Сақтық шараларына көңіл бөлінді

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қалаға жақын орналасқан таулы орман аумақтарында өрт қауіпсіздігін сақтау, алдын алу шараларына әрдайым назар аударып келеді.
Жақында Департаменттің жеке құрамымен және Іле Алатау мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің өкілдерімен, Алматы ІІБ-нің жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, таулы орман аумағына тексеріс жұмыстары жүргізілді.

Жазғы маусымға орай демалушылар көп келетін Медеу ауданындағы «Тұйық Су» стансасындағы бөгеттен «Қазселденқорғау» ММ дейінгі бекет және «Бутаковка», «Кім Асар», «Просвещенец» шатқалдары; Бостандық ауданында «Үлкен Алматы шатқалы», «Үлкен Алматы өзені» ауданындағы «Алмарасан», «Казачка» шатқалдары; Түрксіб ауданындағы «Баум» бағында өрт қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Таулы орманды аймақтарда өрт тұтануына себепкер болған азаматтар әкімшілік және құқықтық жауапкершілікке тартылатыны ескертіліп, мұқият болуды тапсырды. Тексеріс кезінде үш мыңнан астам ескерту қағазы таратылып, 80 от жағу әрекеті тоқтатылды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған азаматтарға жалпы сомасы 40 АЕК есебімен 9 әкімшілік хаттама толтырылды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қала қонақтары мен тұрғындарға жанған шырпы мен шылым қалдықтарын, жанғыш материалдар мен жанармай құятын бөшкелерді тастамау қажеттігін, сынған шыныны қалдыруға, сонымен қатар от жағуға болмайтынын ескертеді. «Сақтансаң, сақтаймын!» демекші, табиғат аясында ұйымдастырылатын демалыс шараларында өрт және өзге де қауіпсіздікке баса назар аударған жөн.
Сонымен қатар Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кенті «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ «Жетісу» стансасында «Эшелон ұйымдастыру үшін теміржол платформасында инженерлік және арнайы техникаларды тиеу (түсіру) және оларды төтенше жағдайлар аймағына жеткізу кезінде Алматы қаласының азаматтық қорғау басқарма органдарының, күш және құралдардың әрекеті» тақырыбында арнайы тактикалық оқу-жаттығу өтті.
Оқу-жаттығу кезінде теміржол платформасында инженерлік және арнайы техникаларды тиеу, түсіру бағыттары бойынша Алматы қаласының азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі, азаматтық қорғаудың ішкі жүйесі күштерінің және басқарма органдарының дайындығына, азаматтық қорғау қызметі қызметкерлерінің оқуына, тәжірибелік бөлімді пысықтау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға ерекше назар аударылды. Шараға жеке құрамнан жалпы саны 37 қызметкер және Алматы қаласы азаматтық қорғау қызметінен 19 техника жұмылдырылды.

Бағдагүл Мұратқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.