отбасылық құндылықтарды насихаттайды.
«Қазақ тіліндегі көрсетілім әлемдік таныстырылымынан бұрын өтті, бұл әлемдік студиялардың бізге деген жоғары сенімін білдіреді. Осылайша, Sony Pictures компаниясы қазақ тілін дамыту және дәріптеу бойынша «Өзіңнен баста» жобасына елеулі қолдау көрсетіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі уақытта «Кинематография туралы» Заң жобасы бойын­ша жұмыстар қарастырылуда, біз жұмыс тобының мүшелері ретінде қазақ тіліндегі сеанстарды кинотеатр­ларда көрермендерге ыңғайлы уақытта көрсетуге ынталандыратын жүйелік ұсыныстар енгіздік. Sony мен «Дисней» сияқты киноиндустрия алыптарының Қордың қазақ тілін дамыту жобасына қолдау көрсеткеніне қуаныштымыз. Осы кезеңде Үкімет пен жұртшылықтың қолдауы біз үшін өте маңызды» деді «Болашақ» Корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова.
Фильмнің қазақ тіліндегі дубля­жының режиссері және мәтінін төсеуші – Айжан Жәмшитова. «Дубляж процесі өте қызықты және әсерлі болды. Аудар­мамен жұмыс істеу барысында Sony Pictures шығармашылық топтың қазақ тіліне еркін аударма жасауына мүмкіндік берді. Осының арқасында қалжың, фразеологизм мен бейнелі тіркестер қазақ тіліне ыңғайланып қолданылды. Біз барынша тырыстық. Мысалы, фильмде Дракуланың «ла-ла-ла» деп әндететін сәті бар, аударма барысында біз қазақ көрерменіне жақсы таныс қазақ халқының «ләй-ләй-ли-хай-ләйлім» деген әуенін қостық» деді А.Жәмшитова.
Басты кейіпкерлер Дракуланы – Нұркен Өтеуілов, Моисаны – Назерке Серікболова, Джонниді Даурен Серғазин дыбыстады.
Айта кетейік, Голливуд фильмдерін қазақ тіліне дубляждау туралы «Өзің­нен баста» жобасы «Болашақ» Қауым­дас­тығының Құрметті мүшесі және «Болашақ» Корпоративтік Қорының төрағасы, Алматы қаласы­ның әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен жүзеге асырылуда.
Фильм киноайналымға қазақ және орыс тілдерінде 12 шілдеден бастап шығады.

Әсел САРҚЫТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Нуржан

    бір фильмді анда санда аударып, жаңалық жасаудың қажеті қанша? бұл барып тұрған сорлылық! тіптен жаңалық жасауға ұялу керек

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.