Тойымыздан ойымыз озық болсын

«Бар десең оңаласың, жоқ десең жоғаласың» дейтін қазақ бар жиған-тергенін тойға шашқанды жақсы көреді. Жиған-тергені жоқ болса немесе жетпей тұрса несие алып той жасауға қысылмайтын халықпыз. Жаз-күз мезгілдері той маусымы болғандықтан, осы уақытта үйлену тойы көп жоспарланады. Ал той жасаймын десеңіз, мейрамхана-тойханалар жеткілікті. Бұлардың саны қанша екенін ешкім санап жатқан жоқ. Талғамыңыз бен қалтаңызға қарай таңдай аласыз, саны да, сапасы да жетерлік. Мұның өзі біздің халықтың «той дегенде қу бас домалайдының» дәлелі. Реті келіп тұрғанда «Бүгінде қазақтың тойы қалай өтіп  жүр?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Қазақстанның шағын қаласында 100-120 кісілік шағын той жасау үшін (той малын есепке алмағанда) 1 млн. теңге керек екен. Ал үйлену тойын Алматы немесе Астана қалаларында өткізу бұл бағадан әлдеқайда қымбат. Той дастарқанының ең төменгі бағасы адам басына 10-15 мың теңгеден 60-70 мыңға дейін барады. Бұдан бөлек тіркеуге тұру, шақыру билеттерін әзірлеу, залды безендіру, той дастарқаны, асаба мен әншілерді, фотограф пен операторды есептеңіз. Өйткені мұны қалтаңыздағы қаражатқа бай­ланысты өзіңіз таңдайсыз. Мәселен, асабалардың қызметі 300 000 теңгеден басталып, одан ары жоғарылай береді. Қалыңдық көйлегін жалға алу 100-120 мың болса, сатып алу үшін тағы 2-3 есе төлейсіз. «Киітсіз той ұят» деген түсінікпен екі жақтың арасында жүретін «кезекші» маталар мен шапандарды есепке алыңыз. Алмасатын алтындар мен қоржын, тойбас­тар, кәкүр-шүкірдің өзіне миллион теңгеге жуық бөлек ақшаңыз болуы керек. Сонымен, Алматыда орта деңгейдегі той жасау үшін кем дегенде 5-7 миллион теңге көлемінде қаржы керек секілді. Ал дәл осы қаржыға Шымкентте 5, Өскемен мен Оралда 3, Ақтауда 2 той ұйымдастыра аласыз.
Той – халықтың қазынасы. Қазақ мол дастарқан жасайды, мол­шы­лықты қалайды. Деген­мен, бүгінде осы тақырыпты қозғап жүрген кез келген қалам иесі, эт­нограф мамандар, ең алдымен, той мәзірін түзеуімізді сұрап жүр. Бүгінгі тойла­ры­мыздағыдай аста-төк тамақтың да сұрауы, бос ысырап болуы бұған дейін де сөз болған. Әлі жыры бітпейтін мәселе болса керек. Мамандарға сөз берейік.

Марат ТОҚАШБАЕВ, қаламгер:

–Қазақтың тойында, дастарқанында доза деген нәрсе болуы керек. Кез келген нәрсе дәрі, оның бір дозасы ем жасайды, көп дозасы у жасайды. Әр нәрсенің мөлшері болуы керек. Мен өз басым қазіргі аста-төк дастарқанымызды ашаршылықтың синдромы деймін. Халқымыз ашаршылық кезеңді бастан өткергеннен кейін оның салдары 20-25 жылға дейін созылды. Содан кейін соғыс болды, сосын шаруашылықты қалпына келтіру, колхоздастыру кезеңдері болды, бұл жағдайдың барлығы қазақтың дастарқанының мол болуына мүмкіндік бермеді. 1960 жылдардың ортасында, халықтың тұрмысы түзеле бастаған кезде дастарқанды мол қып жасайық, ашаршы­лықтан шыққан халыққа беретініміз көп болсын, дастарқанымыз мол екенін көріп, риза болсын деген оймен дастарқанға қоймайтын нәрсенің бәрін қояды. Мысалы, дастарқанға жемістерді, тамақтар мен тәттілерді, шайды қабаттастырады. Ал қазақтың төл дәстүрлері сақталған Қытайдағы, Түркиядағы, басқа шетелдегі қазақтың тойларының дастарқанында аста-төк тамақ болмайды. Дастарқан үсті бос тұрады. Қалағаныңызша, аз-аздан әкеледі, есесіне сіздің талғамыңызға сай. Енді қазақтың дастарқанын дозамен (мөлшермен) жүргізуді үйрету керек. Тамақты өте мол қоюдан қашу керек. Сағат кешкі 5-ке деп шақырған тойға, жұрт 7-8-де жиналып, той 8-9-да басталды. Тамақтар алдын ала дайындалады, салаттардың көпшілігінде майонез болады. Ал осыдан кейін тамақтардың сапасы сын көтермейді деп той иесіне де, тойхана қызметкеріне де айта алмай, іштен тынып қайтамыз. 

Бабақұмар ХИНАЯТ, этнограф:

– Жемейтін, жеуге жарамайтын ас-тағам­ның барлығын үйіп-төгіп дастарқан­ның үстіне қоюдың молшылыққа қандай қатысы бар? Бұл сонау орта ғасырдың жоқшылық заманындағы ұғым ғой. Мысалы, Еуропада той дастарқанының мәзірін өзіңіз қалағандай жасап береді. Сіздің алдыңызға бес түрлі салат, он түрлі дәмді тағам «жесең же, жемесең қой» демейді. Бізде қай тойға барсаңыз да сол ысырап, қалың консерванттар, сол шөптер. Олардың сапасы, қайдан шыққаны белгісіз. Санитарлық-гигиеналық жағынан сай келе ме, жоқ па, ешкімнің шаруасы жоқ. Қазақтың ұғымы үстелдің үстін толтырып қою. Бұл ХХІ ғасырда мәдениетке, өркениетке жатпайтын нәрсе. Той иесі «тойға сізді шақырамыз, қандай тамақ жейсіз, нені қалайсыз, мынадай-мынадай мүмкіндік бар» деп алдын ала айтсын. Қазір аста да, ақшада да, адамда да, мәдениетте де құн жоқ. Осындай бір дарақылыққа, даңғазалыққа жол беріліп жүр. Тойға адам қарын тойғызу үшін емес, жақсы ниетін білдіру, көңіл көтеру, тәлім-өнеге алу, ахуалды сезіну, тағылым алу үшін барады.
Той – халықтың қуанышы, бақыты. Барын тойға сақтайды, тойға шашады. Бірақ жақындарымыздың қуанышын бөлісуге келгенде неге асықпаймыз? Асқа кешікпесек те, тойға кешігіп барамыз. Неге? Бұл сұрақтың жауабын іздегенде ең бірінші белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіптің «өз бақытына кешігетін ұлттың келешегі бола ма?» деген сөзі ойға оралып отыр. Этнограф Бабақұмар Хинаяттың айтуынша, қазір жұрт тойға барғысы келмейді екен. Өйткені дарақылық, сол ас мәзір, сол сөз, сол ән, сол би, бәрі жаттанды дүние. «Бүгінде тек тойдың иесінен ұят болмасын деген оймен төбе көрсетуге ғана баратынымыз жасырын емес. Той – қазақ қоғамының, қазақ халқының рухани-мәдени деңгейінің көрсеткіші. Ал мұнда неше түрлі мәнсіз-мағынасыз әндер, билер. Қазақ ел болам десе, тойын түзеу керек. Тойдың мәнін, бағдарламасын, мәзірін, айтылар сөзін, жөндеуіміз керек» дейді этнограф.
Тойдың асабасы – халықтық мінбер. Бірқатар тойларда күлдірем деп бүлдіріп жүрген асабаларды көріп жүрміз. Асабалардың өзі ұлттық дәстүрімізді, мәдениетімізді жақсы білуі керек. Осы орайда тойдың жаңа форматтары туралы ұсыныс жасап жүрген қаламгер Марат Тоқашбаев Мәдениет министрлігі асабалықты қолға алатын курстарды ұйымдастыруы керек деген пікірді айтады. «Сонда той жүргізуге лицензия алған адамдарға рұқсат беруі керек, өзінің жұмысы, қызметі ретінде салық төлейтін болуы керек. Бұл да ұсақ-түйек көрінгенімен, үлкен мәселе» дейді қаламгер. Ал асаба Болатбек Оразбаев асаба таңдауда той иелерінің өздері қателеспеуін сұрайды. Той иесі той басқарғанын өз көзімен көрген асабаны емес, желіден видеоларын көріп, бағасы арзандауын таңдауға тырысады. Ал жүктелген видеолардың тек әсерлі жерлері монтаждалып алынатынын ескермейді. Оның айтуынша, көп той дұрыс өтіп жүрген жоқ. Салт-дәстүрлерді орынсыз қолданып жүргендер де бар. Мәселен, қыз ұзатуда жасалу керек салттар үйлену тойында, үйлену тойында айтылу керек әңгімелер кейде қыз ұзатуда кездесіп қалады. Тойдың жақсы өтуі асабаға да тікелей байланысты екені рас. «Мысалы, ұзату той болса, ұзатылып бара жатқан қыздың мойнында қандай жүк барын айту, миын ашыту емес, әзіл-ойын ретінде. Қазір интерактивті тақталар көп қой, жайлап, сыналап болса да қыздың санасына сіңіру керек. Егер дұрысырақ асаба таңдаса, асабаға уақытты көбірек қалдыру керек. Бәрінің айтатыны бір тілек, қайталайтыны бір сөз. Қайталанған жерде жалығу болады, жалыққан жерде тойдың берекесі де кетеді» дейді ол.

Болатбек ОРАЗБАЕВ, асаба:

–Қазақтың тойына қатысты мынадай нәрселерді қосқым келеді: дәстүрлі әншілерді көбірек шақырсақ, ұлттық ойындар ойналса деймін. Ұлттық ойындардың да тойдың форматына келетін, оның ішінде де сақина салу, сұрақ-жауап… Орнынан көп тұрғыза бермейтіндей ойын­дар көп қой. Халыққа да салмақ түспейтіндей, елдің алдында ұятты боп қалмайтындай ойындар болса. Сосын қазір беташарда түскен ақшаны «келіннің алғашқы табысы» деп келіннің өзіне береді. Мен бұған қарсымын. Бұл қазақтың бұрынғы дәстүрінде де, салтында да болмаған. Баяғы ақындарға бет аштырған кезде астына ат мінгізіп, шапанын жауып, құрметтеп шығарып салған. Қазіргі уақытта келінді келген жерімен таныстырып, көрсеткеннің көрімдігінің өтеуі ретінде «ақынның таңдай сөзі – маңдай тері» деп, келінге түскен көрімдікті ақынның өзіне беру керек. Өз қаржысын өзіне беру деген сөз, бұл – келіннің сәлемін сатып алумен тең. Сондықтан да осы мәселеге жұртшылық түсіністікпен қараса деген тілегім бар.

Түйін:
«Мақтаншақ бекер мал шашпақ» деген. Бәсеке, жарыс, дарақылыққа салынып, «пәленшенің тойынан кем болмасын» деп қарызданып, несиеге той жасауға асықпайық. Қазақтың тойында ескерілетін ең маңызды нәрсе – екі жастың бақыты. Ақ некені көпке жария ету үшін қалың қауымды қатыстыру міндетті емес шығар. Тағы бір айтарымыз, екі жастың бақытын несиеге теліп қоймасақ дейміз. «Тойдың басы гу-гу, ортасы ду-ду, аяғы у-шу» деп Қадыр Мырза Әлі ақын айтқандай, думандатқан тойыңыз біткен соң, үйленген жұптың некесі несиенің соңында «у-шуға» ұласқаны кімге керек?
Той жақсы ойға жетелесін. Той жарыстырғанша, ой жарыстырайық, ағайын.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.