Жарымжан жарнамалар, мәнсіз мәтіндер…

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

«Тіл сақшысы» айдары басталғалы бері хабарласып, болмаса жолығып қалғанда қай жерден қандай қате көргенін айтатын тіл жанашырлары көбейді. Бүгінгі шығарылымда Алматы қаласының көшелерінен көзіміз шалған сауатсыз мәтіндер туралы айтамыз.

Бір қызығы һәм өкініштісі, Алматыда қате жазылған сөздерді іздеу көп әуре-салсаңға салмайды. Тіпті іздеудің де қажеті жоқ. «Жолы болар жігіттің» алдынан шыққан жеңгесі сияқты, өздері-ақ мен мұндалап тұрады. Мәселен, газет редакциясы орналасқан ғимараттан шыққан бойда-ақ, Абай көшесіне бұрыла бергенде «Қазақстан – Жапон инновациялық орталыгы» деген мәтін көзімізге оттай басылды. Бұл – аграрлық білім мен ғылымның көшбасшысы – Қазақ ұлттық аграрлық университетінің баннері. Оқу орнының дәл алдына қойылған. Білдей бір ЖОО үшін ұят. Оның үстіне – ұлттық университет. Әрине, оны бүкіл ұжым бірігіп жазбағаны белгілі. Десек те, оған тапсырыс берген һәм қабылдап алған адамдар неге тексеріп алмаған? Бір оқып шықпады деу нанымсыз…

Өткенде бір журналист танысымыз «Меломан» кітап дүкенінен де осындай әріптік қате көрген екен. Қызметкерлеріне ескертіп кетіпті. Соның қаперге алынған-алынбағанын тексеруге бардық. Құнттамаған. Дүние жүзі тарихының кітаптары жиналған сөренің маңдайшасында әлі сол «Дүние жүзу тарихы» жазылып тұр. Қазақшаға шорқақ біреу оны суда жүзу тарихы деп ұқса, таңғалмаймыз. Бір ғана әріп өз орнында тұрмаса, мағына өзгеріп кетеді емес пе? Ертедегі «Ұлы Сталин» дегенді «Улы Сталин» болып кеткен мысал көбімізге таныс болар… «Жүре берсең, көре бересің» деген осы екен. Жалпы мұндай әріптік қате қала көшелерінде өте жиі кездеседі. Абай – Саин көшелерінің қиылысындағы «Алматы – менің сұйікті қалам», Абай – Тұрғыт Өзал маңайындағы «Лесная сказка» демалыс аймағының «Бірге болу – бакыт» деген жарнамасы, қоғамдық көліктердегі «Қауіпсіздік салмақ», «Жалпы сйымдылық»…

 Қайталану жиілігі жағынан сауатсыз аудармалар да әріптік қателерден кем түспейді. Мысалы, Алматы метросының өрт шыққан жағдайда эвакуциялау туралы ақпаратына назар салыңыз: «Сайран» бекетінің платформадан деңгейінен өрт және төтенше жағдай (ТЖ) кезіндегі эвакуациялау жоспары». «Платформадан деңгейінен» деген дұрыс емес. Себебі өрт платформадан шыға ма, әлде деңгейінен бе? «Платформа деңгейінен», тіпті «платформасынан» болуы керек. Сонда сөйлем «Сайран» бекетінің платформасынан өрт шыққанда және төтенше жағдай кезінде эвакуациялау жоспары» болады.

 Жалпы, мұндай қателердің, әсіресе, көпшіліктің қарасы көп болатын жерлерде кездесуі жанға батады. Алматының Көлсай деген көз тартатын туристік аймағы бар. Оған қысы-жазы ағылатын турис­тер көп. Ара-тұра шетелдіктерді де кездестіресіз. Сондағы мына бір мәтінге зер салыңыз: «Өтінеміз, тазалықты сақтауды ұмытпаңыздар: қоқысты арнайы жәшікке тастау». Орысшасы «Пожалуйста, не забывайте соблюдать чистоту: мусор складывать в специальные урны». Байқасаңыз, орыс тілінде тыйым сөздер мен бұйрық райлы сөздердің көбі инфинитив түрінде болады: «не курить», «не шуметь», «просим говорить тише», т.б. Ал оларды онлайн аудармашылар тұйық райлы етістік қылып аударады. Көлсайдың ақпараттық тақтасындағы аударма да солай: «складывать» – «тастау». Негізі «тастаңыздар» болуы керек еді. Сонымен бірге қазақ тілінде септік жалғаулары кейде жасырын тұрады. Сол себепті «тазалықты сақтау» емес, «тазалық сақтау» деп жазған жөн.


Тағы бір аударма Moskva metropolitan ойын-сауық орталығын-дағы KFC жедел тамақтану аймағында көзімізге түсті. Онда тамаққа тапсырыс беру үшін «тапсырыс алу» деген жерге, тапсырысыңызды алу үшін «тапсырыс беру» деген жерге барасыз. Шатасып кеттіңіз бе? Қысқасы, «заказ» дегенді «тапсырыс алу», «выдача»-ны «тапсырыс беру» деп аударған. Ол келушілерге емес, сол жердегі қызметкерлерге арнап жазылғандай. Себебі тапсырысты алатын да, беретін де солар. Бірақ тапсырысты бірінші береді, кейін алады. Сол себепті екі жазудың орнын алмастыру керек-ақ. Әйтпесе, қазақшасына қарағандар керісінше тұрып алады. Кейін оның қате екенін біліп, екінші келгенде «заказ»-дың айналасына тізілетін болады.


Біздің оқырмандарымыздың, жалпы қаланың қазақтілді тұрғындары-ның көңіліне тиіп жүрген тағы бір мәселе – мекенжайлардың жазылуы. Бір ғана Абай көшесінің бойындағы ғимараттардың мекенжай жазылған тақтасында «Абай көшесі»-нің орнына «Абая» деп жазылып тұрады: «Aria project» тіл үйрету орталығы «Абая 26А», «Олимп» букмекерлік кеңсесі «Абая 65А», әуе-темір жол кассасы «Абая 157А»… Негізі, қаладағы барлық сыртқы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың ҚР «Тіл туралы» Заңның талаптарына сай болуын қалалық Тілдерді дамыту басқармасы қадағалауы керек. Алматы қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 4/1160 қаулысымен бекітілген ережеде солай деп жазылған. Алайда басқармаға қарасты Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбеттің айтуынша, сыртқы жарнамалардағы қатемен күресуге арнайы заңның болмауы қол байлау болып отыр екен. Алайда, бұл негізгі себеп болмаса керек. Сонда заң жоқ екен деп қаптаған қателерге жол беріп отыра береміз бе?

Бақыт ҚАЛЫМБЕТ,
Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы:

Бұл мәселенің түбі өте тереңде. Оның бірінші себебі қателерді мемлекеттік тұрғыда реттейтін ешқандай нормативтік-құқықтық негіздеме жоқ. Мысалы, біз бір жарнамадан қате көрсек, оны жіберген мекемені жауапқа тартуымыз керек. Бірақ бұл жағдайда қандай заңды негізге аламыз? «Тіл туралы» Заңда ілінген жарнама қазақ және орыс тілінде болуы керек, қай тілдегі мәтін қай жерде орналасуы керек екені ғана жазылған. Ал орфографиялық, стилистикалық, грамматикалық қателер туралы ешқандай бап жоқ. Мәселенің бәрі осында. Сот, прокуратура, қала әкімдігі ешкімді дәл осы мәселе үшін жауапқа тарта алмайды. Қате жібергендер, керісінше, ол туралы қай заңда, қандай норма бар екенін көрсетуді талап етіп шығады. Мұндай жағдай бірнеше рет болған. Қолданыстағы тіл туралы заңнаманың осындай әлсіз тұстары көп. Жарнама жасаушылар соны пайдаланады. «Ең бастысы заңда көрсетілгендей жарнаманың қазақ тіліндегі мәтіні бар, оң немесе жоғары жағына орналастырылған, орыс тіліндегі мәтін қарпімен бірдей» дейді.
Екінші себебі, жарнаманы дайындаушылардың барлығы – орыстілді мамандар. Оны жасатып отырған кісілер ешқашан қазақтілді маманды жұмысқа алмайды. Қазақ тіліндегі мәтінді қазақша біледі-ау деген адамға аударта салады. Яғни аударма ісіне кәсіби мамандар тартылмайды. Айналып келгенде, бұл да бірінші себепке байланысты. Заң жүзінде талап етілмеген соң, ешкім де қазақтілді мәтіннің сапасына бас қатырмайды.
Алматы қаласында ілінетін жарнамалардың сызбаларын Тілдерді дамыту басқармасына тексертіп, келісімін алу тәртібі орнатылған. Яғни бізге бекітуге алып келген жарнамаларда қате болса, түзетеміз. Бұл – күнделікті жасалып жатқан жұмыс. Осы жерде тағы бір мәселе бар. Жарнаманы орналастыру «Алматыжарнама» және Сәулет және қала құрылысы басқармасы мекемелері арқылы жүзеге асырылады. Ол – белгілі бір көлемде, белгілі бір мерзімге қаржы төленіп жасалатын шаруа. Сондықтан мерзімі біткен жарнамаларды алмастырғанда, бағандары бос тұрмауы үшін, әлі құжаты ресімделіп жатқан жарнаманы орналастыру жағдайлары да кездеседі.
Бір қарағанда, жарнамалардағы қателермен ешкім жұмыс істемейтін сияқты көрінеді. Бірақ қанша жұмыс жасалып жатыр. Басқарманың тапсырысымен қала көшелеріне орналастырылған жарнамаларға апта сайын мониторинг жасалып, қатесі барлары суретке түсіріліп отырады. Ол суреттер қатесі көрсетіліп, өз кезегінде түзету туралы ескерту хатпен тиісті орындарға жолданады. Осы жерде тағы да жарнама мәтініндегі қатені реттейтін заңдық норма болмағандықтан, қате мәтінмен ілулі тұрған жарнаманы ешкім алып тастай алмайды. Тек келесі жолы назарға алуы мүмкін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.