«Отқарақ» оқырманға жол тартты

Алматыда жас ақын Айнұр Төлеудің «Отқарақ» кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер рәсімін мемлекет және қоғам қайраткері, Орталық Азиядағы халықаралық есірткімен күрес орталығы директорының орынбасары, генерал-майор Әділ Шаяхметов пен «Еңбек ардагері», ақынның ұстазы Орынша Қарабалина жасады.
«Отқарақ – көздің қарашығы. Ал қарашық деген көздің қарасы емес, қараның ішіндегі қарақ. Дүниені көріп тұрған сол – қарақ. Бұл сөз – М.Қашқари сөздігінен тауып алған қазынам. 1074 жылғы жазылған сөздіктен алынды» деген автор сөзінен оның ізденімпаздығы мен өзіне тән ерекшелігі байқалады.
Кітаптың алғашқы бөліміне поэзиялық туындылары, екінші, үшінші бөліміне танымдық-зерттеу мақалалары мен проза жанрындағы жазбалары енген.
Абай атамыздың «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегеніндей, жас ақынның сөзіне жазылған талай әнді елімізге белгілі өнер иелері орындап, тыңдарман көңілінен шығып жүргенін екінің бірі білсе, бірі білмейді. Бұл жолы да танымал сазгер Айгүл Бажанова автордың сөзіне жазылған «Бір тамшы» әнінің тұсауын кесіп, назды да сазды үнімен халықты бірден баурап алды.
Халқына «Отқарақтай» туындысын сыйлап, ашық-жарқын мінезімен еркелеп жүрген алғыр қыз Айнұр Төлеудің алдағы уақытта да биік белесті бағындырарына сенім мол.
Әсерлі әдеби кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжан жүргізді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.