Шетел ғалымдарымен кездесті

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен  «Тіл мәселесі – рухани жаңғырудың негізі» атты лингвистикалық семинар өтті.  Аталмыш семинарға ҚХР Орталық ұлттар университеті  аз санды ұлттар филологиясы қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің профессорлары Жаң Диңжиң мен Мей Доң Сия және докторант Уи Ди, сондай-ақ Ирандағы Алламе Табатаби университетіне қарасты Түркология бөлімінің басшысы Бехруз Бекбабайы, Массачусетс штаты Кембридж қаласы Гарвард университетінің докторанты Алекс Уарбуртон қатысты. 

Қазақ тілінің латын негізді әліпбиге ауысуы бүкіл әлемнің назарында тұрғаны белгілі. Сондықтан Қазақстандағы аталмыш реформаның сәтті өтуіне қолдау білдіріп, қол ұшын беруге келген шетелдіктердің атбасын бұрған мекемесі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты болды. «Латын негізді әліпби – бұл дүниежүзінің халықтары бет бұрып отырған тиімді әліпби» деп шынайы пікірлерін білдірген шетелдік қонақтар әліпби ауыстыру үдерісін сырттай бақылап жүретінін айта келіп, әліпбидің қазақ тілінің барлық дыбыстарын таңбалауға, жазылу мүмкіндіктеріне икемді болуы маңызды екенін ескертіп өтті.
ҚХР Орталық ұлттар университетінің профессорлары Жаң Диңжиң мен Мей Доң Сия түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінің ерекшелігіне тоқтала келіп, қытайдағы қазақ диаспорасында қазақтың төл тілі бұзылмай сақталып отырғанын ұлттың тіліне, дәстүріне берік болуымен байланыс­тырды. Әлемдік қазақ диаспорасының ұлт тұтастырушылық қасиеті бар екеніне тәнті болып, оны ерекше атап жүретінін айтты. Қазақ тілі мен мәдениетін жетік білетін қытайлық азамат Шыңжаңдағы қандастарды да осы жүйеге көшіру қажет деп санайды. Сондай-ақ Шыңжаңдағы қазақтар арасында қазақ фольклорлық ауыз әдебиетінің мол қоры сақталғанын, бұл құнды дүниелер қазірге дейін 100-ден аса том-том болып басылып шыққанын қазақ халқының мәдениетіне, тіліне берік екендігімен түсіндірді.
Қытайдағы қазақтардың тілі ондағы диалектілік, аймақтық құбылыстар-дың молдығы әрі күрделілігімен ерекшеленетінін, сол ерекшеліктер Қазақстандағы қазақтар тілінде кездес-пейтінін, яғни ұмытыла бастағанын, оны қайта жаңғыртып, сөздік қорға қосу қажеттілігін айтты.
ҚХР Орталық ұлттар университетінің профессорлары латын негізді әліпби – әлемдік қауымдастықпен біте қайнасуға басты жол болатынын былайша түсіндірді: «Латын әліпбиін қолдану арқылы, көптеген тілдерді тез түсіну мүмкіндігі туады. Мүмкін, біз сіздердің тілдеріңізді аудармашысыз ұға бастайтын боламыз. Бұл келешек ұрпақ үшін жасалған өте пайдалы, игі бастама» деді.
Ирандағы Алламе Табатаби универ-ситетіне қарасты Түркология бөлімінің басшысы Бехруз Бекбабайы латын қарпіне көшу мәселесінде еліміздің дұрыс жол таңдап алғанына және бұл істе жетістікке жететіндігіне сенімді екенін білдірді. Қазақстанның латын негізді әліпбиге көшкен түркітілдес мемлекет-тердің оң тәжірибесіне сүйене отырып, маңызды шаруаны абыроймен атқаратындығына үмітпен қарайтынын атап өтті. Бехруз Бекбабайы өз еліндегі түркітілдес халықтардың мәдениеті мен тілін зерттеумен айналысатынын, соның ішінде Ирандағы қазақ диаспорасы тілінің ерекшелігін, тазалығын айта отырып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін оқытатын мамандық ашуды жоспарымен тәжірибе алу мақсатында келгенін ашық айтты. Ирандық түркологтің бұл игі бастамасын қолдап, бірлесе жұмыс істеу бағыттары талқыланды. Иран қазақтары парсылармен, түрікмендермен тығыз қарым-қатынаста болған. Соның нәтижесінде бұл өлке қазақтары біраз тілдік, этнографиялық ерекшеліктерге ие болғанын зерттеп жүрген жас түркітанушы ғалымдар келген түрколог ғалымдармен түркі тілдерінің тарихы, жазуы туралы пікір алысты. Әсіресе жазу тарихында латын негізді әліпби кезеңдері болған тың деректерді бірлесе зерттеуге ниет білдірді.
Гарвард университетінің докторанты Алекс Уарбуртон – қазақ тілін өз еркімен үйреніп, қазақ тілін зерттеуге қызығып келген ерікті. Дегенмен, қазақ тілінің қалыптасуын, даму тарихын, тілдің лингвистикалық құрылымы мен сөздік қорындағы, жазу тарихындағы өзгерістерді анықтау үшін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына келіп, ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп жүргенін ерекше мақтанышпен жеткізді. Америкалық азаматтың қазақ тіліне деген қызығушылығы Қазақстандағы әліпби реформасынан туындаған екен. Оның айтуынша: «Латын негізді әліпбиге ауысу үдерісін көруге, оны бақылауға деген қызығушылық қазақ тілін тануға септігін тигізді. Қазақстанға келгеннен кейін тіл үйрену мәжбүрлігі туды». Алекс қазақ тілін жеңіл үйренгенін және қазақ халқының мейірімді, қонақжай, сабырлы қасиеттерімен ерекшеленетініне тоқталды.
Түркі тілдерін зерттеуші шетел ғалымдарына Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атынан сертификаттар берілді, Алғыс хатпен марапатталды.
Қазақстанның ұлттық тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлетінін, рухани жаңғыру үдерісінің қоғам үшін қажет екенін, соның аясында маңызды реформа жүргізіліп жатқанын бағалаған шетелдік ғалымдар мол тәжірибе алып жатқанын жасырмай ашық айтты. Демек, Қазақстанның рухани жаңғыру бағытындағы игі бастамалар ешбір елдің қоғамдық-саяси өмірінде қайталанбаған тың өзгеріс болғандықтан дүниежүзінің назарына, қызығушылығына ілінгенін атап өткеніміз дұрыс.

Айгүл Әмірбекова,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.