КӨЛЕҢКЕЛІ КӨРІНІСТЕР

АДАМНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Қызық, ә! Соған қарамай бұл – адами-моральдық сауал. Бұлай деп отырған себебіміз, соңғы кездердегі нарық заманының көрінісі адамның қадір-қасиеті жоғалып бара жатқандығын көрсетеді. Бұрын қазақ «ағайынды өкпеге қиса да, өлімге қимайды» деген принципте өмір сүріп, тірлік кешсе, бүгінде ол осы бір қасиетті қағиданы аттап өтетін дәрежеге жетті. Оны күнделікті өмірден, жиі де болса өтіп тұратын сот іс-әрекеттерінен көріп те жүрміз. Кешегі мұз айдынының жұлдызы, жап-жас Денис Теннің кісі қолынан өмірден өтуі де соны меңзейді. Сонда оның өмірінің құны бір айна болғаны ма? Ондай кісі қолынан өмірден өтіп жатқандар қаншама… Оны айтасыз, тіпті өзінің туған ата-анасын «шау тартып, кәрілікке ұрындың, сендерден көрер пайда не?» деген ниет-құлықта қарттар үйіне өткізіп жатқандарды да көзіміз көрді. Көріп те жүр. Егер осындай адами-моральдық тұрғыдағы тыныс-тіршілігіміз нарық заманын желеу етіп, одан әрі жалғаса беретін болса, онда шынында да, адам кұнының қаншалықты екендігін, сондай-ақ қандай дәрежеде екендігін ажырата алмайтын боламыз-ау, сірә!?
Осынау күрделі де арғы жағында тағдыр тұрған тақырыпты тәптіштеп тереңдете айтуымызға жақында «Тастақ» базарында қайыр тілеп отырған қазақ кейуананы көргеніміз себеп болып отыр. Ұлт табиғатында жоқ осынау келеңсіз жай жүрек шымырлатып, көңіл қаузады. Сұрастыра келсек, ол кісі кезінде әртүрлі комсомол-партия қызметтерінде істеген, көзі ашық, көкірегі тұнық жан болып шықты. Оның осындай күйге жетуіне баласы себепкер екен. Өйткені ол еш жерде жұмыс істемей, кемпірдің қайыр тілеп тапқан қаржысына ортақтасып өмір сүреді екен. Кейуана байғұс осынау бір берекетсіз ұлдың сәби кезіндегі қиындығына қанша төзсе, бүгінде ержетіп азамат болғандағы азабына сонша төзіп жүрген көрінеді. Осындайда «Шынында да, адамның құны қанша? Егер ақиқатында да құны болса, шау тартқан ата-анаңды қаншаға бағалар едің?» деген сауал өзінен-өзі туады емес пе?
Алланы ұмытқан жан адамды да ұмытады. Өйткені Жаратқан иеміз үшін жанды-жансыз да басты құндылық болып адам саналады. Адам – ол анаң, Адам – ол әкең, Адам – ол балаң. Ендеше, онсыз мынау жарық дүниені еш көз алдыңа келтіре алмайды екенсің. Біз сол адамды басты құндылық ретінде бағалап жүрміз бе? Оған мемлекет пен Үкіметіміз қалай қарайды? Олар өздерінің азаматтарын елеп-ескеріп жүр ме, жүрсе қаншалықты дәрежеде? Сауалдан соң сауал.
Қаладағы қарттар үйі мен көшедегі қайыр тілеп отырған қазақтың қара кемпірлері мен шалдарының саны қаншама? Соны білеміз бе? Әй, қайдам! Сонда қазақ өзінің қансіңді ата-анасын сыйлаған қадір-қасиетінен шынымен-ақ арылып бара жатқаны ма? Өйткені алып Алматымыздың қай бұрышына барсаңыз да, қайыр тілеп отырған қазақы қара шал мен қара кемпірді, тіпті өзін интеллигент санайтын кейбір ақсақал-қарасақалдарымызды көргенде адам кұнының соншалықты түсіп кеткендігіне неге таңғалмайсың? Бұл қашанға созылады? Бұ да сауал.
Бұрын қарттар үйіне қазақтың қариялары бірді-екілі түссе, енді топ-тобымен келіп жатыр. Бұрын базарлар мен вокзалдарда қазақ қарттарының қайыр тілеп отырғанын көрмесек, бүгінде оларды жиі кездестіреміз. Иә, бұл боямасыз тіршілік!

АРУ АЛМАТЫМЫЗДЫ АЯЛАП ЖҮРМІЗ БЕ?

Осы бір қабырғасынан қойылып отырған сауал мені үнемі мазалайды. Ару қаланың тұрғыны ретінде біздің кез келгеніміз «Менің Алматым» дейтіндей құрметті «мәртебеге» қол жеткізе алдық па? Ал сол бір қасиетті де мақтан етерлік дәрежедегі ұғым-түсінікке дейін көтеріле алсақ, біз Алматымыздың кескін-келбеті мен мазмұн-мағынасына, әсем әсеріне қандай, қалай үлес қосып жүрміз? Алматыны сүйіп, ұнату аз. Оған хадисте айтылғандай, «Тілмен айтқанды ділмен және іс-әрекетімізбен бекітуіміз» керек. Олай ете алмасақ, біздің Алматыны сүйіп, ұнатамын дегендеріміз бос сөз ғана.
Біздің осынау бір сөзді мұншама тәптіштеп, таратып айтып жатқанымыз төмендегідей жағдайға байланысты болып отыр. Әңгіменің ашығына келсек, біздің Алматыны сүйіп, ұнататындығымыз со бір хадистегі сөзге маңайламай жүр. Сөз бен діл, іс-әрекет бір-бірімен астасып жатпаған тұстан жауапкершіліксіздік пен немқұрайдылық басталады. Шынында да, біз, алматылықтар ару қаламыздың көрігі де әсем болуына жауапкершілікпен қарамаймыз. Яғни қаланың көркі пен әсемдігіне деген немқұрайдылығымыз ұшан-теңіз. Әйтпесе, Алматы қаласындағы көшелер түзеліп, шағын аудандардағы балалардың ойын-алаңдары жөнделіп жаңа кескін-келбетке көшіп жатыр.
Біз ару Алматымызды аяла-сақ, үйіміздегі қоқыс-қойырт-пақтарымызды арнаулы жерге апарып, өзіміз тұрып жатқан үйдің кіре-берісіне немесе бұрышына тас­тай салмас едік. Енді осынау бір көріністі көз алдарыңызға келтіріп көріңіздер. Сондай-ақ автокөлікте кетіп бара жатып тартқан темекіміздің тұқылын терезеден көшеге лақтыра салатынымыз тағы бар. Оған ішіп бара жатқан сусынның ыдысын қоса лақтыратынымызды қоссаңыз, онда көше қоқысының қаншалықты болатынын көз алдыңызға елестете беріңіз. Оны айтасыз, қаламыздағы бақша-бауларда отырып тастап кеткен шөлмек-шыныларымыз қаншама? Сонымен бірге көшеге былшылдатып түкіріп те, қақырып та жүргендермен бірге, тартқан темекісін өзі тұратын үй терезесінен немесе қызмет орнынан лақтырып жатқандарды қандай жандарға қосамыз? Мәдениет қайда? Міне, осының бәрін қосқанда біздің, алматылықтардың ару қаламыздың әсем де көрікті, таза болуына қосып жүрген үлесіміз шамалы-ау деп
ойлаймын.
Жалпы, қала тазалығы мен көріктілігі тек әкімге немесе әкімшілікке, одан бері тарта айтқанда ПИК-ке ғана байланысты емес, олар сонымен бірге бізге, алматылықтарға да байланысты. Егер, біз, алматылықтар өз мақсат-міндетімізді, Алматыға деген сүйіспеншілігімізді тілмен айтқандай іс-әрекетімізбен көрсете білсек, онда сол әкімнен де, әкімшіліктен де, ПИК-тен де талап етуге құқымыз бар. Яғни Алматының тыныс-тіршілігі, көрік-тазалығы біздің парасат-пайымымызға да байланысты.

КЕЗБЕ МЫСЫҚ, БҰРАЛҚЫ ИТТЕР…

Не екенін қайдам, алып Алматы көшелерінде қаңғып жүрген кезбе мысық, бұралқы иттерді көргенде жүрек шымырлап, көңіл құлазиды. Және олардың бірді-екілі емес, топ-тобымен жүретінін қайтерсіз. Оларды көшеде қоқыс-қорым кезіп, үйсіз-күйсіз жүрген, қоғамға да, мемлекетке де, отбасына да масыл, әрі пайдасы тимей жүрген қаңғыбастармен салыстыруға әбден болатын шығар. Ұйлығып, үйірімен өсіп-өрген олардың жалпы саны ару қаламызда қанша екенін ешкім білмейді, біле алмайдыда-ау, сірә.
Осы кезбе мысық пен бұралқы иттердің кейде автокөліктер астына түсіп, көшеде өліп жатқанын көргенде есіме Есениннің:
– И зверье, как братьев наших
меньших,
Никогда не бил по голове, – деген жолдары түседі. Түседі де, мен сол көшеде жатқан кезбе мысық, бұралқы иттерді аямаймын (аяғанда амал не), солардың басынан сипап адамдық аяушылық танытпаған екі аяқты жандарды мүсіркеймін. Өйткені о шіркіндер де адамдардағыдай сана-сезім жоқ болғанмен де, адамдарға деген айтарлықтай бір сезімнің Алла құдіретімен ерекше жаралғанын жақсы білемін. О баста мысықты да, итті де үй хайуаны ретінде әлпештеп, басынан сипап бағып-қаққан да өзіміз емес пе едік. Әйтпесе, итті жеті қазынаның бірі көріп, жаңа алған үйге алдымен мысықты неге кіргіземіз? «Ал Сіз ше? Со адамдар қатарына жатпайсыз ба?» деймін мен іштей әлгі ит пен мысықты аямай басып өткен белгісіз де тасбауыр әрі безбүйрек қатыгезге.
Шынында да, бүгінде алып Алматымыздың қай бұрышына, қай бір шағын ауданына барыңыз, алдыңыздан со бір кезбе мысық пен бұралқы ит үйірлері қаптап шығады. Бұларды бір кезде әлдебір, әлдеқандай адамдар өз еріктерімен немесе балаларының сұраныс талап-тілектерімен асырап алғандары белгілі. Міне, осыдан кейін «Көше қаңғытып жіберетіндей, олардың бастарына не күн туды?» деген заңды сұрақ көңіл қаузап, сана жейді. Егер асыраған мысығыңды немесе итіңді қаңғытып жіберіп, олардың бірін кезбе, екіншісін бұралқы айуанға айналдырып жіберетін болсаң, о баста оларды асырап алудың керегі не еді? Олар көшеде қанша жататынынан хабарым жоқ. Бірақ қалаға әртүрлі ауру тарататынын анық білемін. Сосын беймезгіл қоқыс төгуге шыққан жандарды қауып алып, қан қақсатқан иттер қаншама? Одан жұққан аурудың өзі қаншама. «Сонда Алматыдағы эпидемиялық орталықтар қайда қарап отыр?» деген ой да қылаң ұрады.
Алматыда кезбе мысық пен бұралқы иттерді ұстап, белгілі бір мақсат-мүдде үшін пайдаланатын ұйымдардың бар екенін білемін. Бірақ олардың қала тазалығы үшін қаншалықты жұмыс істеп жүргеніне көз жеткізе алмаймын. Міне, осындай біреуге елеусіз көрінгенімен, өзінің туған қаласын жақсы көретін патриот азаматтар үшін бұл бейжай қарайтын жағдай емес. Өйткені қайыр сұрап жүрген адамдар мен кезбе мысық, бұралқы иттер қала сәнін кетіріп, көрген кісінің көңіліне қаяу салады.

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.