Өзгерістер заманында өмір сүрудеміз

Ер мен әйелді бәсекеге түсірген қоғамның ауаны қалай? 

Соңғы кездері қоғамда адам баласы түсініп болмайтын әртүрлі жағдайлар орын алуда. Кешегі үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болып өскен ұлттың ұрпағы бүгін тас емшегін жібіткен нәрестесін қоқысқа лақтырып, «тасбауыр» анаға, шиеттей баласы-шағасын тастап, өзгенің қойнынан жылу іздеген «қатыгез» әкеге айналды. Үйдің берекесін келтірер ақсақал мен ақ жаулықты аналарымыз қарттар үйін паналауда. Жауапкершіліктен безініп, жеңіл жолмен ақша тапқысы келетіндер, ұрлық-қарлыққа, өтірік уәде мен арзан сөзге бейімдер көбейді. Осы орайда «Қоғамдағы психологиялық ахуалға қандай баға берер едіңіз? Адамдардың психологиясы қандай өзгерістерді басынан кешуде?» деп, еліміздегі бірқатар психолог мамандарға сауал қойған едік. Маман пікірлеріне құлақ түрелік. 

Әбдуәли Мамеділ,
психолог:

– Қазір біздің қоғам үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Бір формациядан екінші формацияға өтіп, дәлірек айтқанда, «өз күніңді өзің көр» қағидасына көштік. Бұған дейін кеңестік кезеңде өмір сүріп, ұжымдық, коллективтік қағидамен жүргендіктен бірден жауапкершілікті мойнымызға алу, жеке басымызға жүктеу қиындық тудырғаны рас. Өйткені біз мұндай жүйеге ешқандай дайындықсыз, аяқасты келген едік. Еліміздегі суицидтің өзге елдерге қарағанда алға шығу себебінің де түп-төркіні осында жатыр.
«Үкімет өлтірмейді», «басшы айтса болды» деген деңгейде қалып қойғандықтан, жаңа қоғамның талаптарына жауап бере алмай қалдық. Тіпті жеке психологтардың жұмысы, әсіресе қазақтілді кәсіби психологтардың білім дәрежесінің төмендігі, психологиялық кабинеттердің жұмысының сапасы сын көтермейтінін көрсетті. Жасөспірімдердің арасындағы қылмыстық оқиғалардың артуы, отбасындағы кикілжіңдер, әртүрлі жағдайдағы өлім-жітімнің көбеюі кәсіби психологтардың жұмысының жандануына өз әсерін тигізгені анық.
Бұл тұрғыда елімізде соңғы он жылда атқарылып жатқан шаруаларды айтуға толық негіз бар. Үкімет, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, қоғамдағы психологиялық ахуалдың дұрыс орнығуына оң әсерін тигізді. Мектептегі психологтардың жұмысының арқасында бүгінде жас буынның психологиялық сауаттылығы артты. Кез келген мәселені психолог маманға жүгіне отырып, оның оң шешілуіне мүдделілік танытып отыр. Бұл елімізде психологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанының көрінісі деп бағалауға болады.
Дәл қазіргі жағдайға келсек, өзіне жауапкершілік ала алмай, бір шешімге келе алмай жүргендердің қатары көп. Көпшілігі кінәні өзінен емес, айналасындағылардан, басшыдан, Үкіметтен іздейді. Шын мәнінде, өзгеден кінә іздеп әлек болғанша, проблеманың барлығын өзінің жеке басынан іздеп, одан шығудың жолдарын қарастырғаны жөн.

Мәншүк Құсайынова,
психология кафедрасының доценті:

– Бұған дейін өмір сүрген кеңес уақытында бірқалыптылық болса, қазір бірқалыптылық жоқ. Бүгінгі заман – нарық заманы. Өтпелі кезеңде мұндай құбылыстардың болуы заңдылық. Оны тарихтан да білеміз.
Өз басым қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға қарап, жастарды кінәлаған пікірлермен келіспеймін. Шындап келгенде, сол жастарға бағыт-бағдар беріп, үлгі көрсете алмаған өзіміз де кінәліміз. Енді бұл тығырықтан шығудың жолдарын қарастыруымыз керек. Менің ойымша, біріншіден, кез келген адамды оның дип­ломына, әлеуметтік жағдайына, шыққан тегіне қарамастан, тұлға ретінде құрмет көрсетуіміз керек. Екіншіден, үлкен-жасы жас шамасына қарамай әрдайым ізденіп, өзін-өзі дамытуы маңызды. Үшіншіден, оқыған оқуын, алған тәрбиесін іс жүзінде іске асыруды үйреткен абзал.
Кейінгі кезде өзге елдің әдебиетін оқып, өзін тұлғамын деп есептеп, әртүрлі қылық шығаратын жастар да көбейіп кетті. Біле білген адамға, тұлға – кез келген адамның жете бермейтін білім деңгейінің көрсеткіші. Абай, Мұқағали және т.б. сөзсіз тұлға. Жастарымыз сондай тұлғалардан үлгі алуы керек.
Қазір бала тәрбиесіне көңіл бөліп, уақыт таппасаң, ертең сен қартайғанда ол баланың саған қарауға да уақыты болмайды. «Мен жақсы адаммын, мен үлгі көрсетіп жүрмін» деп айғайламай, үндемей жүріп-ақ өзіңнің іс-әрекетіңмен үлгі бол. Айналаңдағылар сенен үйренсін. Сонда ғана қоғам дұрысталып, болашағымыз жарқын болатынына мен сенімдімін.

Алмас Жапаров,
психолог:

– Өмірде өзекті мәселе көп. Шеттен енген әртүрлі менталитеттерге қазақтың дәстүрлі менталитеті көп жағдайда төтеп бере алмауда. Оның бірден-бір себебі отбасы институты, ата мен әже тәрбиесі мектептерінің азайып кетуі.
Аға буын, орта буын, жас буын болсын әрқайсысы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара алмай, жеке бастарының қамын күйттеп кеткендей. Тастанды балалар көбейіп, шаңырақтың төрінде отыруы тиіс ақсақалдар қарттар үйін паналауда. Отбасында әке рөлі төмендеді. Айта берсек, осындай себептер көп. Екі адамның басы бірікпейтін жерде отбасы болуы мүмкін емес. Қазіргі отбасылардың ішіндегі бір проблема – ерлі-зайыптылардың арасындағы бәсекелестік. Ер мен әйелдің арасында сыйластық азайып кетті. Бір шаңырақ астында тұрғанымен, әйелі өз құрбыларымен, күйеуі өз жұмысымен дегендей, екі бөлек өмір сүріп жүргендер аз емес. Қыз-келіншектердің арасындағы өзара бәсекелестік те солай, бір-бірінен қалысқысы келмейді. Тіпті «зәулім үйім, қымбат көлігім болса, жазғы демалысты шетелде өткізсем, соңғы үлгіде киініп, қалағанымды ішіп-жесем бақыттымын» деп, бақыттың кілті – байлықта деп есептейтіндердің қатары көбейді. Рухани байлық құлдырап, материалдық жағдай алдыңғы орынға шықты.
Қазақы тәрбиеде үлкенді сыйлап өскен бала ешқашан ата-анасына қарсы келмейтін. Жастардың арасында ата-анасының нұсқауымен жан дүниесі қаламаған оқуға тапсырып, артынан өмір бойы опық жеп, 2-3 ай сайын жұмыс орнын ауыстырып, ақыр аяғында жұмыссыздардың санатын көбейтетіндер бар. Үйленемін немесе тұрмысқа шығамын деп таңдаған жары әке-шешесіне ұнамай жатады. Соңында отбасының берекесі кетіп, жастар ажырасады. Сондықтан маман ретінде айтарым, баланың таңдауына бостандық берілуі тиіс. Қатаң тәртіппен өскен баланың сыртта не істеп жүргенінен көп ата-ана хабарсыз, тіпті немен айналысатынын да білмейді. Осы себепті ата-ана мен жасөспірімнің арасында түсініспеушілік орын алады. Баланың өміріне жеңіл-желпі қарауға болмайды, бір уақ оның жан дүниесімен есептескен жөн. Әр бала өз тағдырына өзі жауапты болуы тиіс. Өмірдің ащы-тұщысын көріп өссе, басынан кешірсе, сонда оның мәнін түсінеді. Өзіне қажетті сабақ алады. Өкініштісі, ата-аналар мұндай мәселенің астарына терең бойлай бермейді. Адам санасын дүние, байлық жаулаған қазіргі заманда баланы рухани тәрбиемен сусындандырып өсіру аса маңызды. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі ғой, сондықтан біздің идеологиямыздың барлығы отбасына қарай бағытталуы керек.

Жанар Оспанова,
психолог-сарапшы:

– Соңғы кездері қоғамда жасөспірімдер арасында бірін-бірі кемсіту, келемеждеу, күлкіге айналдырып, намысына тию секілді жағымсыз қылықтар көбейіп кетті. Бұл – көп жағдайда бейсаналы түрде жүзеге асатын іс-әрекет. Мұндай жағдайда көпшілігі баланы тәртіпке салып, белгілі бір деңгейде шара қолданып жатады. Мәселе балада емес, оның үйінде болып жатқан жағдайда. Сондықтан екі баланың да үйінде не болып жатыр, соған басты назарды аудару керек. Мәселен, психологияда садизм деген ұғым бар, жіліктесек, зорлық-зомбылыққа бейімділік, басқаларды азаптау мен одан рақат алу дегенді білдірді. Бұған қарама-қарсы масохизм ұғымы – бұл қорлауды, зорлық-зомбылықты немесе азаптауды сезіну. Бұл мінез-құлық сипаты немесе мінез-құлықтың ауытқуы болуы да мүмкін.
Енді қараңыз, садист бала үйінде зорлық-зомбылық көріп, оны ұрып-соғып жүрген болса, ол дәл сол әрекетті жанындағыларға қайталап, достарына немесе айналасындағыларға күш көрсетіп, қоқын-лоқы жасауы мүмкін. Ол өзінің іс-әрекеті арқылы, яғни басқаларды азаптау арқылы содан ләззат алады, жаны жай тауып, рақаттанады. Ал келемежге айналып, өзіне көрсетілген күш иесіне қарсы тұра алмай, азаптауды сезінген бала бәлкім үйінде де сондай жағдайды басынан кешіп жүруі мүмкін. Әйтпесе неге біреудің көрсеткен зорлық-зомбылығына шыдап, мазахистің рөлін ойнайды деген ой өзінен-өзі туындайды.
Қарап отырсаңыз, бала тәрбиесінің негізгі ошағы – отбасы. Отбасында алған тәрбиесі баланың өміріне азық болатынын ұмытпауымыз керек. Кезінде 90 жылдары, қайта құру жылдары өмірге келген балалар қазір 25 жастан асты. Психологтың ақыл-кеңесіне жүгінушілер де – дәл қазіргі кезде осы жастар. Олардың басынан өткен қиындықтарын естігенде мұңға батасың.
Қалай десек те, жастардың арасында жұмыссыздық мәселесі де алдыңғы орында тұр. Ұрлық-қарлық, тонап кету, алдап кету секілді жағымсыз қылықтардың артында әлеуметтік жағдай тұрғанын, лажы болса бір-бірімізге мейіріммен қарап, қамқорлық жасап жүргеннің абзал екенін баса айтқым келеді.

Әңгімелескен
Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.