АЛАШТЫҢ АҚ ОРДАСЫ

Бақтияр ҚАБАСОВ,
республикалық «Рухани жаңғыру»
журналының бас редакторы

Жуырда бір отырыста болдым. Жеңіс мерекесінің қарсаңы болатын. Әңгімеміз Ұлы Отан соғысы жайында өрбіді. Әрине, көзімізбен көрмесек те, көңілге түйгенімізді, аталардан естігенімізді, тарихта жазылған деректер бойынша бүгінгі жастардың, Құдай бетін ары қылсын, сондай бір алмағайып уақыт бола қалса, әп-сәтте бордай езіліп қалуы мүмкін-ау деген үрейдің бар екенін айтып жаттық. Тәуелсіздіктің арқасында ешбір қиыншылықтың жоқ екеніне де тәубе дестік. Жеткен жетістігіміздің шаш-етектен екенін сөз еттік. Арқа төсіндегі айшықты Астанамыздың күн санап көркейіп отырғанын мақтаныш сезімі кеудемізді керней отырып айттық. Аз уақыттың ішінде көркіне көз тояр келбетіне сүйсіндік. Бір кезде ортамыздағы бір азамат «Тәуелсіздік алып, шалқып отырғанымыз шамалы ғой. Одан да Германияның құрамында болғанда бүгінде немістермен бірге бай-ы-ы-ып отырар едік» дегені. Төбеден жай түскендей әсер етті. Құдай-ау, тәуелсіздіктің қадірін, мәртебесін, қасиетін бағаламайтын жан да болады екен-ау…

Жер бетінде қасіреттен көзашпаған екі ел болса, соның бірі – Қазақ елі. Тарихта аты аталғаннан ат үстінен түспеген, азулымен айқасып, қарулымен шайқасқан, ғасырлар бойы азап шеккен еліміз ертеңі үшін еңсе түсірмеді. Ұрпағы үшін ұрыстан қашпады. Ұлан-ғайыр даланы аманаттау үшін арып-ашып күн кешті. Сонау ХV ғасырда Жетісу өлкесінде құрылған қазақ хандығының да басынан қара бұлт үйірілуден жалықпады. Бірақ сол кездегі бабалардың ерлігі ел мәртебесін асқақ етіп, төрткүл дүниеге ҚАЗАҚ деген атты әйгілей түсті. Тарихын танытып, тасқа қашады. Үлкен және кіші сұлтандар бірлесіп Қозыбасы тауының маңынан Шар қаласын салдырды. Қала Шу өзенінің жоғары жағында қазіргі Қырғызстан жерінде орналасқан болатын. Осылайша, Қазақ хандығы Орта Азиядағы алғашқы ұлттық мемлекет болды. Сол себепті Шар қаласы Қазақ хандығының алғашқы табан тіреп, толыққанды мемлекет болып қалыптасуына негіз болған бірінші мекен, яғни бас ордасы, қазіргі тілмен айтқанда астанасы еді.
Жаңа құрылып қалыптаса бастаған мемлекетке алғашқы уақытта іргесін тіктеп алу мақсатында қажет болған Шар қаласы уақытша мекен болып құпия сақталды. Әбден ірге бекітіп елдік құрылымға көтерілген соң Керей мен Жәнібек хандар «Қазақ» мемлекетін құрып, Астанасын «Созақ» деп жариялады. Осыдан соң қазақ хандығы іргесін бекемдеп, біртұтас мемлекетке айнала бастады. Дегенмен, әр қапталдан көз алартып, айылын жимаған азулы елдер әлсін-әлсін шабуылдармен ес жидырмай отырды. Тарихта қалған сол шайқастар тек еліміздің бірлігі мен тұтастығының арқасында ғана ойрандалып отырды. Орыстың отары болғанда да озбырлықтан ада болмады. Ана тілінен, ата дінінен, мәуелі мәдениетінен, әуезді әні мен әдебиетінен, дәстүрі мен салтынан айырылудың аз-ақ алдында қалды. Алаш арыстары аттандап, қазақтың ұйқысын ашқанша, аждаһа оларды аранына алып ұрды. Одан соң Отан үшін тағы да оғландар оққа ұшты. Желтоқсанда да жалынды жастар жасындай жарқылдады. Қазақтың намысын, өршілдігін, бойында қайсарлықтың табы бар, қазақ деген рухты елдің қаны бар екенін аңғартты.
Тәуелсіздік – осындай құрбандықтар мен бәйгеге тігілген баспен келді, қан боп аққан жаспен келді. Ендеше, кей кезде сол Азаттықтың құнын көк тиынға татырмай әркі-тәркі сөйлеуіміз арсыздықтың нышаны болса керек. Өйткені тарих қатпарларында талай ғасырды ақтаратын қазақ даласының ашылмаған сырлары көп. Біз білетін тарихта дархан даланың төсінде қырандай еркін қалықтап, тұлпардай тұяқ тоздырған, ұрпаққа алып даланы аманаттау үшін жағадан шапқан жаумен шайқасып, уақыт оздырған бабалардың ерлігі кезең-кезеңімен өсіп келе жатқан ұрпақтардың құлағына жетері анық. Сол аманат етіп қалдырған даламыздың әр пұшпағыдағы тарихи деректер бүгінімізге, болашағымызға бағдар, өткенімізге сабақ. Соның ішінде бас қаламыздың орны ерекше.
Біздің дәуіріміздің ХІ-ХІІІ ғасырларында Арқада қыпшақ тайпалары көшіп-қонып жүргендігі белгілі. Осылайша, өткен ғасырда археологтар Ақмола жерінен көне қаланың орнын тапты. Қалашық өз заманында гүлденіп, Жібек жолы бойындағы сауда орталықтарының біріне айналғандығы белгілі болды. Бозақ деп аталатын бұл мекен сонау қыпшақ билеушілерінің елордасы болған дейді зерттеушілер. Демек, Елбасымыздың Астана орнын Арқа төсінен таңдауы кездейсоқтық емес. Қойнауы тарихқа толы қазақ даласының тарихын болжап, болашақты түйген көрегендікпен таңдау осы мекенге түсіп отыр. Сонау 1996 жылы Ақмола қаласын астана жасаймыз дегенде қоғамның басым бөлігі күмәнмен қарағандығы жасырын емес. Аязы темір үгіткен, саясы желді жүгірткен, «масасы қойдай тулаған, бақасы қойдай шулаған», ұсқыны кетіңкіреп тұрған көне қаланы қайтадан қалыпқа келтіріп, еңселі Елордаға айналдыру дегенді дүйім жұрт тіптен де көз алдына елестете алмағандығы мәлім. Алайда, 1998 жылы Тәуелсіз Қазақстан Көшбасшысы жаңа әрі жас қала – Ақмолаға азан шақырып, ат қойып, Астананың атын бүкіл әлемге көрсетуге тәуекел етті. Етек жеңін қамтып, енді ғана ес жиып келе жатқан егемен елдің бірегей ұлдары Қазақ елінің ертеңі үшін аянбай тер төгіп, барын салып еңбек етті. Арқаның Абылай аспас Сарыбелінің аязы да сына бастады. Жыл, ай, күн, тіпті сағаттар сырғып өткен сайын бас қала ажарына кіріп, көркіне көрік қоса бастады. Ешкімнің ойына кірмеген ғимараттар бой көтеріп, айбынды Астана жарық жұлдыздай жарқырады. Астанамыз әр күні жылға татитын, әр жылы ғасырға тең қарқынмен дамудың даңғыл жолына түсті. Шет мемлекеттен келетіндер ғана емес, қазақстандықтардың өзі тамашалап тауыса алмайтын көркі көз тартар орындар бой көтерді. Тамашалаушылар ертегі әлеміне кіргендей күй кешті.
«Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» дегендей, Елбасының батыл қадамы мен сарабдал саясатының арқасында абыройы асқақтаған бас қаламыздың дәрежесі бүгінгі таңда дүниежүзіндегі астаналармен тең десек артық айтпаймыз. Жаңа әрі озық үлгідегі тамаша тұрғын үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараты, гүлзарлары мен субұрқақтары, әсем монументтері, ескерткіштері бар Есіл жағасындағы еңселі қала бейне бір қауыз жарып келе жатқан өсімдік тәрізді. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде бой көтерген шағын қалашықты айтсаңызшы! Ол қауыз жарған өсімдіктің Сарыарқа төсіндегі жеке дара жап-жасыл жазирасындай. Жыл сайын құлпырып, түрленіп тұратын Астананың сәулет ажарында ұдайы жаңа өрнектердің пайда болып тұратыны тағы бар. Әрдайым өзгеше бір тың бояулармен көркемделуде. Сол сияқты жас қалаға жапырағын жайып, бас қаланың басты символына айналған «Бәйтерек», ескіден сыр шертетін «Хан Шатыр», Ұлы Жібек жолын еске салатын «Керуен» сарайы Астананың сәнін келтірген інжу-маржан, Есілдің жағалауына әр берген гауһар моншақ іспетті. Ал мұндай көрікті қаланың дамыған мемлекеттер Германияның астанасы Берлиннен, Ұлыбританияның астанасы Лондоннан, Американың астанасы Вашингтоннан, тіпті көрші жатқан Қытайдың астанасы Пекиннен, Ресейдің астанасы Мәскеуден қай жері кем? Керісінше, артықшылығын таппасаңыз, кемшілігін іздей алмайсыз. Францияның астанасы Парижде тұрған «Эйфель» мұнарасының бас қаламыздағы Бәйтеректен асқан тарихы жоқ шығар, сірә. Сондықтан да дүниежүзіне зиялылық нұрын төгетін Астана тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның, әлемнің сәулетті қаласына айналып отырған ғажайып шаһар. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырдың ішінде-ақ әлемнің үздік елдерінің қатарына қосылса, Астанамыз 20 жылдың ішінде таңғаларлықтай түлеп, әлемге Қазақстанның әлеуетті мемлекет екендігін дәлелдеді. Әлемде бір ғана қаласымен бір мемлекетті танытқан Қазақстандай ел жоқ.
Аққу қанат елордамыз ежелгі Есіл бойында қанатын кеңге жайып, сәулетті де сәнді ордаға айналуы тектен-тек емес. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, іргетасы қаланғанына елу жыл емес, жиырмаға енді аяқ басып отырған тәуелсіз еліміздің жүрегі саналатын бағаналы ордамыз әлем назарында. Жан-жағымыздағы бауырлас елдермен қатар, өзіміз қазіргі уақытта тереземізді теңестірген «мүйізі қарағайдай» ірі мемлекеттер де астанамызға көз тігуде. Мұндай қуатты мемлекеттерді назарға қарату жас Ота­нымыз үшін зор жетістік. Кішкентай қаладан алып арман қалаға айналған шаһарымызды әлем мойындамаса да, мойындаса да қазақ халқының тарихының жаңа парағы, рухани дүниесінің есігі – Астана.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулеттік ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасымен өз елін шексіз мақтан тұтатын көп ұлтты халқы бар әсем де мейірлі Астанамыз, міне, осындай…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.